Ұлттық сананы қалай жаңғыртқан жөн?

2159
0
Бөлісу:

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның назарына!


Елбасы өз мақаласында рухани жаңғыру мен сананы жаңа сапаға көтерудің жалпы бағытын көрсетті. Енді осы бағдарды қоғам болып талқылап, одан жуық онжылдықтарда не істеуіміз керектігі туралы нақты бағдарламалар құру, бағдарымызды жүйелеу сіз бен біздің, яғни, қоғамның міндеті. Оны да билік жасап береді деп қол қусырып күтіп отырар болсақ, онда санамыздың өзгергені қане? Мүмкіндігінше әр азамат ой түбінде жатқан дүниелерін ортаға салғаны жөн деп ойлаймын. Ұлттық сананы жаңғыртуды жүзеге асыру былайша жүйеленсе дейміз.

Рухани жаңғыру бағыты
Санадағы ескіден арылмай, жаңаны сіңіре алмаймыз. Бұл ба­ғыт­тың мақсаты – Елбасы айтқан­дай, бірінші кезекте ұлттық сананы жаңғыртуға, дамуға кері әсері бар әдеттерден арылу. Әрине, арылуға тиісті керітартпа әдеттер қатары аз емес. Алайда дамуымызға кедергі бо­латын ең бастыларынан бастау қа­жет.
Біз дамыған мемлекет болғымыз ке­леді. Қоғамды дамытатын – адам. Олай болса, әр адам ең алдымен не­ден арылуға тиіс?
ҚҰЛДЫҚ САНА. Ұлттың өзін қандай да басқа ұлттан кем санауы оның батыл дамуына, жаңғыруына жол бермейді. Оны өзін кем са­нау психологиялық комплексінен арылтудың төте жолы – патриоттық рухын көтеру, жауынгер халық қа­зақтың, ерлігі мен өрлігін паш ету, бір замандағы үстем ұлттың ұпайын түгендеу үшін жазылған жалған тарихты сақ, ғұн, түркі заманынан бастап қайта жазу, тұмса мәден­ие­тімен, әдебиетімен ұлтты қайта та­ныстырып, рухын көтеру.
ПАРАҚОРЛЫҚ. Санасын жаң­ғырт­қысы келетін ұлт парақор­лықтан арылуға тиіс. Алушының ара­нын ашатын – берушінің көп­тігі. Пара беріп мәселе шешу – қа­лыпты нәрсеге ретінде қабыл­да­на­тыны, тіпті ұлттық мінезге айналып бара жатқаны қауіпті.
ЖЕМҚОРЛЫҚ. Ұлт санасын жаң­ғырту – ең алдымен жемқор­лық­ты түп тамырымен жоюдан басталуы керек. Өйткені егер ұлт­тық жаңғыруға, дамыған елдер қа­тарына ене алмауымызға бір кедергі алдымыздан шығар болса, ол – жемқорлық. Әрине, билік жемқор­лық­пен күреспей қарап отырған жоқ. Сол күрестің нәтижесінде не­бір жоғары лауазымды, шенді ше­неуніктердің арамнан жиған дүниесі тәркіленіп, әділ жазасын алуда. Алайда жемқорлықтың се­беп-салдарымен күрескенімізбен, оны санадан түп тамырымен суы­рып алып тастадық деп айта ал­май­мыз. Жемқорлық сүйексіңді болып барады.
ЖАҒЫМПАЗДЫҚ. Қоғамдағы белді азаматтарды, әсіресе мем­лекеттік қызметтегі шенеуніктерді көтере мақтау мен жағымпаздыққа толы мадақнамаларды тыю қажет. Олай болмайынша, күні ертең жастардың, мектеп оқушыларының арасынан, ертеңгі күннің жағым­паздары қаулап өсіп шығатын болады. Имидж, пиар деген мәселе сауатты жасалуға тиіс. Жағым­паз­дықтан арылып, санамызды са­на­лы, сапалы тұлғалар тәрбиелеу – болашақтың басты мақсаты.
«Ұлттық жаңғыру» оқу – ағарту бағыты
Мақсаты – жаңа заманғы ұлты­мыз эволюциялық жолмен дамуы, бәсекеге қабілетті болуы үшін нені үйренуі керектігі туралы оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу. «Ұлттық жаң­ғыру» оқу ағарту бағдарлама ретінде құрылса құба құп. Онда жастарды ғылыми технологиялық даму мен инновациялық бастамашылдыққа, бәсекеге қабілеттілікке баули оты­рып, олардың ұлтына қара­мас­тан, са­насына мемлекетшілдік, ұлт­жан­дылық, отаншылдық, бір сөзбен, «Бір ел – бір ұлт» рухын егу мүмкін бо­лар еді.

