Елбасы жаңа вокзалды аралады

Астанада екінші темір жол вокзалы пайда болды. Кеше ел Президенті «Нұрлы жол» аталған жаңа темір жол вокзалы кешенін аралап көрді.
Мемлекет басшысына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қ.Алпыспаев жолаушылар жүрдек пойыздары қозғалысын дамыту бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ «Вокзал кешені құрылысын қамтитын Астана теміржол торабын дамыту» жобасының орындалу барысы туралы баяндады. «Астананың темір жол стансасы еліміздің барлық өңірлерін ең қысқа жолдармен байланыстырды. Осының арқасында жүк және жолаушылар тасымалын үлкен көлемде қамтамасыз ететін ірі көліктік-логистикалық хаб құрылды» деді ҚТЖ басшысы.
Қазақстан Президенті инфрақұрылымдық нысанды аралап көру барысында ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
– Санаулы күндерден соң, «ЭКСПО – 2017» көрмесі ашылады. Осыған орай бүгін елорданың жаңа нысандарын аралап көрдім. Бұл жаңа құрылыстар – Астананың мақтанышы. Бүкіл Еуропа мен Азияны түгелге жуық қамтитын жаңа әуе бағдарлары пайда болуда. Жаңа нысандар бас қаламыздың жаңа келбетін айшықтайды. «Нұрлы жол» вокзалы – бірегей нысан, посткеңестік кеңістікте мұндай вокзал жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астанадан еліміздің барлық өңіріне жоғары жылдамдықпен жеткізетін «Тальго» пойыздарының жүре бастағанын «жақсы жаңалық» деп бағалады. Осы арқылы Қазақстанның барлық өңірлері өзара жүрдек пойыздармен байланыстырылуда. Бұл ретте Елбасы инфрақұрылым және көлік саласындағы дамуымыздың қарқын ала түскенін атап өтті.
– Осының барлығы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалуда. Бұл жобалар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа терминалды іске қосу арқасында әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі жылына үш миллионнан сегіз миллион адамға дейін артады. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің барлық қонақтары Астанаға осы жаңа нысандар арқылы келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Вокзал кешені – жалпы алаңы 126 мың шаршы метр болатын алты деңгейлі ғимарат. Оған пойыздарды қабылдап-жөнелтетін алты жол жалғасады. Бір қызығы, жолаушыларды пойызға отырғызу мен түсіру мұнда вокзалдың үшінші қабаты арқылы жүргізіледі: сол қабатта перрон орналасқан. Нәтижесінде, жолаушылар үскірік аяз бен жауын-шашыннан қорғалады.
Вокзал жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқару мен бақылаудың заманауи озық интеллектуалдық жүйелерімен жабдықталған. Ол болашақта тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсетпек. Әзірше өткізу қуаттылығы 24 мың адамды құрайтын көрінеді. Жаңа вокзал негізінен ақырғы стансасы Астана болып табылатын пойыздарды қабылдамақ.
«Қазақстан темір жолы» жаңа вокзалдың алғашқы пойыздарды 1 маусымнан бастап қабылдауға кірісетінін, барлық бағыттар мен пойыздар кестесі бекітілгенін мәлімдеді. Жолаушылар жаңа вокзалдан отыратындарын билеттерді сатып алу кезінде ақпараттандырылатын көрінеді.