Тұғырың биікте тұр, жан ана!

1812
0
Бөлісу:

31 мамыр қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алматыда Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Қарағайлы» саябағында 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, репрессия мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жастар қатысты.

Ескерткіштің шымылдығын түрген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек монумент тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылғанын атап өтіп, бұл датаның маңы­зына тоқталды. «Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті Алматыда да ашқалы отырмыз. Елбасы­ның тікелей тапсырмасына сәйкес, өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы маман­дардың талқылауына ұсынылды. Аста­надағы мемлекеттік комиссияның ұйға­рымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана – барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті – ел қасіреті. Аштық­тан бұратылған болашағын – өз сәбиін құшақтаған ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні – өткен­дер рухына тағзым, ал болашақ үшін – тағылым» деді Бауыржан Байбек.
Осыдан ширек ғасыр бұрын осы жерге «1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылады» деген белгітас қойылған болатын. Биіктігі 3 метр, қола мен граниттен жасалған ескерткішті сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаев жасады. Мүсін авторлары оның мән-мағынасы хақында бұл аштықтан бұра­тыл­ған сәбиіне қорған бола алмай, қан жылаған ана жүрегі екенін, ал көзі жұмулы баланың анасын құшақтауға тіпті әлі де жоқ, ана табанының астында бос төңке­рілген қазан жатқаны – сол қайғы-қасі­ретті тереңнен жеткізгенін айтты. Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин азалы күннің ел өмірінде алатын орнына баса мән беріп, арнау өлеңін оқыды:
«…Естімейін деп едім…
Көнер емес.
Мың сан аруақ аспаннан төнер елес.
Ащы дауыс санамды қақыратып,
Ай астында – қасірет, шегер егес.
Жұлқып бойды бір ашу ала бөтен,
Елестеді жұт жылғы дала-мекен.
Бітеу жара…
Шер-шемен…
Ұлы қайғы…
Қайтіп сені өзіммен ала кетем?!»

Талас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Баласын бауырына басып тұрған ананың бейнесі өте әсерлі шыққан. Сол заманның қайғы-қасіретін бір бейнемен айшықтап тұр. Дегенмен кез келген монументте тарихи білім, дерек болуы керек. Себебі, онсыз оның құны да болмайды. Мәселен, ескерткіштің артына граниттен үлкен қабырға жасап, ашар­шылық құрбандары мен босқындардың санын жазса игі. Бола­шақта ескерткіш кеңейтіледі деп ойлай­мын. Жас ұрпақты тәрбиелейтін, нақты деректер жазылады деп сенемін. Бұлай деп отырғаным, әрбір адам ескерткішті бір көргеннен оның мазмұнын, айтар ойын ұғынғаны абзал.
Қазақ халқының басынан небір зұлмат замандар өтті. Әрбір қасіретті бейнелейтін композиция нақты деректермен бірге берілгені жөн. Бүгінгі өскелең ұрпақтың интернет пен компьютерге байланғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл күннің маңызын арттырып, жастар санасына тарихи тағылымды сіңіру үшін осы ескерткіш маңында зиялы қауым бас қосқан үлкен тарихи, мәдени шараларды ұйымдастырып отырса құба-құп.
1931-1933 жылғы ашаршылық толы­ғымен зерттеліп бітті. Қынжылатарлығы, кәсіби тарихшыларымыздың осы зерт­теулерімен көпшілік те, студенттер де жақ­сы таныс емес. Тарихымызды өзі­мізге өзі­міз таныта алмай отырғанымыз – ой­лан­тарлық дүние. Келешекте тари­хы­мызды өзге тілдерге аударып, шет ел­дерге таныту үшін әуелі өзімізге ұлықтаудың маңызы зор екенін ұғынсақ игі.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*