«Құндылықтарды құнттау» бағыты
Бұл бағдардың мақсаты – бүкіл ұлттық құндылықтарды қайта тү­ле­ту. Оның ішіне бізді өзге ұлттан ерек­шелендіретін, ұлттың өзіне тән салт-дәстүр, ұлттық мінез, тарих жә­не тарихи мұрағаттар, тіл, дін, діл, мәдени, рухани өнер (ән, терме, жыр, қиса , күй, айтыс), қолөнер (зер­­герлік, ұсталық, ағаш кесте, тоқыма, тері өңдеу), ұлттық спорт, ұлттық әдебиет, кино, тағы да басқа құндылықтарды жаңғырту. Алайда жаңғырту деген оны реформалау, өзгерту емес. Мүмкіндігінше ұлт­тық құндылықтар әуелгі тұмса қал­пын сақтаса, ол соншалықты құн­ды.
Көшірінді дүниелерді келер ұрпақ «өзімнің төл руханиятым екен» деп қабылдап, ұлттық ру­ха­ният солардың көлеңкесінде қал­мауға тиіс. Қазірдің өзінде осы үрдіс байқалады.
Кеше Димаштың өзі Қытайдағы халықаралық байқауда халық әні «Дайдидауды» айтты, домбырасын тартты, таңқалдырды, табындырды. Анау жылдары Тасқын есімді аза­мат қазақтың халық әні «Дударай­ды» айтып бүкіл қытайды жылатқан, тәнті еткен.
Тереңіне үңіле білсек, терме – ақыл­дың кені, философия, айтыс – ақиқаттың жаршысы, жыр, қисса – тұнған тарих, күй – теңдесі жоқ саз. Әрқайсысының өз орны бар.

Ұлттық – өнім, ұлттық бренд
Үндінің шайы, француздың иіс суы, түркіменнің кілемі немесе ақалтеке жылқысы, қытайдың жі­бегі сияқты қазақтың ұлттық бренді бола алатын, олардың нарығында, сөресінде жоқ ұлттық өнімдермен енудің орны ерекше. Мәселен, ака­де­мик Т.Шармановтың жолымен бие сүтінен қымыздан бастап, ба­лалар тамағы, балмұздаққа, тіпті косметикаға дейін шығару арқылы. Құрт, шұбат, жылқы еті, тағы басқа шетелдіктерге таңсық тағамдарға сұраныс болуы мүмкін.
Бұл орайда ұлттық қолөнерді қай­та жаңғыртудың да маңызы ерек­ше. Киізден, теріден, сүйектен жа­салатын бұйымдар әлемде қатты қы­зығушылық туғызады. Сондай-ақ текемет, ши тоқу, ою салу, зер­гер­лік бұйымдарды жасауды қайта жаңғырту қажет. Бұл біріншіден, алушыны өзінің табиғилығымен, ұлттық ерекшелігімен тартады, сұраныс пайда болады. Екіншіден, қолөнердің, шағын өнеркәсіптің дамуына сеп болады.

«Жаңғырған БАҚ – сана жаңғыруының қозғаушы күші»
«Озық технология – озық ұлт» және «Адам капиталы» иннова­ция­лық даму бағдарларына тоқталма­дық. Өйткені бұл туралы Прези­дент­тің үшінші жаңғыру туралы Жол­дауында айтылды, талқыланды, біраз мәселелер қолға алынды.
Ендігі әңгімені сананың жаң­ғыруын­дағы, демократияны дамы­тудағы БАҚ-тың орны, идеология құралы ретіндегі рөлі, адам психо­ло­гиясына әсері туралы өрбітейік.
Жалпы, сананы жаңғыртуды ақ­парат саласынан бастау керек. Өйт­кені бүгінгінің үлкен-кішісін БАҚ (телеарналар, баспасөз, әлеу­меттік желілер) тәрбиелейді. Жа­манды да, жақсыны да солардан ес­ти­ді, көреді, бойына сіңіреді.
Сананың жаңғыруына БАҚ-тың әсері туралы айтқанда, БАҚ-тың ақпарат тарату қызметінен бө­лек, идеялогиялық функциясына да ерекше мән берілуі қажет.
Бүгінгі күні мән – мағынасыз кө­шірінді теледодалар, ұлттың ділін бұзатын үнді мен түріктің немесе атыс-шабыстан тұратын батыс пен Ре­сейдің фильмдерінен эфир бо­самайды. Солардың идеологиясы санаға сіңіріліп, менталитеті ұлттық мінезді алмастыра бастады. Теле­жобалардың да басым бөлігі көші­рінді. Осы қажетсіз дүниелердің орнын біз жоғарыда айтқан ұлт­тың ұлы тұлғалары туралы, фильм­дер, өзіміздің төл руханиятты наси­хат­тайтын телебағдар­ла­ма­ларымыз жабуға тиіс.

