Қазақстан мен Грузия қатынастары нығаяды

1608
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Грузияның Қазақстандағы елшісі Зураб Абашидзені қабылдады. Кездесу барысында қазақ-грузин қатынастарын одан әрі нығайтудың, соның ішінде парламентаралық диалогты дамытудың перспективалық бағыттары талқыланды. 

Палата басшысы елші мырзаны екі мем­лекет арасында дипломатиялық қарым-қаты­настардың орнағанына 25 жыл толуы­мен, сондай-ақ алдағы 26 мамырда аталып өтетін Грузияның ұлттық мерекесі – «Тәуел­сіз­дікті қалпына келтіру күнімен» құттық­тады.
Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, Грузия – Қазақстанның маңызды сыртқы саяси серіктесі. Екі ел арасында конструктивті диалог жолға қойылған әрі ол бірізді түрде кеңейтілуде.
Халықаралық күн тәртібіне тоқталған спикер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелерінде елдерімізді ұқсас ұстанымдар біріктіретінін атап көрсетті. Н.Нығматулин Қазақстан Президентінің қолдауымен Астанада өткен сириялық қақтығысты реттеу бойынша келіссөздердің маңыздылығына назар аудартты. Мәжіліс төрағасының айтуынша, Мемлекет бас­шысының таяуда Бейжіңде сириялық қақтығыс бойынша кепілдік беруші елдер – Ресей және Түркия басшыларымен, сондай-ақ Сауд Арабиясының астанасы эр-Риядта «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясында тұтастай алғанда, қауіпсіздік мәселелері бойынша өткізген келіссөздері де үлкен мән-маңызға ие.
Өз кезегінде Зураб Абашидзе Қазақстан­ның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне тоқтала келе, ресми Астананың өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешуге үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Кездесуде екі елдің экономикалық салада да үлкен әлеуетінің барлығы атап өтілді. Нұрлан Нығматулиннің мәліметінше, екі елдің өзара сауда айналымы 2016 жылы небәрі 41 млн долларды құрады. Спикер Аджария мен Маңғыстау облысы, сондай-ақ бауырлас қала-порттар – Батуми мен Ақтау арасындағы тікелей экономикалық байла­ныстарды қайта жаңғырту бойынша Грузия бастамасын Қазақстанның қуаттайтынын мәлімдеді. Ол сонымен бірге, Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуымен бірге, мұндай ынтымақтастық елеулі түрде жеделдейді және екі ел арасындағы экспорт пен импорт ауқымы артады деп үміттенетінін білдірді.
Н.Нығматулин ынтымақтастық бойынша парламенттік топтардың және екі елдің заң шығару органдарының бейінді комитеттерінің әлеуеттерін белсенді пайдалану қажеттігін нықтады. Спикер сондай-ақ грузиялық дипломатты еліміздегі саяси реформалар турасында ақпараттандырды. Бұл ретте Қазақстанда президенттік басқару формасы сақталатыны баса айтылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*