Қазақстан төлқұжаты бір күнде әзірленеді

1524
0
Бөлісу:

Қазақстан төлқұжаты енді үстемеақысыз-ақ бір күннің ішінде дайындалады. Бұл жаңалық Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиынның күн тәртібіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі, сондай-ақ каникул кезінде балаларды сауықтыру және демалысын ұйымдастыру мәселелері шығарылды. Бұған қоса Үкімет мүшелері мұрағат ісі және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы қос заңның жобаларын бекітті.
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаевтың айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) басын біріктіретін «Азаматтарға арналған үкіметтің» еліміз бойынша 350-ге жуық кеңсесі бар. Жыл сайын 200 мыңнан астам қызметкер «бір терезе» қағидаты бойынша 40 миллионнан астам қызмет көрсетеді.
Мемлекет халыққа бағдарлануды арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен құралдарды жиі енгізеді. Мысалы, жыл басынан бері құжаттың әзір болғаны туралы хабардар ететін sms-хабарлама, telegram-бот, дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу, электронды үкімет порта­лынан «электронды цифрлық қолтаң­баны» (ЭЦҚ) қолданбай анықтама алу тәрізді сервистер іске қосылды.
Алыс елдімекендердің тұрғындарына қызмет көрсету үшін 70 мобильді ХҚКО жұмыс істейді, олар жылына 13 мыңнан астам рет шалғайға шығады. Желісі Қазақстандағы елдімекендердің басым бөлігіне қанат жайған «Қазпоштамен» бірлесіп, оның кеңселерінде мемлекеттік қызметті ұсыну бойынша жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге, «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін оңтайландыруға кірісіпті. Дәурен Абаев 12 мамырда ведомство­аралық комиссия отырысында мемле­кеттік қызметтердің 37 түрін, соның ішінде 27 қағаз түрінде қызмет көрсетуді мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын 548 қызмет түріне қосу туралы шешім қабыл­данғанын айтты. Стандарттарға өзгерістер енгізіл­геннен кейін, тағы 48 қызмет түрі бала­масыз негізде тек корпорация ар­қылы ұсынылатын болады, бұл аза­мат­тардың қызмет көрсету­шілермен бай­ланыс орнатуын шектеуге бағытталған.
Азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту жұмыстары жалғасуда. Жүргізілген талдау нәтижесі көрсет­кендей, 2016 жылы тек 5 мемлекеттік қызмет түрі, атап айтқанда, мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлiктiң болмауы туралы, тіркелген құқықтар туралы, зейнетақы аударымдары туралы және сотталмағаны туралы анықтама бойынша 23 миллионға жуық электронды анықтама беріліпті.
– Оларды қағаз түрінде талап етуді шектеу қазақстандықтардың мате­риалдық шығындарын айтарлықтай қысқартып, оған уақыт жұмсамауға және ХҚКО-ларда халықтың көптеп жиналуын төмендетуге ықпал етеді, – дейді министр.
Отырыста сөз сөйлеген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­циясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Үкіметке жаңа ұсыныстармен шықты. Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қыз­меттер дамуының келесі кезеңі – «проактивті қағидат» болады.
– Біздің ойымызша, азамат мем­лекетке қызметтер алу үшін жүгінбеуі керек, керісінше, мемлекеттің өзі аза­маттарға қызмет көрсетуге бастамашы болуға тиіс. Біз «проактивті қағидатқа» көшу аясында бірқатар шараларды қолға аламыз. Осы орайда дүниеге келген баланы тіркеуге алуды мысалға келтірсек. Күні бүгінге дейін ата-аналар мемлекеттік қыз­меттер алу мақсатында туған баланы тіркеу, оған жәрдемақыны тағайындау және балабақшаға тіркеуге қою үшін мемлекеттік корпорацияға, өзге мем­лекеттік органдарға үш реттен артық жүгінуге мәжбүр, – деді А.Оспанов.
2016 жылы мемлекеттік корпорация ілкі жобаны жүзеге асырып көріпті: оның қызметкерлері бүкіл Қазақстан бойынша 260 перзентханаға барып, осы үш мем­лекеттік қызметті бір жерден көр­сеткен. Нәтижесінде, өткен жыл ішінде перзент­ханаларда шамамен 260 мың өтініш қабылданған. Бірақ биыл бұл тәжірибе­ден бас тарту ұйғарылып отыр. Оның орнына аталған рәсімдер автомат­тан­дырылады.
