Назарбаев университеті түлектерін ұшырды

1356
0
Бөлісу:

Назарбаев университеті – әлемдік білім беру орталықтарының үлгісімен құрылған еліміздің маңдайалды ғылым ордасы. Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындары да халықаралық деңгейде танылып үлгерген Назарбаев университетіне қарап бой түзейді және оның тәжірибелерін қабылдайды. Алғашқы интеллектуалдық-инновациялық кластер де Астанада, осы университет қабырғасында қалыптастырылуда. Өткен сенбіде оның түлектерінің диплом тапсыру рәсіміне Елбасының өзі қатысты. 

Бұл салтанатқа студент жастар, олар­дың ата-аналары, университеттің Қам­қор­шылық кеңесінің өкілдері мен оқытушылар қатысты.
Мемлекет басшысы Назарбаев уни­вер­ситетінің түлектерін осы айтулы күн­мен құт­­тықтап, олардың бүгінгі табысына сту­дент­тер мен ұстаздардың, универ­ситеттің Қам­қоршылық кеңесі мен бар­лық қызмет­кер­лерінің бірлескен күш-жігерінің арқ­а­сын­да қол жеткізіліп отыр­ғанын атап өтті.
Елбасы өз сөзінде Назарбаев уни­вер­си­тетін «Тәуелсіздік жылдары елімізде табысты ж­ү­зеге асқан жобалардың бірі» деп атады.
– Көктемнің осы шуақты күні қуа­ныш­ты сәт­пен – диплом алған жас мамандардың кә­сіби еңбек жолын бас­тауымен тұспа-тұс ке­ліп отыр. Бүгін университеттің 737 түлегі оқу­ды аяқтады. Оқу орнының тарихында біз тұң­ғыш рет 9 ғылым докторын даярлап шы­ғардық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев университет дип­ломына ие болғандардың еңбек на­рығында бә­секеге қабілеттілігі жоғары екеніне назар ау­дарды.
Елбасының ата-тегі берілген бұл универ­си­­тетке жыл сайын 10 мыңнан астам тү­лек құжаттарын тапсырады екен, со­ның ішінен ғылым ордасы «жетістіктері бар, бәсекеге қабілетті, білімі терең» 400-500-дей ғана шәкіртті таңдап, іріктеп алады.
Нұрсұлтан Назарбаев қабылдау үшін өт­кізілетін іріктеудің әділдік пен ашық­тық қағи­даттарына негізделетінін қадап айтты.
– Университет пен зияткерлік мектеп­тер­дің есігі дарынды, еңбекқор және бі­лімге құш­тар жастар үшін әрқашан ашық. Оқу ор­нына түсу, білім саласында жетіс­тікке жету жо­лында әділеттілік сақталады және ол еш­қандай субъективті фак­тор­ларға тәуелді емес, – деді Мемлекет бас­шысы.
Оның мәліметінше, мұнда білім алып жат­қан студенттер саны бүгінде 4 мыңға жет­ті. Елбасы «болашақта олардың саны екі есе артатынын» хабарлады. Білім беру нары­ғында жаһандық бәсекенің күшейіп келе жат­қанын айтып, таяу және алыс шетел­дер­ден студенттер мен жас ғалымдарды көбірек тарту қажеттігін қаперге салды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев уни­верситеттің халықаралық байланыс­тар ая­сын кеңейту және оны жаһандық акаде­мия­лық ортамен интеграциялау туралы айт­ты.
– Әлемнің 100-ден астам білім беру және ғы­лыми орталықтарымен серіктестік орна­тылды. Назарбаев университеті Азия уни­вер­ситеттері альянсының тең құрылтайшысы бол­ды. Альянсқа Қытай, Гонконг, Үндістан, Ин­донезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Ма­лайзия, Сингапурдің және тағы басқа ел­дердің жетекші жоғары оқу орындары кірген. Біз­дің университет халықаралық байланыс­тар аясын одан әрі кеңейтіп, әріптестердің озық тәжірибесін қабылдай отырып, өзінің бірегейлігін де сақтауы керек, – деді Мемле­кет басшысы.
Сондай-ақ ел Президенті осы университет тә­жірибесін еліміздегі бүкіл жоғары білім беру жүйесі көлемінде қолданудың маңыз­ды­­­лығын атап өтті. «Отандық жоғары оқу орын­дарының басқарушылары мен оқыту­шы­лары осында білімін жетілдіріп, алған үздік тәжірибе мен меңгерген машығын өз оқу орындарына енгізулері керек» деді Елба­сы.
