Терроризммен күресте ымыраға жол жоқ

1588
0
Бөлісу:

Лаңкестікпен күреске арналған заңнама қазақстандықтардың діни құқықтары мен бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе қаласындағы көшпелі отырысына қатысқан палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осыны қадап айтты. 

Парламентшілердің еліміздің батысына сапары аясында ұйымдастырылған бұл жиынға «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуды күшейту, сондай-ақ осы салада­ғы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар» тақырыбы арқау болды.
Отырыстың ашылуында сөз алған Мәжіліс басшысы терроризммен және экстремизммен күреске арналған пәрменді құқықтық база құру бағытындағы жұмысқа назар аудартты.
Нұрлан Зайроллаұлы бейбітшілікті қорғау, тыныштықты сақтау және татулықты күшейту бабаларымыздан келе жатқан қасиетті жол екенін, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құрған тәуелсіз Қазақстанның ең басты мұраты да осы екенін атап көрсетті.
Спикер тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде қауіпсіздікті нығайту жолында атқарылып келе жатқан шараларға тоқталды. Ол, әсіресе, заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Атап айтар болсақ, елімізде «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңы жұмыс істейді.
Н.Нығматулин өткен жылдың жел­тоқсанында ел Президенті «Кейбір заң­намалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойғанын еске салды. Бұл заңның жобасын Мәжіліс қабырғасында талқылауға депутаттармен қатар, тиісті орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ Парламентке кірмеген «Ауыл», «Бірлік», «ЖСДП» секілді партиялардың мүшелері, белгілі құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар, сарапшылар, қоғамдық және діни қай­раткерлер тартылды. Осылайша, жоба кең қоғамдық талқылаудан өткізілді. Нәтижесінде, қазақстандықтардың құқы­ғын, қауіпсіздігін қорғауға бағытталған қажетті заң қабылданды.
– Жұмыстың дәл осы форматы өзінің заманауилығын, тиімділігін көрсетті және жан-жақты әрі сапалы пысықталған заңды әзірлеуге септесті. Парламент Мәжілісі терроризмге қарсы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмысты ары қарай да жалғастыратынын атап өткім келеді, – деді Нұрлан Нығматулин.
Терроризмге қарсы тұру ісін заңнамалық базамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жайында айта отырып, Мәжіліс төрағасы қабылданатын шаралар ел азаматтарының діни құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуге тиістігін нықтады.
Спикер біздің еліміз көптеген кон­фессиялар мен этностардың бейбіт өмір сүру орталығына айналғанын жеткізді. Бірақ «жаман айтпай жақсы жоқ» дейді халық даналығы, қазіргі уақыт кез келген мемлекеттен өте сақ болуды талап етеді.
– Осыған орай Елбасымыз «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды алдағы жылдардағы ішкі саясат саласындағы басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Олардың жолын кесу үшін нақты тапсырмалар берді. Ендігі әрекетіміз – тыныш өмірді бұзатын ұйымдарға қарсы күресті күшейтуіміз қажет. Ақпарат құралдарында және интернетте діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізіп, халық ішінде, жастар арасында ел тыныштығын қорғау жолында тәрбие жұмыстарын қолға алуымыз керек. Бұл ретте Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы өте зор, – деді Н.Нығматулин.
Өз сөзінде ол экстремизммен және тер­роризммен күрес мәселесінің бірнеше қырына отырысқа қатысушылардың на­зарын аудартты. Мәжіліс басшысының байламынша, ел халқына деструктивті ық­пал етумен күрестің жаңа формалары мен әдіс­терін пайдалану, өңірлік терроризмге қарсы комиссиялар қызметін жандандыру қажет.
– Терроризм мен діни экстремизмге қарсы тұру бойынша жұмыстың тиімділігі көбіне азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуына және арандатқыш радикалды идеялармен күреске үлес қосуына байланысты болады. Бұл күресте ымыраға жол жоқ, – деп қадап айтты Нұрлан Нығматулин.
Ол Ақтөбе облысын мысалға келтірді: өңірде орталық және жергілікті биліктердің бірлескен профилактикалық жұмысының тиімді тетігі сынақтан табысты өткізілген.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы жыл үдерінде Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» кең ауқымды жобасы жүзеге асырылды. Білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер, теологтар, кәсіпкерлер, имамдар және құқық қорғау органдарының өкілдері Ақтөбе қаласында және облыстың бес ауданында бірге жұмыс жасады. Жалпы алғанда, топ өз қызметімен облыстың 145 мыңдай тұрғынын, яғни, әрбір алтыншы ақтөбелікті қамтыған. Өңірдегі аудандарда бизнес ортаны дамытуға, халықты әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінді, – деді Н.Нығматулин.
Ол Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығын атап көрсетті. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, олар еліміздегі алдағы жылдардағы бүкіл идеологиялық жұмыс үшін негіз қалады. «Бұл өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тәрбиелеу жұмысын жаңаша түзуге мүмкіндік береді» деп түйді спикер.
Көшпелі отырыста діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алудың көкейкесті мәселелерін талқылауға Үкіметтің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар басшылары, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер мүшелері, дінтанушылар мен сарапшылар қатысты.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*