Тарихшылар тыс қалмайды

1445
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл жобаның мәнін түсіндіре келіп, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өтті Президент.
Тәуелсіз еліміздің оқушы және студент жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолдары бар. Солардың бірі – тарихи өлкетану жұмыс­тарына пайдалану арқылы тәр­биелеу. Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, орта ғасыр­ларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйренуде.
Танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Туған жер» бағдар­ламасын ауылдық жердегі мек­тептерде ұйымдастырудың төмендегідей қызықты бағдарламасын ұсынды.
«Мектептегі тарихшы мұғалімдер «Бұл ауылда қандай зират бар? Жалпы, ауыл қашан пайда болған? Негізін қалаған кімдер? Бұл ауыл қандай жолдан өтті? Ауылда қандай мықты әулеттер бар? Олардың тарихы қалай жалғасты?» деген мәселелер төңірегінде зерттеулер жүргізуі керек. География пәні мұғалімдері «ауылдағы тау, төбе, өзен, көше қалай пайда болған? Бастауын қайдан алады, соңы қайдан тұйықталады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Тіл және әдебиет пәні ұстаздары «Ол тау мен өзен не себепті бұлай аталады? Эти­мологиялық мәні қайда жатыр?» дейтін мәселенің тамырын ажы­ратса, биология пәні оқытушы­лары «Ауылда неше түрлі өсімдік өседі, оның ішінде дәрілік шөптер бар ма, бұл өсімдіктер басқа ай­мақтарда кездесе ме?» деген сауалдарды зерттеуі қажет. Осы сауалдардың негізінде бүкіл ауыл-аймақ қатысатын аудандық байқау өткізіледі. Содан соң облыстық, ең соңында респуб­ликалық конкурс өтіп, нәтижесі жауапты министрлік басшысымен қорытындыланады. Ұлтжан­дылыққа тәрбиелеу осылай бас­талады, ел туралы түсінік осылай қалыптасады» деді тарихшы.
Тарихшы ғалымның осы қарапайым ұсыныстарының өзі-ақ жергілікті жерде өлкетану­шылық жұмыстарды қалай ұйымдастыруға бағыт беріп тұр­ғандай. Бұл бағытта еліміздің мектептерінде бұрыннан қа­лып­тасқан тәжірибе бар. Қазақстанда тарихи өлкетануды жастар тәр­биесінде пайдалану тәжірибесі кешегі өткен кеңестік дәуірде біршама тәуір жүргізілгенін мойындауымыз керек. Кеңес дәуірінде барлық мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында тарихи, өлкетану, жауынгерлік даңқ, археоло­гия­лық, этнографиялық т.б. му­зейлер көп болды. Олардың жұмыстары жақсы деңгейде ұйымдасты­рылып, орталықтан үйлестіріліп, бақыланып отырды. Осындай тәрбие ошақтарында түрлі семи­нарлар, конференциялар, экскур­сиялар, лекторийлер т.б. жұмыс түрлері ұйымдастырылып жас­тарды тәрбиелеуде пай­дала­нылды. Олар тек сол заманның талабына сай коммунистік идео­логияға жұмыс істеді. Кеңестік замандағы өлкетану жұмыстарын жастар тәрбиесінде пайдаланған тиімді тәжірибенің пайдалы тұстарынан қазір де бас тарт­пауымыз керек. Социализмнен жаңа демократиялық қоғамға өту кезеңінде өлкетану жұмыстары әлсіреп қалғаны анық. Эконо­микамыз көтеріліп, саяси-тарихи санамыз жаңғыра бастаған тұста қазіргі заман талабына сай бұл саладағы жұмыстар қайта жандана бастады.
Елбасы туған жердің тарихын тек мектепте оқытумен шектел­мей, «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға шенеуніктерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауымды, жастарды жұмылдыруды тап­сырды. Президент бұл жұмыс жергілікті билік өкілдерінің мін­деті екенін көрсетіп берді. Бұ­рын өлкетанушылық жұмыс­­тар негізінен мектепке жүктеліп және жекелеген өлкетанушы адамдар­дың үлесіне тисе, енді Елбасы мұндай маңызды іске бүкіл ел, барлық қауым болып қатысуға шақырып отыр.
Ендеше, «Туған жер» жоба­сының жүгін жұмыла көтерейік!

Сейітқали ДҮЙСЕН,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*