«Конструктивті сын – даму кепілі» бағдары
Объективті сын бар жерде – даму бар. Егер байқасаңыз қазір сын жоққа тән. Әр жерде мәу деп қа­латын репликалар туралы айтып отырған жоқпын. Кәдімгі сапалы, профессионалдық сын. Қаймықпай шындықты айта білетін санасы азат ұрпақ өсуі және соған лайық, бұл­тартпас шындықты мойындап, сөз­ге тоқтай білетін билік тәрбиелеу – демократиялық елге тән қасиет. Яғни, билік даму жолын бетке алған екен, сынды мемлекеттік деңгейге қоюы тиіс.
Рухани жаңғыру тақырыбы актуалды болып тұрғандықтан, әуе­лі әдебиет сынын көтеру маңызды.
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның назарына тө­мендегі мәселелелерді ескеруді ұсын­ғым келеді.
1. Ғылыми технологиялық даму мен инновациялық бастама­шыл­дыққа баули отырып, келер ұрпақ жаһандану ұйығына жұтылып кет­пес үшін олардың санасына мем­ле­кетшілдік, ұлтжандылық, отаншыл­дық рухын егу мақсатында «Ұлттық жаңғыру» оқу ағарту бағдарламасы құрылса;
– Осы бағдарлама аясында бар­лық мектептерде парақорлықтан, жемқорлықтан, жағымпаздықтан, тағы да басқа ұлтты кері тартатын әдет­терден тыйылу тұрғысында ар­найы «Ұлттық жаңғыру» пәні ен­гі­зілсе;
– «Ұлттық жаңғыру» пәніне ба­лабақшадан жоғары оқу орын­да­ры­на дейін жас ерекшелігі ес­керілген оқулықтар шығарылуы қолға алынса;
2. Батырларымыз бен ақын­да­рымызды, ұлттық тұлғаларымызды барлық аймақта бірдей насихат­талуы үшін барлық ірі қалаларда, аудан орталықтарында, тіпті ауыл­дарда бас алаңдарда немесе парк­терде батырлар мен тұлғалардың суреттері ілінген «Ұлттың ұлы тұл­ғалары» аллеясы ашылса;
3. Сананы жаңғырту, ұлттық құн­дылыққа қайта оралуда ки­ноның орны ерекше. Сондықтан
ең алдымен «Қобланды», «Ал­па­мыс», «Ер Тарғын», «Ер Төстік» сияқ­­ты эпостық шығармалар желі­сін­де мультфильмдер түсірілуі және хан­дарымыз бен Қабанбай, Бө­генбай, Райымбек, Наурызбай, та­ғы да басқа айбынды батырлары­мыз туралы көп сериялы патриот­тық кинолар түсірілсе;
4. Ұлттық нақыштағы жаңа ән мен күй шығаратын композитор­лардың жаңа легін тәрбиелеу қолға алынып, жыл сайын олардың ара­сында ең жақсы шығармаға бәйге жарияланып отырса, «Ұлт рухы» наградасы белгіленсе;
5. Бүкіл ел көлемінде «Ұлттық – өнім, ұлттық бренд» патриоттық бастамасы қолға алынып, бағдар­лама түзіліп, қымыз, шұбат, тағы да басқа ұлттық тағамдарды заманға лайық өңдеу, консервілеу, сондай-ақ ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту қолға алынса, жасалған тауарларды әлемдік нарыққа шығарудың бағ­дарламасы жасалса;
6. Ұлттық руханиятты көтерудің ең үлкен қозғаушы күші болып табылатын әдебиет, театр, музыка, кино сыны қайта түлетілсе және тележобалар жұмысына талдау жа­сап, сынға алып отыратын тәуелсіз кеңес құрылса;
7. Ақпарат саласының жұмысы ұлттық сананы жаңырту мен рухани жаңғыруға орайластыра қайта құрыл­са және барлық тележобалар мен түсірілетін сериалдардың ұлт­тық менталитетке лайықты болуы және берері болуын басты мақсат етіп алынса. Телеарналарда рухани, танымдық, кәсіпке баулитын, ин­тел­лектуалдық хабарлар қатарын кө­бейту мақсатты түрде қолға алын­са;
8. Ұлттың патриоттық сезімін көтеру мақсатында Астана төріне, қаладағы ең биік ғимараттардан да биік әрі көлемі кемі бір шақырымды алып жататындай етіп қанатты жол­барыс үстінде тұрған Алтын адам бейнесіндегі ескерткіш-ғимарат ке­шені салынса;
9. Барлық ірі қалаларда неше жүз­деген киіз үйлер тігіліп, этно-ауыл­дар ұйымдастырылып, онда қазақтың салт-дәстүрі, қолөнері, руха­нияты насихатталса. Этно ауыл қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеуі үшін қазіргі сауда орталықтары тә­різ­ді бірнеше қабат арнайы жабық ғимараттар ішінде орналастырылса.
Техника мен технологияның, ро­бот­тандырудың, жасанды интел­лектінің заманында ұлттық құнды­лық­тардың жұтылып кетуі оп-оңай. Техникалық дамуды қуып же­те­міз деп аласұрған адамзат сол дамуға жетекші болып тұрған елдің мә­дениеті мен болмысына қалай сіңіп жоғалып кеткенін білмей қа­лады. Ұлттың рухани деградация­ға ұшы­рамаудың басты жолы – ұлтқа тән пішінімізді, рухани, мәдени ерек­шелігімізді, ұлттық мінезімізді тұм­са қалпында сақтай отырып даму болмақ.

Әділбек ҚАБА

Бөлісу:

Пікір жазу


*