Премьер-министр Татарстанға іс-сапармен барды

1769
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қазан қаласына барды. Қазақстанның Үкімет басшысы Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Олар екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің былтыр Астанада өткен Ресей мен Қазақстанның XIII Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.

Осы күні Бақытжан Сағын­таев ТМД елдерінің үкімет басшылары кеңесі мен Еура­зиялық үкіметаралық кеңес отырыстарына қатысты. ТМД елдерінің үкімет басшылары кеңесінде инновациялар са­ласындағы ынтымақтастық, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейбіт мақсаттарда атом энер­гиясын пайдалану, контрафактілік өнімдерді шығару мен таратуға қарсы іс-қимыл, зияткерлік меншікті қорғау мәселелері қаралды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес жұмысы аясында Еура­зиялық экономикалық одақтың «цифрлық күн тәртібін» іске асырудың негізгі бағыттары, ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы шығарып тастау мен шектеу­лерді жоюға байла­нысты шара­лар жоспары, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі, тағы да басқа өзекті мәселелер тал­қыланды.
Премьер-министр Қазан қаласында бірқатар иннова­циялық нысандарды аралады, олардың қатарында ІТ-парк және Иннополис жоғары техно­логиялар қаласы бар. Сондай-ақ Б.Сағынтаев қазан­дық ин­новаторлардың жаңа ғылыми әзірлемелерімен танысты.
Бақытжан Сағынтаев ІТ-паркті аралау барысында бизнес-инкубатор жұмысының және «Глонасс+112» монито­ринг орталығы жұмысының мән-жайына қанықты. Сонымен қатар оған стартап жобалардың презентациясы ұсынылды. Осыдан кейін Премьер ерекше экономикалық аймақтың және «Иннополис» жоғары технологиялар қаласы университетінің қызметімен танысты.
Осы кезде, кеше Астанадағы үкімет үйіндегі баспасөз орта­лығында брифинг ұйым­дас­тырылып, онда Ауыл ша­руашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов Қазақстанның «аусылдан таза аймақ ретінде» танылғанын жариялады. Осы мәртебені елімізге беру туралы сертификат 2017 жылғы 25 ма­мырда Парижде Қазақстанға салтанатты түрде табысталыпты. Аталған мәртебені беруге Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) бас ассамблея­сының отырысына қатысқан, 180 елден келген делегаттар бірауыздан дауыс берді. Осындай нәтижеге аусылдың алдын алуға бағытталған мақ­сатты жұмыстар, халықаралық талаптарға сәйкес аусылмен күрес стратегиясын қатаң қадағалаудың арқасында қол жеткізілді.
Посткеңестік кеңістікте тек Беларусь пен Украина аусылдан тарихи таза аймақ ретінде танылған. 2016 жылдан бастап Ресейдің жекелеген өңірлері ғана аусылдан таза мәртебесіне ие. ТМД-ның өзге елдеріне әзір­­ге бұндай мәртебе беріл­меген.
Сондай-ақ Қытайдың ветеринария бойынша құзы­ретті органы (ГИНКИК) өткен жылдың қыркүйегінде 9 облы­сымызға қатысты аусыл бо­йынша шектеулерін алып тас­таған. АШМ жаңа мәртебе негізінде енді қытайлық та­раптың қалған бес облысы­мыздан да шектеулерін алып тастауы үшін жұмысты жал­ғастырады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*