Шетелдік соттардың озық тәжірибесі енгізіледі

1474
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің үшінші отырысы өтті. Оған Халықаралық кеңестің мүшелері, еліміздің Жоғарғы сот органының судьялары, Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен жауапты қызметкерлері қатысты.

Отырысты ашқан Қайрат Мәми биыл Жоғарғы соттың жалпы отырысының қаулысына сәйкес, Кеңес құрамы 15 адамға жаңарғанын атап өтті. Кеңес құрамына Ресей мемлекеттік сот төрелігі университетінің Қылмыс­тық сот ісін жүргізу бөлім мең­герушісі, заң ғылымдарының докторы Оксана Качалова, Ұлыбританияның Англия және Уэльс Жоғарғы соттың адво­каты, «Стратегиялық бастамалар орта­лығы» серіктестігінің серік­тесі Кирилл Зенин, Таллин округ­тық сотының және Еврод­жаст қадағалаушы сотының судьясы Павел Гончарев қосымша мүше болып кірді.
– Кеңес Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Жұмыс істей бастағанына бір жылдан сәл астам уақыт өткеніне қарамастан, Халықаралық кеңес институт ретінде қалыптасты. Оның қызметі халықаралық практика тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асыру жұмысына ұсынымдар мен тұжырымдар беруімен маңызды, – деді Қ.Мәми.
Кеңес мүшелерінің белсенді қызметінің нәтижесінде алғаш рет инвестициялық дауларды қарау бойынша әдістемелік түсіндірулер әзірленді, инвесторлардың қаты­суымен болатын даулар бойынша белгілі бір ұсынымдар әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдар өкілдері мен инвесторлардың қатысуымен кездесулер өткізілді. Нақты сот істері бойынша процестік заңнама шеңберінде қорытындылар әзірленді. 2017 жылғы жұмыс жоспарында сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізудің өзекті мәселелері енгізілді.
Жоғарғы соттың мамандан­дырылған сот алқасының төр­ағасы Айгүл Қыдырбаева отырыс қатысушыларына өткен жылғы Кеңес жұмысының негізгі нәти­желері және алға қойылған жос­парлары туралы баяндады.
Кездесудің негізгі күн тәр­ті­біндегі мәселелерге көше отырып, Қ.Мәми сот жүйесін жаңғыртумен қатар, реформалау сотта мүдде­лерге өкілдік ету, институтына ықпал етуі тиістігін атап өтті.
Отырыстың ресми бөлігін қорытындылай келе, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми кеңестің ең белсенді мүшелері Айгүл Кен­же­­баева, Йорг Пуделька, Куртис Мастерс мен Жұмагелді Елубаевты Халықаралық кеңес жұмысына белсене қатысқаны, көрсеткен кәсібилігі мен республиканың сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғысхаттармен марапат­тады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*