Жаңғырудың жасампаз рухы

1849
0
Бөлісу:

Жиырма күннен кейін Қазақ елінің бас қаласында – ел тарихында, бүкіл посткеңестік кеңістікте, Орталық Азия өңірінде бұрын-соңды болып көрмеген ғаламат шара бастау алады. Елбасы айтқандай, Қазақстан өз Астанасында «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің бүкіләлемдік тарихының «алтын параграфын» жазуға кіріседі. 

Қамтитын мемлекеттерінің саны бойынша ең ірі, өткізілу мерзімі бойынша ең ұзақ жаһан­дық шара саналатын халықаралық көрме кезінде, үш ай бойы рес­публикамыз бүкіл әлемге ғылым мен технологиялар саласындағы табыстарын, көпэтносты халқы­мыздың толеранттылығын, мә­дениетін, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы жетістіктерін паш етпек.
Үш ай бойы Қазақстанның бас қаласы «Болашақ энергиясы» бағытындағы жаңа технологиялар үшін әлемдік таныстыру алаңына айналады. Республикамыз көр­меде көрсетілетін бұл техноло­гиялардың ең үздіктерін өзінде ендіріп, өркендеудің жаңа өрісіне құлаш ұрады.
Астанадағы «ЭКСПО» санаға серпін беретін, экономикаға екпін беретін ерекше оқиға болады деп күтілуде.
Еліміз әлемдегі жаңашылдық пен жаңғырудың жасампаз рухына бөленеді. «Жасыл» дамуды жақтай отырып, Астана елімізді жаңа белестерге бастайды.
Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен, жаһандық көрмеге дайындық мәселелері пысықталған кеңесте қала басшылығы елорда тұрғын­дарының санын 2 миллионға жет­кізу бойынша жоспарларын жария еткен еді. Бір ғажабы, «ЭКСПО – 2017» барысында бас қаламыз қазірден-ақ сонша тұрғыны бар қала болудың қандай екенін сезінбек.
Инвестициялар және даму министрлігінің кеше жариялаған мәліметінше, Астанада өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрме ке­шені аумағында өтетін шараларды шамамен 2 миллион 450 мыңдай адам тамашалайды. Бұл ретте елі­міздің өзге өңірлерінен елордаға 1,8 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Яғни, күн сайын қа­лаға көліктің сан алуан түрлерімен 20 мыңнан астам қонақ кіріп отырады. Бұған жүздеген мың шетелдіктер қосылмақ.
Әлемнің әр атырабынан ағы­латын қонақтар негізінен әуе кө­лігін пайдаланары анық. Дегенмен ресми мәлімет бойынша тасы­мал­дағы негізгі салмақ жердегі кө­лік­ке түспек. Атап айтқанда, ЕХРО үшін Астанаға темір жол кө­лі­гімен 1,1 миллионға жуық қа­зақ­­стандық келеді. Шамамен 161 мың адам әуе кө­лігін таңдайды. 200 мыңға жуық адам жеке авто­көліктеріне жү­гінеді деп болжа­нуда.
Қолданыстағы «тұрақты автобус рейстерімен» 350 мыңнан астам қонақ келуге тиіс. Бұл ретте «ЭКСПО»-ға қатысушыларды тасымалдау үшін арнайы авто­бустық рейстер де ұйымдас­тырылмақ. Нәтижесінде, алдын ала есептеу бойынша, «ЭКСПО – 2017» кезінде облыстардан Аста­наға автобустармен 472 мыңнан астам адам немесе тәулігіне 5 мың­нан астам мейман ағылып келіп жатады. Қазіргі «Сапаржай Астана» автовокзалы тек ағымдағы тұрақты рейстерге қызмет көрсе­теді, ол осынша көлікті қабылдауға қауқарсыз. Сол себепті, «Сапар­жайда» елорданың тұрғындары мен қонақтары үшін дағдылы бағ­дарлар өзгеріссіз қалады. Орташа есеппен 2400 жолаушы тасымал­дайтын 53 рейс сонда тұрақтайды.
Мұның сыртында, «ЭКСПО – 2017» кезінде жолаушыларды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Астанада екі жаңа авто­станса құрылады, олар тәулік бойы еліміздің өңірлерінен 400-ге дейін автобусты қабылдай алады. Қосымша ашылған рейстерге де дәл осы жаңа автобекеттерде қыз­мет көрсетіледі. Биыл 1 маусы­м­нан бастап, қаладағы «Алай» сауда орталығы алдында авто­станса жұмысқа кіріседі, онда солтүстік және батыс өңірлерден – Көк­шетау, Петропавл, Қос­танай, Павлодар, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Өскеменнен келе­тін рейс­терге қызмет көрсетіледі. «Кең­март» жанындағы екінші авто­бекет оңтүстік және орталық өңірлерден – Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағандыдан күніне 34 рейс қабылдайды.
Қазіргі кезде автотасымалды ұйымдастыру процесін жедел реттеу мақсатында Инвестиция және даму министрлігінің Көлік комитеті мемлекеттік нөмірлері, иелері, сыйымдылығы және шы­ғарылған жылы көрсетілген автобустар тізімін жасап жатыр.
Әуемен ұшып келетін жолау­шы­ларды қабылдау үшін әуе­жай­дың жаңа терминалы қолданысқа беріледі.
Темір жол арқылы Астанаға аттанатын жолаушыларды лайық­ты дәрежеде тасымалдау үшін жа­қында бас қаламызда екінші темір жол вокзалы іске қосылады. Мау­сым айы басталғанша, Астана стансаларындағы темір жол бағыттарының саны қазіргі 44-тен 58-ге дейін ұлғайтылады. 14 жо­лау­шылар және қала маңы по­йыздары жолға қойылады. Оның ішінде 4 пойыз «Тұлпар – Тальго» вагондарынан қалыптас­тырыл­мақ. Айтқандай, ақысы өзгелерге қарағанда жоғары саналатын осы жүрдек пойыз жолаушылары «ЭКСПО – 2017» көрмесіне тегін кіре алады: «Жолаушылар тасы­малы» АҚ көрме билеттерін көтер­­ме сатып алыпты және «Тұл­пар – Тальго» жолау­шыларына тегін таратпақ. Өзге рейстер мен электр­ пойыздар жо­лаушыларына 45%-дық жеңілдік қарастырылған.
Астанадағы ЕХРО жаһандық көрмесін ұйымдастырушылар оның жаңартылған «мәдени ойын-сауық бағдарламасын» да жария етті. Ол бойынша белгілі бір күндері «ЭКСПО»-ға билет алып, көрме-кешеніне кірген адамдар бірқатар шараларды тегін тамашалай алмақ. Мәселен, 10-14 маусым аралығында көрменің имидждік жобаларының бірі – «Ұлы дала симфониясы» шоуы өтеді. Күн сайын кешкі 21:30-да басталатын қойылым барысында қазақ халқының бүкіл тарихы көпқырлы, тартымды әрі үдемелі түрде паш етілетін көрінеді.
Көрмеге келушілер үшін тегін мәдени шаралар арасында 2 рет – 23 маусым мен 13 тамызда 20:00-де ұйымдастырылатын «Қазақ­стан­дық эстрада орындаушы­ларының фестивалі», 20-23 шілде аралы­ғында 21:00-де ашылатын Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестірінің кон­церті, 23-25 тамыз аралығында кешкі 9-да басталатын Қазақ ұлттық консерваториясының Құр­манғазы атындағы оркестірінің концерті және басқалары бар.

