Жаһандық зұлматқа жоғары руханият төтеп береді

1476
0
Бөлісу:

Бүгінде бүкіл әлемде халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Адамзат баласын мейлінше көптеп қыруды мақсат тұтатын кесір күштер шекара талғамайды, бай не кедей ел деп бөлмейді, барлығына бірдей шабуыл жасайды. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің премьер-министрі Тереза Мэйге Манчестер қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жеделхатта «Манчестер арена» стадио­нындағы жарылыстар салдарынан көпте­ген адамның қаза болғаны туралы хабарды Нұрсұлтан Назарбаевтың зор күйзеліспен қа­былдағаны айтылған. Бүгінде терро­ризмнің етек алуы барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қа­тер төндіретін терроризм мен экст­ремизм­нің кез келген түрін қатаң айыптайды.
«Бүкіл Ұлыбритания халқына, қайғылы оқиға құрбандарының отбасылары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайғыларына ортақ­тасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен­дер­дің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін», – делінген жеделхатта.
Ағылшынның Манчестер қаласындағы «Манчестер арена» стадионында, амери­ка­лық танымал әнші Ариана Гранденің концертінен жұрт тарай бастаған кезде болған террорлық акт әлем жұртшылығы­ның жанын түршіктірді. Оның салдарынан 22 адам қаза тауып, кем дегенде 59 адам жарақаттанған. Олардың арасында өмірін жаңа бастаған қыршын жастар жетерлік. Бұл жойқын жарылысты «ИГ-ДАИШ» лаң­кестік ұйымы өз мойнына алды, бірақ олардың бұл мәлімдемесіне қаншалықты сену­ге болатыны әзірге белгісіз. Полицей­лер терактіні жалғыз жанкешті жасағанын хабарлаған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстан азаматтары зардап шекпеген. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақовтың айтуынша, Қазақстанның Лондонда ор­наласқан елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыс жасап отыр. Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескерту тара­тыл­ған. Елшіліктің консулдық бөлімі «қауырт желі» ашты.
Белгілі болғанындай, сол концертті қазақстандық алты студент тамашалаған. «Біздің дипломаттар олардың екеуімен байланысты, олар өздерінің аман-есен екен­діктерін растады. Медициналық кө­мекті қажет етпейді, ендігі басқа дос­тары­мен бірге өздері тұрып жатқан жерге жет­кен. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз» деді Ә.Жайнақов.
Бүгінде адамзаттың өз болашағына қатер төндірген осы зұлымдыққа қарсы бі­рігуі талап етіледі. Өйткені терроршыл күштер жекелеген елдердегі бірлі-жарым қанды оқиғалардан Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы бағытталған, кең ауқымды террорлық агрессияға көшті. Миллиондаған босқындар, мемлекеттерге қарсы жойқын соққылар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – лаңкестік кесапаттың зардабы артып барады. Демек, адамзаттың бүгіні ғана емес, ертеңі қалай болатыны қазіргі за­манғы әлем жұртшылығына қатысты бол­мақ.
Сондықтан Елбасы әлемдік мінберлер­ден терроризм идеологиясының түп-та­мы­рын жоюға, жалпы адамзаттық құн­ды­лықтарды нығайтуға шақыруда. Қазақстан Көш­бас­шысының байламынша, халық­аралық қоғамдастық лаңкестіктің күй­ретуші және арандатушы идеология­сына ырық бермей, тағат-толеранттылық, ке­лісім және диалог идеологиясын өркен­детуі қажет. Бұл жаһан­дық індетке лайықты қарсы тұру жо­лында барлық елдер бір­лескен күш-жігерін еселей түсуге тиіс.
Елбасы Біріккен Ұлттар ұйымы Бас ас­самблеясының сессиясында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, сондай-ақ осы саладағы халықаралық құқықтық ба­заны жетілдіруді ұсынды. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды. Терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қай­раткерлердің, діни жетекшілердің, қоғам­дық пікір көшбасшылары мен ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды.
Биылғы жолдауында ел Президенті тер­роризммен және діни экстремизммен күрес бағдарламасының негізгі бағыт-тарын атап көрсетті:
– Қазіргі заманда адамзат терроризм-нің бе­лең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржы­ландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе бо­лып саналады. Діни экстремизмді на­сихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қа­лыптастыру керек, – деді Н.Назарбаев.
Ол «бас бостандығынан айыру орын­дарында сотталғандарды теологиялық тұр­ғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақ­сатты жұмысын ұйымдастыруды» тап­сырды. Өскелең ұрпақты рухани-адам­гершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасауды міндеттеді. Бұл іске мемлекеттік емес сектор және діни бірлес­тіктерді белсенді тартуды жүктеді.
Елбасы тапсырмасы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, онда осы зұлматтарға қарсы тұрудың пәрменді тәсілдемелері қарастырылды.
Мұның сыртында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі үлкен сарап­шылар тобымен бірлесіп, «Қазақстанның Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналаған тұжырым­дамасын» әзірледі. Ол қоғамда дәстүрлі рухани құндылықтарға, эволюциялық дамуға, зайырлы мемлекет қағидаларына не­гізделген прагматикалық мәдениетті, ұлттық бірегейлікті нығайтуды көздейді. Сонымен бірге, тұжырымдама діни кон­серватизмге, экстремизмге қарсы қоғам­ның иммунитетін нығайтатын нақты ша­ра­­лар ұсынады.
Сонымен қатар «Кейбір заңнамалық актілерге діни қызмет және діни бірлес­тіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңы­ның жобасы әзірленіп жатыр. Оның бір жаңалығы сол, заң қабылданған соң, Қа­зақстанда діни қызметке балаларды заңсыз тартқаны үшін және дін саласындағы заң­намаларды бұзғаны үшін жауапкершілік артады. Осылайша, әлі сана-сезімі қалып­тас­паған жасөскіндерді жат ағымдардан қорғау көзделуде. Сондай-ақ онда шетелде діни білім алу, миссионерлік қызметті рет­теу жөніндегі нормалар да қарастырыл­ған.
Министрліктің дерегінше, бүгінде елі­мізде дінді деструктивті мақсатта пай­даланудың жолын кесуде көпсалалы жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден, «БАҚ-та Үкіметтің деструктивті діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге теріс көзқарасы ресми түрде мәлімделді». Қоғамымызда бұл әрекет үлкен қолдау тапты. «Әлеуметтік сауалнамалар қазақстандықтардың 85 пайызы деструктивті идеяларға төзбеушілік танытатынын көрсетті» деп хабарлайды дін істері министрлігі.
Екіншіден, астыртын діни материал­дар­дың таратылуына бақылау жолға қойылды. Құқық бұзушы контенті бар сайт­тар анықталып, оларға тыйым са­лынуда. Кітап және баспа өнімдеріне, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйе­сін­дегі кітапхана қорларына сараптама жасалуда. Үшіншіден, тәуекел топтармен жә­не радикалдық көзқарастағы тұлғалар­мен жұмыс жүйесі жолға қойылды. Бұл жұмыс азаматтарды нысаналы түрде оңал­туды, жеке психологиялық және құқықтық қолдауды, теологиялық қайта сендіруді көздейді.
Жалпы, қабылданған шаралар тер­ро­ризммен және экстремизммен күресті күшейтуге айтарлықтай ықпал етуде.
Қазақстан қоғамның жоғары руханият нұрына бөленіп, бірлік пен бейбітшілікте берекелі дамуына күш сала береді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*