ҚАЗАҚТЫҢ АСАНӘЛІСІ – ЕҢБЕК ЕРІ

1452
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті өнер қайраткері Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Бұл – қазақтың абызына берілген лайықты құрмет. Ардақтысын аялай білген халықтың қадірменді тұлғасына берген жоғары сыйы.

Елбасы Асанәлі Әшімовты 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығар­машылық табыс тіледі. Президент мерейтой иесінің құрметіне арналып 12 мамырда Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрдың сахнасында өткен кешке жоғары баға берді.
– Әріптестеріңіз және зиялы қауым өкілдері сіздің қызметіңізге жоғары баға берді. Біз 40 жылдан астам уақыттан бері таныспыз. Содан бері, әсіресе, ел тәуел­сіз­дігі қалыптасқан күрделі жылдарда әрдайым қолдауыңызды сезініп келемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы актердің шығар­машылық қызметі Кеңес Одағы дәуі­рінде де лайықты бағаланғанын атап өтті.
– Сіз КСРО-ның, Қазақстанның халық артисі ретінде ең жоғары мемле­кеттік наградалармен мара­патталдыңыз. Кино әлемінде Асанәлі Әшімовтың есімін күллі Қазақстан мақтан тұтады. Қазақстандағы сан-салалы шығарма­шылық өнердің саңлағы атандыңыз. Сондықтан елге керек қадірлі тұлға бо­лып отырсыз, – деді Қазақстан Прези­денті.
Елбасы өнер иесінің театр мен кинодағы қазіргі табысты қызметін атап өтіп, оған өз атынан және мемлекет атынан алғыс білдірді.
– Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесіңізді, еліміздің әлеу­меттік-гуманитарлық дамуы жо­лындағы орасан зор жетістіктеріңізді, белсенді қоғамдық қызметіңізді, сондай-ақ халқымыздың тілегін ескеріп, сізге Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру жөнінде шешім қабылдадым. Соған орай «Алтын жұл­дыз» ерекшелік белгісін табыс етемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ кездесу барысында Елбасы мемлекеттің мәдени саласын белсенді түрде қолдап келе жатқанына және өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір тұстарына назар аударды.
– Осы жылдар ішінде Қазақстан мәдениетін назарымнан тыс қал­дырған емеспін. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанда мәдениетті қолдау бағытындағы жан-жақты жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді. «Астана опера», «Қазақ­стан» орталық концерт залы» сияқ­ты нысандар салынып, жаңа шығар­машылық ұжымдар құрылды, еліміздің барлық облысында театрлар жұмысы жолға қойылды. Мемлекет тек экономи­камен ғана айналысып, өнерге қолдау көрсетпесе, бар күш-жігеріміз зая кеткенмен бірдей. Біз Қазақстанның өнерін әлемге таныту және насихаттау үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Көрнекті қайраткер­лерімізді бүкіл жұртқа таныстырып келеміз, – деді Президент.
Асанәлі Әшімов Мемлекет бас­шы­сының ел үшін атқарып жүрген қызметін қолдайтынын және оны мақтан тұта­тынын атап өтті.
– Біз гастрольмен және кино түсіру мақсатымен түрлі елдерге барамыз. Барлығы біздің елдің өзі­ңіздей Пре­зиденті бар екеніне тәнті болып, есіміңізді құрметпен атап жатады. Бүгін иеленген атақты аванс деп есептеймін. Біздің жұмы­сымыз өзгеге үлгі болуға тиіс. Біз сіз­дің «Тек алға!» деген ұстаны­мыңызға сүйене­міз. Сіз жүргізіп отырған саясатты толық мақұлдаймыз және қолдауыңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Асанәлі Әшімов.
Ұлт Көшбасшысы бізді жетіс­тіктерге жетелеген осынау жүйрік уақыт ішіндегі ең басты табысымыз – Тәуелсіздікке қол жеткізгенін айрықша атап өтті.
– Жалпы, өз замандастарыма ри­за­мын. Олардың арасында көп­теген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жазушы­лар бар. Біз көп қиындық­тарды бастан өткердік. Алдымызда халықты басқаша өмір сүруге үйрету міндеті тұрды. Көпшілігі бізді, елімізді қолдады. Солар­дың арасында сіз алдыңғы қатар­да тұрсыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақта актерлер көп, Асанәлі Әшімов – жалғыз. Ол – Бекежан. Ол – Қасым­хан Шадияров. Ол – Шың­ғыс. Ол – қазақ сахна өнерінің мәртебелі мэтрі. Асанәлі Әшімовке, қазақ сахна өнерінің саңлағына берілген марапат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ хал­қының ризашыл көңілі деп білеміз.
Атағыңыз құтты болсын, қазақтың Асанәлісі!

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*