Сапарың сәтті болсын, жас түлек!

Оқу жылын артқа тастап, қорытынды жасар соңғы қоңыраудың салтанатты сәті де келіп жетті. Бұл – сыныптан сыныпқа көшкен оқушы, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрған жас түлек, баласының қуанышына келген ата-ана – бәрінің басын қосатын мереке. Расымен, 25 мамыр – әр оқушы үшін ерекше күн. Биыл республика бойынша 136 мыңнан астам оқушы мектеп бітіріп жатыр. Соның 6300-і – «Алтын белгіге» үміткер.
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жас түлектердің басым бөлігі, яғни 90 800-і қазақ мектебінде оқитын болса, орыс тілінде оқитындар – 39 300, өзге тілдердегісі –
6 100. Мектеп бітірушілердің саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша көш бастап тұр. Биыл мұнда 34 200 оқушы аяулы білім ордасымен қоштасады. Сонымен бірге, Алматы облысы мен Алматы қаласы да мектеп бітірушілер саны жағынан үштікте: облыста – 14 700, қалада 10 мыңнан астам талапкер мектеп қабырғасынан түлеп шықпақ.
Осы жылдан бастап мектеп бітірушілердің білімі екі кезең арқылы тексерілмек. Біріншісі – мектептегі емтихан, екіншісі – ҰБТ. Емтихандар 29 мамыр мен 9 шілде аралығында өтеді. Түлектер бес пәннен сыналады: ана тілі мен әдебиеттен шығарма, алгебра және анализ бастамаларынан бақылау жұмысы, Қазақстан тарихынан билет алып, ауызша жауап берсе, қазақ не орыс тілінен және өзі таңдаған пәнінен тест жұмыстарын тапсырады. Бұл емтиханнан түлектер орта білім мен «Алтын белгі» алу үшін өтетін болады.
Мектеп бітірушілердің алдындағы үлкен сын – ҰБТ. Форматы өзгерген тестілеу 20 маусым күні басталып,
1 шілдеге дейін жалғасады. Облыстар мен Алматы, Астана қалаларының Білім басқарламалары ұсынған мәліметтерге сәйкес, «Алтын белгіге» – 6 280 оқушы үміткер. Оның ішінде қазақ мектептерінде оқитындар – 4 900, орыс мектебіндегілер – 1 290, өзге тілдерде білім алатындары – 110-нан астам. Тестілеу республика бойынша 165 бөлімшеде өтеді. Соның ішінде 111 мектеп, 46 ЖОО және 8 колледжде талапкерлер тест тапсыратын болады.
Түлектер тестілеуден 5 тәртіп бойынша өтеді. Оның ішінде үшеуі – міндетті, екеуі – салалық. Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикадан тест тапсыру жалпыға бірдей міндетті болса, салалық пәндерді түлектің өзі таңдайды. Жалпы саны 120 сұрақ беріліп, жоғарғы балл – 140 етіп бекітілген. Бұлай болу себебі – салалық пәндерде бірнеше дұрыс жауап болады. Жоғары оқу орнына түсу үшін алуы тиіс балл көлемі былтырғыдай 50 балл көлемінде қалды. Егер өту балын жинай алмаған жағдайда осы жылдың тамыз айында немесе келесі жылғы қаңтар айында қайта тапсыруға мүмкіндік бар.
Куәлік табыстау шаралары мектеп әкімшілігінің шешіміне қарай осы жылдың 10-12 маусымы аралығында өтетін болады. Мектеп бітіру кештері 15 маусымға дейін өткізіледі. Мәселен, Павлодарда түлектер Қазақстан тарихынан емтихан тапсыра салысымен мектеппен қоштасады. Яғни, 9 маусым күні 11-сынып оқушылары ауызша сынақ тапсырып, 10 маусымда мектеп бітіру кешін өткізеді. Қарағандылық түлектер болса, ол күнді 12 маусымға белгілеген. Әр аймақта саланатты кештің өткізілер күні әртүрлі. Дегенмен жалпыға ортақ бір ереже – мектеп қабырғасында ғана өткізілуі шарт. Ойын-сауық ордалары мен мейрамханаларда тойлатуға тыйым салынған.
Көңілде мол арманы бар, өмірдің жаңа қырларын өз бетінше ашуға аттанған талапкердің жүрегі лүпілдеп, үлкен толқыныста жүргені анық. Сынақтардан сүрінбей өт! Сапарың сәтті болсын, жас түлек!
Жадыра АҚҚАЙЫР