Астанаға МГИМО түлектері жиналады

1726
0
Бөлісу:

Дипломаттар даярлайтын мәскеулік жоғары оқу орнының түлектері Астанада өз құрылтайларына жиналатын болды. Кеше Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) проректоры Артем Мальгинді қабылдады. 

Кездесу барысында МГИМО түлектерінің IV Халықаралық форумын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Ресейлік белді оқу орны дәстүрлі түрде өткізетін бұл іс-шараға әлем­дегі ондаған елден белгілі мем­лекет және қоғам қайраткерлері, дип­ло­маттар, іскерлік орта өкілдері жи­налады. Аталған форум биылғы қазан айында Астанада ашылады деп жос­парлануда.
Кездесудің мақсаты – гуманитарлық байланыстарды нығайту, заманауи әлемге қатысты ортақ көзқарасты ілгерілету, елдеріміз бен халықтарымыз­дың ашықты­ғын паш ету.
Бұдан бұрын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты өз түлектерінің форумын Бакуде, Мәскеуде және Ереванда өткізіп келіпті.
Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды. Онда Жоғарғы палата отырысының күн тәртібі белгіленді.
Нәтижесінде, 25 мамырдағы жиында Қазақстан мен Қырғыз елі арасындағы «реад­миссия туралы үкіметаралық келісім­ді және осы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы», Қазақстан мен Ресей арасындағы «темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы үкі­метаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау» туралы заң жобалары сенаторлардың мақұлдауына шығарылатын болды. Заңнамаға «өсімдіктер мен жануарлар дүниесі» және «қорғаныс пен әскери қызмет» мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда талқыланбақ.
Сенат отырысында еліміздің Конс­титуциялық кеңесінің мүшесі Ұбайдолла Стамқұловтың өкілеттігін тоқтату туралы және Сенат төрағасының ұсынысы бойынша Конституциялық кеңесінің мүшесі қызметіне тағайындау туралы мәселе де қаралады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*