– Бұл салада ары қарай оңтайландыру жүргізілуі қажет деп санаймыз. Ол үшін мүлдем жаңа тәсілдемені ұсынамыз. Ке­лесі жылы бала туу туралы барлық ақпарат бірден Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің ақпараттық жүйесіне келіп түседі. Тиісінше, осы ведомство мемле­кеттік қызметті ұсынудың бастама­шысына айналуға тиісті. Яғни, ол ата-анаға хабар­ласып, құттықтап, бірден мәліметтерін сұратуы, олардың балаға қандай есім беруді қалайтындарын, тегін, әкесінің атын анықтауы қажет! – деді А.Ос­панов.
Оның түсіндіруінше, бұл ақпарат бірден АХАТ органдарына түседі, олар дүние есігін жаңа ашқан сәбиге ЖСН (ИИН) тағайындауға бастамашы болады. Бұл ақпарат одан әрі тікелей Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне бағыт­талады: ол бала анасының жәрдемақы тағайындауға келісімін ала отырып, оның жеке есепшотына жәрдемақы түрлерін аударады. Ары қарай бұл ақпарат «электронды әкімдікке» бағытталады да, онда өмірге келген перзент ерте бастан балабақша кезегіне қойылады. Сондай-ақ ата-аналардың балабақ­шаны таңдау мүмкіндігі бар «балабақ­шаларға кезекті белгілеуді автомат­тандыру» жоспар­ланған. Бұған қоса жер телімдерін бірыңғай, ашық электронды алаңда са­туды ұйымдастыру мүмкіндігі қарас­тырылуда, бұл жер телімдерін сатып алу мен бөлу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етеді екен.
Тағы бір жаңалық бар. Қазіргі кезде айыппұлын өтемеген, коммуналдық ақыны төлемеген не басқа да қарызы бар қазақстандықтарға шетелге шығуға, ше­караны әрі кесіп өтуге тыйым салынған. Алайда кейбір адамдар қарызы барын тек ұшар алдында, кедендік тексеруден өту кезінде ғана біліп, кері қайтарылып жатады. Сондықтан бұл азаматтарға жақында сапарына салынған тыйымды әуежайда тұрып жоюға мүмкіндік беріл­мек.
– Бүгінде Әділет министрлігі, «Қазпош­тамен» бірлесіп, азаматтардың айыппұлдарды онлайн режимде төлеп, ұшуға қойылған тыйымды автоматты түрде жоюына жол ашатын сервисті іске қосу мәселесін пысықтауда. Сервисті «Қазпошта» биыл маусым айында қолда­нысқа беруді жоспарлауда, – деді А.Ос­панов.
Ол жергілікті атқарушы органдармен бірге тағы бір мәселе пысықталғанын жеткізді: «Шілде айынан бастап, АХАТ (бұрынғы АХАЖ, ЗАГС) қызметкерлерін мемлекеттік корпорацияның, ХҚКО-лардың ғимараттарында орналастыру жоспарлануда. Бұл құжаттарды екі сағат ішінде әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұ­рындары бұл рәсім 2 және одан көп күнді алатын».
Талқылауды қорытқан Премьер Б.Са­ғынтаев дәл осы жаңалыққа жеке тоқ­талды:
– Елімізде 4 қалада – Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкентте Қазақстан Республикасының төлқұжаттарын ба­сатын тиісті кәсіпорындар орналасқан. Өкінішке қарай, бұл қалалардың өзінде жаңа төлқұжат алу үшін азаматқа 3 күн күтуге тура келеді. Әрине, ақылы қызмет бойынша бір күн ішінде жеделдетілген түрде әзірленеді. Демек, сонша тез әзірлеуге мүмкіндік бар. Сондықтан біз шешім қабылдадық: енді аталған кәсіп­орындар орын тепкен төрт қалада бұдан былай төлқұжаттар 1 күн ішінде, ал осы қалаларға бекітілген өзге қалаларда 7 күн ішінде даярланатын болады. Бұрын бұл қалаларда 3 апта талап етілетін, – деді ол.
Үкімет басшысы министр мен мем­лекеттік корпорация ұсыныстарын қол­дады. Ол азаматтарды анықтамалар со­ңынан жүгіртпеуді тапсырды: мемлекеттік ор­­гандар оларды өздері жинаулары тиіс. Бақытжан Әбдірұлы «Азаматтарға арналған үкімет» жобасын ұсынғанда, Елбасы осындай міндет қойғанын еске салды. Сондықтан Үкімет отырысында халықтан электронды растау анықта­маларын ұсыну талаптарын шектеу үшін банктер мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара бай­ланысын ұйым­дастыру шараларын қабылдау туралы тапсырма берілді.
