Ынтымақтастық серпінді сипатқа ие

1337
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы королінің кеңесшісі, Король Фейсал атындағы Исламды зерттеулер орталығының басқарма төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал ибн Әбдел-Азиз әл-Саудты қабылдады.

Мәртебелі мейманын ықыласпен қарсы алған Жоғарғы палата басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының екіжақты қатынастарының үдемелі сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың қазанында эр-Риядқа жасаған сапары екі ел ынтымақтастығына соны серпін берген.
Сондай-ақ спикер өз қонағына Қазақстанның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі туралы да әңгімелеп берді.
Кездесуге қатысушылар Сириядағы ахуалға қатысты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткеніндей, жалғасып жатқан Астана процесі сириялық дағдарысты бейбіт реттеуге елеулі үлес қосуда.
Сенат төрағасы ханзаданы осы бей­сенбіде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығы отырысының қорытындылары туралы ақпараттандырды.
«Біз бір үстелдің басына әлемдік діндер жетекшілері мен көрнекті саясаткерлерді жинаймыз, бұл олардың бірін-бірі тың­дауы және түсінісуі үшін қажет» деді Қ.Тоқаев. Осы орайда Сенат төрағасы Венада орналасқан, король Абдалла ибн Әбдел-Азиз атындағы Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығымен байланыстарды жалғастырудың маңыздылығына назар аударды.
Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*