Иран Қазақстанмен туризмді дамытпақ

1175
0
Бөлісу:

Алматыдағы Rixos Almaty қонақүйінде «Парсы түні» деген тақырыппен Қазақстан мен Иранның арасындағы туристік қарым-қатынасты дамытуға арналған мәдени шара ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған шараға туризм саласында жұмыс жасап жүрген қазақстандық және ирандық кәсіпкерлер арнайы шақырылды.
Соңғы уақытта Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының арасында өзара ынтымақтастық байланыс барынша нығайып ке­леді. Өткен жылы Тегеран мен Ал­матының арасында тікелей әуе қатынасы ашылды. Мұны жүзеге асырған – отандық Air Astana әуе компаниясы. Осы компания өкі­лінің айтуынша, әуе қатынасы ашылғалы бері бір жыл ішінде Қазақстан мен Иранның ара­сында үш мың жолаушыны та­сымалдауға мүмкіндік туған.
Ирандық кәсіпкерлердің бұл жолы Алматыға келуінің басты себебі – екі елдің арасында өзара тиімді туристік байланысты жолға қою. Кездесуге қатысқан Мәдениет және спорт ми­нистрі­нің орынбасары Асқар Баталов екі ел – Қазақстан мен Иран Ис­лам Республикасының ежел­ден ынтымақтастығы мен өзара алыс-берісі жақсы дамығанына жан-жақты тоқтала келіп, екі ел кәсіпкерлері басқосуының мәні мен маңызы зор екенін айтты.
– Егер көне тарихқа көз жү­гіртсек, Қазақ елі мен Иранның ежелден тарихи байланысы бар екенін аңғару қиын емес. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап, екі елдің қарым-қатынасы жаңа заман талабына сай жаңаша дами бастады. Қазіргі күні Қазақстан мен Иранның арасында мәдени ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Дегенмен екі ел ара­сында туризм саласы бойынша байланыс кенжелеп отыр. Сон­дықтан осы кездесу барысында туризм саласында жұмыс істеп жүрген қазақстандық кәсіп­кер­лер мен ирандық әріптестеріміз тарихи тамыры тереңде жатқан қос елдің арасында туризмді да­мыту мәселелерін талқыламақ. Олай болса, қолға алған іске сәт­тілік тілеймін, – деді Мәдениет және спорт министрі Асқар Баталов.
Кездесу барысында сөз алған Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы мәдени орта­лы­ғының жетекшісі Саед Джавад Ждалали Кисари мырза екі мем­лекеттің арасында қолға алынған мәдени ынтымақтастық нақты нәтиже беріп қана қоймай, екі ел тұрғындарын анағұрлым жақын­дастыра түскенін айтып өтті.
– Соңғы жылдары Қазақ­стан­да ирандық қолөнер шебер­ле­рінің, ал Иранда қазақстандық қолөнер шеберлері бұйым­да­рының халықаралық көрмесі та­быспен өтіп келеді. Екі елдің өнер өкілдері – әншілер мен биші­лер жұртшылықты ұлттық өнерге сусындатып, халықтың ықыласына бөленуде. Бүгін біз осы басқосуға өз елімізде жақсы танымал өнер және қолөнер ше­берлерін арнайы шақырдық. Қолөнер шеберлері өздері тоқы­ған кілем мен қолдан жасаған ұлттық бұйымдарын келушілер назарына ұсынса, әншілер Иран­ның ежелгі музыкалық аспап­тарымен, халық әндерімен та­ныс­тыруға дайын. Ұлттық өнері­міздің куәсі боласыздар, – деп Иранның Қазақстандағы мәдени орталығының жетекшісі Саед Джа­вад Ждалали Кисари мей­ман­дарды көрмені тамашалауға шақырды.

 

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*