Заңнамалық қолдау көрсетіледі

1341
0
Бөлісу:

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың лаңкестік ұйымдардың ортақ тізімін жасау бастамасын орындауға кірісіп те кетіпті. Енді ұйымға кіретін елдердің парламентшілері бұл істі қажетті заңнамалық базамен сүйемелдегені жөн. Бұл туралы кеше Мәжілістің ұйымдастыруымен өткен «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелде палатаның төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті. 

Форум аясында ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясына мүше-мемлекеттердің және Ауғанстанның парламентшілері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтудың және қарым-қатынасты тереңдетудің өзекті мәселелерін талқыға салды.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі аясында бұл форумның күн тәртібі – біздің еліміздің басым бағыттарының бірі және дөңгелек үстелді Астанада өткізу ҰҚШҰ ПА-ның 2017 жылға арналған шаралар жоспарына енгізілген.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында «Біріккен Ұлттар Ұйы­мының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды», сондай-ақ халықара­лық негізде террорис­тік ұйымдардың бірыңғай тізімін түзуді ұсынған болатын.
Кеше халықаралық дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл бастама «өңірлік деңгейдегі іс-қимылға да қатысты» екенін атап көрсетті. Спикердің айтуынша, ТМД-ның Терроризмге қарсы орталығының және ШЫҰ-ның өңірлік терроризмге қарсы құрылымының желісі бойынша ендігі нақты бірлескен әрекеттер жүзеге асырылуда.
– ҰҚШҰ-ның өткен жылғы қазандағы саммиті де лаңкестікпен күрес тақырыбына арналды. Оның қорытындысында ҰҚШҰ форматында террористік деп танылған ұйымдардың бірыңғай тізімін қалып­тастыру бойынша ереже бекітілді. Ұйымға кіретін мемлекеттер осы тізімді қалып­тастыруға тікелей кірісіп те кетті. Әрине, әлдебір ұйымды барлығымыз бірдей террористік деп тануымыз бойынша қандай да бір мәселелер туындауы да мүмкін. Осыған байланысты ҰҚШҰ елдері парламентшілерін бұл мәселеде жан-жақты заңнамалық қолдау көрсетуге шақырамын. Егер біз өз елдерімізде тиісті заңнамалық база құра алсақ, бұл үдерістің жеделдеуіне жол ашылады, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мәжіліс төрағасы сондай-ақ маңызды жиынды бірлесе ұйымдастыруға қолғабыс еткен ҰҚШҰ-ға ризашылығын білдіре келе биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына – 25 жыл, Парламенттік Ассамблеясының құ­рылғанына 10 жыл толып отырғанына назар аудартты.
Н.Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған алғашқы күннен қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын баса айтты. Соның арқасында бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең қауіпсіз елге айналды.
– Елбасының ірі бастамалары тек аймақтарда ғана емес, әлемдік деңгейде зор қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде, біздің елдеріміз барлық салада жоғары стратегиялық әріптестік орнатты. Оның ішінде, аймақтық ынтымақтастық және қауіпсіздік бойынша да әрдайым жемісті жұмыс атқарып келеді. Бірақ қазіргі уақытта бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіп-қатерлер өте көп. Бұл біздің елде­рімізден әріптестікті бұрынғыдан да күшейтіп, бірлесе әрекет етуді талап етеді, – деді спикер.
Оның байламынша, осы жолда ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясына кіретін елдер парламенттерінің рөлі өте зор және жүктеліп отырған жауапкершілік те өте жоғары.
Биылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ресми түрде қызметіне кіріскенін еске салған Мәжіліс төрағасы еліміздің осы мүшелік кезеңінде Орталық Азия бойынша қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты қамтамасыз ету, аймақтық қауіп-қатерлер мен сынақтарға тиімді қарсы іс-қимыл, ынтымақтастықты нығайту, одан әрі тереңдету бағытында белсенді жұмыстарды қолға алатынын құлағдар етті.
Бұл ретте Н.Нығматулин парла­менттердің өзара әріптестігі ұлттық мүдделерді есепке ала отырып, ха­лықаралық үдерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жол ашатынын атап өтті. Спикердің бағалауынша, Орталық-Азия өңірінде қауіпсіздікті қорғауда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының рөлі салмақты әрі бөлек.
– Бұл жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы шеңберінде өз әріп­тестерімен тығыз қатынас орнатуы өте маңызды. Парламенттік дипломатия көптеген халық­аралық мәселелер бойынша елдер ұста­нымдарын алға жылжытуға және тараптардың мүдделерін қозғайтын құжаттардың маз­мұндық сипатына ықпал ете алады, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Айтқандай, Мәжіліс басшысының мәліметінше, тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстан Парламенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идея­сымен құрылған, биыл 25 жыл то­лып отырған, қауіпсіздік мәселесіне етене араласатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) аясында көптеген ха­лықаралық шарттарды және ҰҚШҰ шеңберінде 38 халықаралық шартты, сондай-ақ Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымы аясында 17 халықаралық шартты ратифициялаған.
Бір атап өтер жайт, осы аптаның сәрсенбісіндегі жалпы отырысында Мәжіліс Елбасы жариялаған консти­туциялық реформа аясында әзірленген «Кейбір заң­намалық актілерге оларды
ҚР Конс­ти­туциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өз­герістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
Бұл жобаның ірі бір жаңалығы сол, Қазақстан тарихында алғаш рет, Қыл­мыстық кодекстің 21-бабына «азамат­тықтан айыру» түріндегі қосымша қыл­мыстық жаза енгізіліп отыр. Ол жаза 14 аса ауыр террористік қылмыстар құрамдары бойынша қолданылмақ. Мысалы, терроризм актісі үшін (ҚК 255-бабы 3-бөлігі), террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін (ҚК 257-бабы 3-бөлігі) және басқалары. Осы арқылы мемлекет шетелде террористік топтар қатарында қырғын салған, қолын қанға малған қылмыскерлердің көгілдір паспортымызды көрсетіп, елге қайта кіріп кетуіне, сөйтіп, өз жерімізде ылаң салуына жол бермеуге күш салады.
Қазақстанның дәл осы тәжірибесін енді солтүстік көршіміз де қабылдамақ. Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген «Единая Россия» фракциясының жетекшісі,
РФ Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Владимир Васильев қазақ елінің үлгісінде Ресей де терроршыларды азаматтықтан айыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
– Біз қазір қазақстандық тәжірибені пайдаланудамыз. Азаматтығымызды алып, осындай ауыр қылмыс жасағандарды өздеріне көрсетілген сенімді ақтамаған ретінде азаматтығынан айыратын боламыз. Мысалы, Санкт-Петербор метросындағы таяудағы терактіні ҰҚШҰ ұйымына мүше мемлекеттен келген, Ресей азаматтығын алған адам жасады. Біз ондайға тосқауыл қою үшін бір-біріміздің тәжірибелерімізді ендіретін боламыз, – деді В.Васильев. Бұдан бұрын осы бастамаға РФ президенті Владимир Путин қолдау көрсеткен болатын.
Маңызды форумда сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары
Р.Васильенко, Тәжікстан мәжілісінің комитет төрағасы Д.Маджидзода, Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты М.Мадеминов, Ауғанстан Ислам Республикасы Ұлттық ассамблеясы Волеси Джиргасының депутаты А.Зазай сөз сөйледі. Халықаралық іс-шара жұмысына сонымен бірге, халықаралық сарапшылар және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*