«Қазақ халқының батырлары» алаңы ашылса…

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деп атап көрсеткені белгілі.
Расында да түркітілдес этностар өз Отанын қорғап, оны ұрпаққа мұра етіп қалдырып келген. Жерін, елін қоршаған асыл тарихи тұлғаларды кейінгі ұрпақтары мәңгі естерінде сақтаған және олардың үлгі тұтып, үлкен азамат болуға ұмтылған. Олар батырлар жырларын, ертегілерін дүниеге әкелген. Мұндай туындыларды өскелең ұрпақ жаттап алып, сол ұлы тарихи бабаларына еліктеп, ержеткен. Мысалы: б.з.б. V ғасырда Орталық Азияны парсылардан қорғаған Томирис патшайымды, түріктердің алғашқы батыр патшасы Афрасиаб, Мете (Мау Дүн), Білге Қаған, Тэмужин (Шығыстың ханы) сияқты тарихи тұлғаларды жадымыздан өшірмей, жастарды патриотизмге тәрбиелеуде тілге тиек етеміз. Отансүйгіш рухта тәрбиеленген түріктер өздерінің ұланғайыр жерлерін тарихтың барлық кезеңінде қорғап, оны сақтай білген жауынгер этнос екені тарихта паш етілген.
Ар-ұжданы күшті қазақ халқы әдетте бостандықты, шындықты жоғары бағалап, текті ұрпақ өсіріп келеді. Қазақстан жерінде тәуелсіздік үшін болған қанды соғыстар, апатты шабуылдар аз болмағанын тарихтан білеміз. Мағжан Жұмабаев «Түркістан» атты поэмасында: «Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген.
Замандардан кейінгі тарихи кезеңдерде, қазақ халқы өзінің еркіндігі мен тәуелсіздігін сақтап қалу үшін үздіксіз күресіп, қанды шайқастарды басынан өткеріп жатты. ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар хандығының ұзақ жылдарға созылған басқыншылық соғысына төтеп беріп, ХVІІ ғасырлардан басталған Ресей империясының отарлау саясаты, басқыншылыққа негізделген Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтарымен болған қантөгістер және т.б.
1758 жылы Жоңғар хандығына күйрете соққы берген қазақтар жеңіске жетті. Артынша Жоңғар хандығын Цин империясы жойып жіберді. Тек үздіксіз соғыстардан қиналғанын пайдаланып, Орталық Азия этностарын Ресей империясы отарластырып, Қиыр Шығысқа дейінгі жерді иеленді. Жергілікті этностардың бытыраңқы күрестерін басып, Ресей империясы 1917 жылға дейін Шығыс көршілерін билеп-төстеп келді және оны Совет үкіметі жылдарында өте жабық күйде жалғастырды.
Қаһарман қазақ халқынан көптеген тарихи тұлғалар шықты. Түрік, оның ажырамас бөлігі қазақ халқы ежелден ұрпақтарын ертегі, дастан, батырлар жырларын жаттатып, оны қызығып оқуға, тыңдауға тәрбиелеген. Сондықтан, қазақ – батыр, күшті және рухани дарынды халықтардың бірі. 1920 жылдары, есім кіре бастаған кезімде, кеште жиналып, ертегі мен батырлар жырын тыңдайтын едік. Ер Тарғын, Ерсайын, Қобыланды батырларды жаттап алып, айтатын едім. Сол дастандарды айтып, отырған жерде ұйықтап кетеді екенмін.
Қазақ халқының елдің азаттығы жолында күрескен батырларды жыршы-жыраулар дәріптеп, аңызға, батырлық жырларына айналдырып отырған. Бұған «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Жетіген», «Мырқы батыр», «Қарасай», «Қырымның қырық батыры», «Қарабек батыр», «Төрехан батыр», «Дотан батыр», т.т. жатады. Елден шыққан дарынды жыршы-жыраулар ел аралап, жырлап айтып жүрген. Мысалы, атақты Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батырын» үздіксіз алты ай айтатынын естігенде А.Пушкин таңқалған. Орыстың ұлы ақыны осынша ауқымды дастанды қазақ жырауы басына қалай сақтайды деп айтқан екен.
Таяуда әдебиетшілеріміз «Бабалар сөзі» атты 100 томдық ауыз әдебиеті мұрасын жарыққа шығарып, қазақтың ауызекі әдебиетінің телегей-теңіз екенін паш етті. Мұндай рухани құндылыққа ие халықтар әлемде сирек кездесетін шығар. 1991 жылы тәуелсіздікке қолымыз жетіп, Қазақстан Республикасы құрылып, қазақ халқы дара даму жолына түсті.
Ширек ғасырда, тарихи қысқа мерзімде дұрыс даму жолына түсіп, Қазақстан Республикасы сыртқы және ішкі саясатында бұрын болып көрмеген тамаша жетістіктерге жетті.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің басқару жұмыстарын бірлік пен бейбітшілікке негіздеп жүргізіп келеді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп атап көрсетті. Демек, азаттықтың арқасында ежелден ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани құндылықтарын қайта жаңғыртуға кең жол ашылды. Қазақстанның әрбір аймақтарынан шыққан, кейінгі кезде ұмытылып кеткен адал ұлдарының есімін қайта жаңғыртып, еске алып, ескерткіштер орнатып, ас беріп жатыр. Бұның бәрі «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақтың қанатты құндылығын еске түсіреді. Қазіргі кезде тарихи тұлғалардың, батырлардың рухын қайта жаңғырту еліміздің барлық өңірінде болып жатыр. Алматы облысында Райымбек батыр (1705ж.), Қодар би, Төле би, Қызылордада Жанқожа Нұрмұхаметов, Маңғыстауда Бекет әулие, Оралда Байбарақ Құдайқұлұлы батыр және т.б. жер-жерден шыққан батырлардың саны бізде өте көп. Бұрынғы өткен батырларын ұрпақтардың ардақ тұтуы – түркілерде ежелден келе жатқан дәстүр. Халқымыздың қаһарман ұлдары туған жерін қалай сүйіп, қорғағанын тарихи тұлғаларға қарап білеміз. Аты аңызға айналған, кейінгі өскелең ұрпақтар үлгі тұтатын өнегелі батырлар саналы өмірін қазақ халқының игілігіне жұмсаған.
Қазақ халқы ардақты ата-бабаларының рухын қайта жаңғыртып жатқаны – оның көрегендігі. Мұндай елдің рухын нығайтатын дәстүрді ел басқарушы азаматтардың қолдауы керек. Сондықтан Астана қаласының орталығынан «Батырлар алаңын» ашу қажет. Ол қаһармандық алаңға егеменді еліміздің облыстарындағы, екі қаласындағы бұрынғы, қазіргі батырлардың ескерткіштерінің көшірмесін алдырып арнайы, үлкен мәдени орталыққа айналдыру тиіс.
Астанаға шартараптан туристер ағылып келіп жатады, отандастарымыз ата-бабаларының асыл мұраларымен танысып, өнеге, тәлім алады. Осындай рухани жобаны – «Батырлар қорын» Мәдениет және спорт министрінің қарауында ұйымдастыру қажет. «Батырлар алаңы» қазақ халқының патриоттық орталық мектебі болуы керек.
Уахит ШӘЛЕКЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі