Қарқаралыда жел генераторы салынады

849
0
Бөлісу:

Қарқаралы ауданында құны 44 миллиард теңгені құрайтын жаңа ауқымды жоба іске асырылады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың Қарқаралы ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде мәлім болды. Жергілікті кәсіпкер алдағы уақытта жел генераторларын орнатуды жоспарлап отыр. Қазақстанда ондай қуат өндіретін құрылғылардың баламасы әзірге жоқ.

– Біздің жобамыздың құны 128 млн евроны құрайды. Жел генераторларын орнату арқылы біз еліміздің жасыл экономикасын дамытуға үлесімізді қоспақпыз. Қазіргі таңда жобалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға қарасты­рылуға жіберілді. Нысанның қүрылысын осы жылдың маусым айында бастап, 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоба қуаттылығы 60 МВт құрайды. Мамандарды Германияда оқытатын боламыз, – деді «Шаңырақ» ком­паниясының директоры Мұрат Доштаев.
Жел генераторының құрылысы 220 жаңа жұмыс орнын ашады. Жоба аясында жұмыс­керлерге арналған коттедж қалашығы салынады. Сонымен қатар кәсіпкер 70 орындық балабақша салуды көздеп отыр.
Аталмыш жоба облыс әкімінің көңілінен шықты. Ол осы секілді нысандар Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен септігін тигізетінін атап айтты.
– Осындай кәсіпкерлер басқаларға үлгі болуы керек. Бұл адамдар тек өздерінің пай­да­сын ойлап қана қоймай, бірінші кезекте елі үшін, жері үшін жаны ашиды. Осы секілді жер­лестеріміз көп болса нұр үстіне нұр болар еді. Жергілікті билік мұндай кәсіпкерлерді ба­рын­ша қолдап отырулары тиіс, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда ауданда екі мыңға жуық шағын бизнес субъектісі бар. Оларда үш мыңнан астам жергілікті халық жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 47 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 4 жаңа шаруа қожалығы ашылды.
Ірі қара мал өсірумен айналысатын «Айса» шаруа қожалығының басшысы биылғы жылы қымызбен емдейтін қонақүй ашуды көздеп отыр. Бұл демалыс орнында жайлы демалып қана қоймай, сонымен бірге сауықтыру қыз­меттері де көрсетілетін болады.
Бүгінгі таңда Қарқаралы ауданында ту­рис­тердің демалуына арналған 26 нысан жұмыс істейді. Маусым басталғанда олардың 2500 демалушыға дейін қабылдау мүмкіндіктері бар.
– Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында туристерді тарту үшін туроператор­лармен ұлттық табиғи парк арасында бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасалып, маршрут бекітілді. Мемлекеттік ұлттық табиғи парк жанынан Визит-центр ашылды, – деп мәлімдеді аудан әкімі Халел Мақсұтов.
Сапалы әрі табиғи өнімдерді бағалай­тындар үшін Қарқаралыда «Балқантау» жартылай дайын өнімдер шығаратын цех жұмыс атқарады. Кәсіпорын күніне шамамен 600 келіге жуық 15 түрлі өнім шығарады. Шикізатты жергі­лікті мал шаруаларынан алады. Кәсіп­орында өздерінің қасапханасы мен ветеринарлық зертханасы жұмыс істейді. «Балқантау» өнімдерін жақын арада Қарағанды қаласының әлеуметтік павильондарынан көруге болады.
Жалпы, Қарқаралы ауданындағы шағын бизнес субъектілерінің өндіретін өнімдерінің көлемі 2017 жылдың 4 айында 7 миллиард теңгеге бағаланды.
Аймақтағы өнеркәсіп орындары жыл басынан бері 3 млрд теңгені құрайтын өнім өндірген, былтырғы жылғы осындай уақыт мерзімімен салыстырғанда өсім 261%-ға жеткен. Ол жайында Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов мәлімдеді. Мұндай жетістіктерге жетуге облыс орталығынан 350 шақырым қа­шық­тықта орналасқан Теректі кентінің маңында салынған «Алтай-Полиметаллдар» ЖШС ірі кәсіпорнының іске қосылуы себепкер болып отыр.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов жұмыскер­лер­дің жұмыс шарттарымен және күнделікті өмі­рімен танысу мақсатында кәсіпорынды және тұрмыс­тық нысандарды аралап шықты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Жұмыс­керлердің басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Өндіріс ошағы 2016 жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Көктасжал руднигінде ашық тәсілмен құрамында мыс бар руда шығарылады. Осы жерде байыту комбинатында мыс концентраты өндіріледі. Кәсіпорынның бір ерекшелігі – технологиялық процестерде ішкі жану қозғалтқышынан толықтай бас тартуында. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы сомасы 500 млн. теңгені құраған 1200 тонна концентрат өндірілген.
Аймақ басшысының келесі ат басын тіреген жері – Қарағайлы кенті үшін қала түзу кәсіпорын болып табылатын «Қазақмыс» корпорация­сының тау-кен байыту кешені болды. Мұнда Балқаш мыс балқыту зауыты үшін мыс кон­центраты өндіріледі. Кенттің 5 мың тұрғын­дарының 700-ден астамы Қарағайлы тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді.
Биыл өндіріс көлемін ұлғайтуға және жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік беретін қайта жаңғырту шаралары өткізіледі.
– Осы жылдың 4 ай қорытындысы бойынша жалпы экономика көлемі 9,5 млрд теңгені құрады. Егер өткен жылдың осындай уақыт мерзімімен салыстырар болсақ, жоспар 103% орындалды. Негізгі капиталға салынған инвес­ти­ция көлемі – 2 млрд теңге. Ауданнан мемле­кеттік бюджетке 365 млн теңге түсті, – деп Халел Мақсұтов облыс басшысының алдында есеп берді.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*