Мемлекет басшысы «Болашақ» бағ­дар­ла­масы бойынша жастарды осы Назарбаев уни­верситетінде оқуға да жіберуді ұсынды. Бұл ретте «Болашақ» стипендиаттарына қо­мақ­ты шәкіртақы берілетіні белгілі.
– Назарбаев университеті – жаңа жаһан­дық жағдайдағы сын-қатерлерге деген біздің стра­тегиялық жауабымыз. «Болашақ» бағдар­ла­масына бөлінетін қаржының бір бөлігін осы университетте оқытуға жұмсайтын кез келді. Нарыққа өз идеялары мен техноло­гия­ларын ұсынатын жас ғалымдарға ақыл-кеңес, бастапқы капитал, кеңсе, маркетингтік және заңгерлік көмек түріндегі кешенді қолдау ж­а­салуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы университеттің бір­қатар ғылыми жобалары мен стартаптарын іс­ке асыруына көмектесу қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында ай­тылған табысқа жетудің басты талаптары тура­лы ойларын түлектердің есіне салды.
– Қазіргі заман – ертеректе оқыған-то­қы­ғанын көңіліне тоқ санамайтын, жаңа бі­лім алуға қабілетті, жаңа өзгерістерге бейім, зерт­теушілер мен инвесторлардың тілінде сөй­лей алатын адамның заманы. Міне, осын­дай жанның ұпайы түгел болады. Мен өмір­лік тәжірибеме сүйеніп, азаматтарымыздың жаңа дәуірде нақты қасиеттерге ие болуы қажет екендігіне көзімді жеткіздім. Ең алды­мен, бәсекеге қабілетті болу қажет. Бұл тек экономикамызға ғана емес, әрбір нақты адам­ға қатысты. Прагматик әрі патриот болу ке­рек. Білімді дәріптеуден қашпау қажет. Адам неғұрлым көп білген сайын оның мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі. Назарбаев университетінің студенттері мұны бәрінен де жақсы түсінеді деп сенемін, – деді Мемлекет бас­шысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның эволюция­лық даму бағытын сақтап, ұғымтал болу, әлем тілдерін білу және жаһанда болып жатқан жаңа үрдістерді түсіне білу тұлға ре­тінде жетіле түсу үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Сіздерді тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне лайықты үлес қосады деп се­немін. Қол жеткізген жетістіктеріңіз өз­де­ріңіз білім алған университеттің де беделі мен танымалдығының артуына септігін тигізеді. Ол үшін сіздер ерінбей еңбек етіп, алға қой­ған мақсат жолында табанды түрде ілгерілей берулеріңіз керек, – деді университет түлек­те­ріне қайырылған Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, Назарбаев университеті Ел­басының бастамасымен 2010 жылы құрыл­ған. Биылғы жылы оның қабырғасынан 737 түлек түлеп ұшты. Оның ішінде 499-ы – ба­ка­лавриат бағдарламасын бітірді. 229 түлек магистратура бағдарламасын тәмамдады. Әрі алғаш рет 9 түлек ғылым ордасынан PhD докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Докторанттардың өз дипломдық жұмыстары үшін таңдаған тақырыптар студенттерді оқыту кезінде қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерін бір мезгілде тиімді пайдалануды, университеттердің бастапқы курстарында оқыту әдістемелерін жетілдіруді, студент­тердің еңбек нарығына шығуына қатысты қырларды және басқаларын зерттеуге арнал­ған.
Түлектердің ең көбі – 224-і Назарбаев уни­верситетінің Технологиялар және ғылым мек­тебін, тағы 214-і – Инженерия мектебін, 144-і – Гуманитарлық және әлеуметтік ғы­лымдар мектебін, 78-і – Білім беру жоғары мек­тебін, 54-і – Бизнестің жоғары мектебін, 23-і – Мемлекеттік саясат жоғары мектебін бі­ті­ріп отыр. 75 түлек үздік диплом иегері атан­ды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*