Сондай-ақ Премьер 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандырудың енгізілетініне Үкімет мү­шелерінің назарын аударды: ал ол аза­маттардың ХҚКО-лар арқылы немесе электронды жолмен тіркелуін, әлеуметтік мәртебесін растауын талап етеді. Б.Са­ғынтаев қыста азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған дүрбелеңнің қай­талануына жол бермеуді және ха­лықты дүрліктірмеуді тапсырды. Соны­мен бірге, жауапты министрліктерге мем­лекеттік корпорациямен бірлесіп, аза­маттардың аталған қызметті алу үде­рісін жеңілдету шараларын қабылдау жүктелді.
Күн тәртібі бойынша осыдан кейін Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын және бос уақытын ұйымдастыру бойынша жоспармен та­ныстырды. Оның хабарлауынша, лагерь­лерде жазғы демалыспен 1 миллион 655 мың баланы немесе 1-10 сынып оқу­шыларының жалпы санынан 61,2%-ын қамту көзделіп отыр. Каникул кезінде балалар үшін түрлі шаралар – секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек жасақтары мен экскурсиялар ұйымдастырылмақ.
Премьер Б.Сағынтаев балалардың жазғы демалысы мен іспен шұғылдануын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды. Әсіресе, жолдар мен су қоймаларына қатысты қауіп-қатер­лердің алдын алуды, санитарлық-эпиде­миологиялық жағдайды бақылауда ұстау­ды, өрт қауіпсіздігін сақтауды міндеттеді. Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан балалар лагерьлеріне қоғам­дық бақылау жасауды күшейту туралы «Жұлдыз» балалар ұйымының бастамасын қарастырып, қолдауды тапсырды.
Жиында Министрлер кабинеті мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты же­тілдіруді қарастыратын «Кейбір заң­намалық актілерге коммерциялық емес ұйымдардың қызмет мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бекітті. Енді жоба Парламентке енгізіледі.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың ай­туынша, заң жобасы мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты жетілдіруге бағыт­талған. Себебі, оның қазіргі тетігі 10 жылдан астам уақыт бұрын енгізілген. Құжатта мақсатты топтардың қажетті­ліктерін зерттеу және талдау, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тап­сырысты қалыптастыру үдерісіне бірың­ғай тәсілдемелерді анықтау, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылған.
Бұл заңнамалық өзгерістердің бір бөлігі құзыретті органға мәліметтер ұсынатын ҮЕҰ-лар тізімін оңтайлан­дыруды қарастырады: «Қазіргі уақытта барлық коммерциялық емес ұйымдар саны 50 мыңнан асады, олар жыл сайын министрлікке есептілік тапсыруға мін­детті. Аталған норманы енгізген соң олардың саны 2,5 есеге қысқарады» деді Н.Ермекбаев.
Ел Үкіметі кеше мұрағат ісі сала­сындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі заң жобасын да құптап, заң шығарушы органға ұзатты.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуын­ша, «Кейбір заңнамалық актілерге архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы­ның негізгі мақсаты – архив ісі сала­сындағы заңнаманы жетілдіру.
– Қазіргі экономикалық және әкім­шілік реформалар жағдайларында архив ісін реттеудің мүлдем жаңа құрал­дары пайда болды, нәтижесінде, қолда­ныстағы заңнаманың кейбір ережелері заманауи талаптарға сәйкес келмейді, – деді ми­нистр.
Заң жобасында мемлекеттік мұрағат­тар желісіне Астанада орналасқан Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасын қосу ұсынылып отыр. Осы заңмен А.Мұхамедиұлы басқа­ратын ми­нистрліктің құзыреті күшей­тілмек: ве­домство «мемлекеттік мұра­ға­т­тардың типтік штаттарын», «мем­лекеттік мұра­ғаттардың тауар, жұмыстар мен қыз­меттерді өткізу бойынша ақылы қыз­мет түрлерін көрсету ережелерін», «Ұлттық мұрағат қорының орталықтан­дырылған мемлекеттік есепке алу туралы ереже­лерін» бекіту функцияларына ие болады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*