6 шілде күні кешкі 21:00-де көрме-кешеніндегі амфитеатрда «Астана күніне» арналған барлық іс-шаралар аясындағы басты оқиға – кең ауқымды концерт ұйымдастырылады.
30 тамыз «Конституция күнінің» кең ауқымды мерекелік шаралары да «ЭКСПО» аясында өтпек.
Ырғаққа ырғалып, билеумен қанды қыздыруға құштар жұрт, әсіресе, жастар үшін де көрме аясында тегін би думандары қарастырылған. Мысалы, америкалық «Грэмми» беделді сыйлығының лауреаты, әлемдік диджейлер рейтингінің «ондығына» кіретін голландық музыкалық продюсер Afrojack 11 шілде күні 21:00-де өзінің ең үздік трек-туындыларын ұсынады. 17 шілдеде сол уақытта швед диджейі, продюсер және музыкант Axwell Аксель Кристофер Хедфорс, ал 29 шілдеде әлгі «ондықтың» тағы бір өкілі – америкалық диджей Стив Аоки «ЭКСПО»-ға келушілерді өз шоуларына шақырады. 13 шілде күні «ЭКСПО» аясында MTV әлемдік музыкалық арнасы 21:00-де әлемдік дәрежедегі танымал артистер мен диджейлердің қатысуымен бірегей әрі «жанды дауысты» концерт қойып, телетүсірілімін жүргізеді деп күтілуде. Оған да «ЭКСПО» билеті бойынша тегін кіруге болады дейді ұйымдастырушылар.
Жаһандық көрме осылайша, шаттық әлеміне сүңгуге шақырады.

Айхан ШӘРІП

Фото: Баубек Ауезханов

Бөлісу:

Пікір жазу


*