Ақпараттық қолдауға мән беріледі

1258
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады.

Мемлекет басшысымен кездесуде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдына қойылған міндет­тердің орындалуы жөнінде есеп берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың бірқатар бағыты бойынша сапалы ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Біріншіден, ақпарат құралдарында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуы барысын көрсету керек. Екіншіден, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын орындау жұмысын насихаттауды күшейту қажет. Мысалы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қы­тайдың «Жаңа Жібек жолы» страте­гиясының ұштасуының оң аспектілері туралы әңгімелеп беруге болар еді. Инфрақұрылымдық даму аясында бірінші жылы – 1600 шақырым, ал былтыр 900 шақырым жол салынды. Мен ол туралы бірнеше рет айттым. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында бұл факт жария етілмеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін ақпараттық тұрғыда көр­сетудің өзектілігіне тоқталып, ел өңіріндегі инфрақұры­лымдық жобалардың іске асырылуын БАҚ-та жария ету қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі ережелерін жүзеге асыру үдерісіне ақпараттық тұрғыдан кеңінен қолдау көрсету қажеттігіне назар аударды.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Қазақстан Президентіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жоба­сының іске асырылуы және қоғамдық сананы жаңғыртудың барлық бағыты бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарының жүргізілу барысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы кездесу қоры­тындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*