Мемлекет басшысы «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты

1550
0
Бөлісу:

Қазақстан Көшбасшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің астана-сы – Эр-Рияд қаласына сапар жасады. Осында Елбасы тарихта тұңғыш рет өтіп отырған «АҚШ – Ислам әлемі» cаммитіне қатысты. Бұл форумға әлемдегі 50-ден астам мемлекет басшылары жиналды.
Мұсылман үмбеті жаһандық сын-қатерлер алдында бас біріктіруге күш са­лып жатыр. Бұл ендігі өз жемісін де беру­де: мәселен, ислам әлемінің жетекші ел­дерінің бастамасымен қабылданған бір­лескен шаралар былтырғы жыл соңын­да-ақ «қара алтын» құнының ары қа­рай құнсыздануын тоқтатты.
Қазір экономикалық дағдарыс мә­се­лелеріне қоса, қауіпсіздік түйткілдері де күн тәртібінде өткір тұр. Сондықтан Сауд Арабиясында терроризммен халықаралық күрес саласындағы ынтымақтастықты кү­шейту тақырыбы кеңінен талқыға са­лынды.
Қазақ елі – мұсылмандық қоғамдас­тық­тың бөлінбес бөлшегі болып табы­л­а­тын Орталық Азияның сөзсіз көшбас­шы­сы ретінде Ислам әлемінің ізгілікті бар­лық жаһандық бастамаларына қолдау көрсетуде.
Қазақстан Президенті «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясында бірқатар мем­ле­кет­т­ердің басшыларымен және деле­га­ция жетекшілерімен қысқа келіссөздер өт­кізді.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пре­зиденті Дональд Трамппен әңгімелесті. Әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішін­де сауда-экономикалық, саяси және мә­дени-гуманитарлық салалардағы бай­ланыстарды тереңдету перспективасы тал­қыланды. Екі ел президенттері күн тәр­тібіндегі халықаралық мәселелер жө­нінде де пікір алмасты.
Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­денті мемлекетаралық ынтымақтастық­тың түрлі мәселелері жөнінде Кувейт мем­­­лекетінің әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен, Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл Танимен, Бахрейн ко­ролі Хамад бен Иса әл Халифамен, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен, Йе­меннің президентімен, Мавритания пре­зиденті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз­бен, Пәкістанның премьер-министрі Н.Ша­рифпен пікірлесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынты­мақ­тастық ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен өзара іс-қимылдың кейбір аспектілерін тал­қы­лады.
Елбасы саммит барысында Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хат­шысы Рекс Тиллерсонмен де жеке кез­десті. Кездесуде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы екі­жақты ын­тымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін да­мыту перс­пек­тиваларын талқылады. Сон­дай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Тиллерсон ең өзекті халықаралық мә­селелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл көпте­ген бағыттар бойынша дамудың жаңа са­палы деңгейіне көтерілетініне сенім біл­дірді.
Бір айта кетер жайт, Атлант мұхиты­ның ар жағындағы алпауыт державаның басшысы лауазымына кіріскелі бері ал­ғаш рет Дональд Трамп шетелдік сапарға аттанған. АҚШ президенті өзінің тұңғыш сапарын Сауд Арабиясына және Ислам әлемі елдерінің жиынына арнауды жөн деп тапты. Ары қарай ол өз мемлекетінің ежелгі одақтасы – Израильге аттанады және Палестинаға да ат басын бұрмақ. Содан кейін оның жолы Ватиканға, Италияға түседі. Сапар соңында Д.Трамп Брюссельде өтетін НАТО саммитіне және Сицилиядағы «Үлкен жетілік» (G7) сам­митіне қатыспақ.
Қалай болғанда да, бұған дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті ешқашан өзінің ше­телдік сапарын Таяу Шығыстан, со­ның ішінде мұсылман үмбеті үшін ең кие­лі үш жерге (Мекке, Мәдина, Арафат тауы) иелік етуші Сауд Арабиясынан бас­тап көрмепті. Американың жаңа бас­шы­лығы осы арқылы мұсылман елдерімен жау­ласпайтынын, керісінше олармен тату­лық пен өзара түсіністікті арттыруға күш салатынын, Ислам әлемімен қаты­настарға үлкен маңыз беретінін аңғартып отыр.
Оның үстіне саммит барысында аме­рикалық лидер «Ислам дінінің бейбіт си­патын» атап көрсетті. Бұл – Елбасының бастамасымен жиылатын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезінде алғаш мойындалған және дүниежүзіндегі елдер басшыларына үндеу ретінде таратылған ақиқат болатын.
Сарапшылар тарапынан «теңдесі жоқ» және «тарихи» деп бағаланған «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті Батыс пен мұсылман елдері арасында жаһандық тер­роризммен және радикалды экстре­мизммен бірлесе күресудегі жаңа серік­тестіктің іргетасын қалайды деп күтілуде. Айтқандай, саммит қорытындысында Эр-Риядта Терроризммен күрес орталығы ашылатын болады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*