Президентке болашақ кеңсесі таныстырылды

1313
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Астанадағы «Жасыл квартал» тұрғын үй кешеніне барып, қалада жайлы өмір сүруге мүмкіндік туғызатын экологиялық шешімдермен танысты. «Жасыл квартал» экологиялық құрылыс талаптарына сай салынған. Бұл – LEED жүйесі бойынша халықаралық сертификаттаудан өтуші Қазақстандағы алғашқы жоба екен.

Осында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қа­зақтелеком» және «Қазпошта» акцио­нерлік қоғамдары көрсететін жаңа қызмет түрлерінің жұмысы таныстырылды.
Мәселен, «Қазпошта» Елбасы назарына «болашақтың кеңсесін» ұсынды. Атап айтқанда, «цифрлық кеңсе» гибридті банкоматтардан, «электрондық кассирден», почтаматтан және сәлемдеме жөнелтілім­дері супермаркетінен тұрады. Сондай-ақ дрондар мен post.kz мүмкіндіктері паш етілді. Мұның сыртында пошта қызметі е-сommerce жүйесін белсенді дамытып жатқаны баяндалды. Нәтижесінде, елімізде электронды сауда-саттық былтырғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға өсіпті.
«Қазпошта» басшысы С.Сәрсеновтың айтуынша, биылғы жыл соңына дейін ұлттық пошта қызметінің бөлімшелерінде биометриялық бақылауы бар 6 «цифрлық кеңсе» орнатылады. Бұл кеңселер бан­коматтың стандартты функциялары сыр­тында, видеокеңесші, мобильді әмиян қызметтерін көрсетеді, карточкалар береді, валютаны айырбастайды. 1 «цифрлық кеңсе» бір өзі тұтас пошта байланысы бөлімшесін алмастыра алатындығы мә­лімделді. Таныстыру кезеңінде бұл кеңсені екі қызметкер бақылап, клиенттерді оны пайдалануға үйрететін көрінеді. Кейін олар аптасына 7 күн және тәулік бойы «өзіне-өзі қызмет көрсету» форматында қызмет көрсетуге көшіріледі.
Аудандық пошта бөлімшелерінде «электрондық кассирлер» орнатылмақ. Ауылдардағы кәсіпкерлерге қолайлы. Мысалы, астықты сатқаннан кейін қаладағы банк бөлімшесіне бармай-ақ, түсімді «электронды кассир» арқылы сондағы өз есепшотына аудара алады. Бұл «кассир» бір жолғы қызмет көрсетуде 100 миллион теңгеге дейін қабылдай алатын көрінеді. Оның үстіне келіп түскен түсімді қолма-қол қаржы түрінде де беру мүмкіндігі қарастырылыпты. «Қазпошта» бұл ке­шен­нің автономды режимде, инкас­сациямен ақша толтырусыз, 4-5 ай жұмыс жасай алатынына сендіреді.
Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*