ШЫҰ саммиті Елордада өтеді

Алдағы айдың басында Арқа төсінде әлем жұртшылығын өзіне қарататын, әлем тарихына жазылатын ірі оқиға болмақ. 2017 жылғы 8-9 маусым күндері Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммиті өтеді. Сонда Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүшелікке қабылданады деп күтілуде. Нәтижесінде, бұл ұйым бүкіл әлем тұрғындарының 40 пайыздайын қамтитын болады.
Елордадағы cаммит Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің басшылары кеңесінің кезекті мәжілісі Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтпек. Бұл ұлы құрылтайға дөңгеленген дүниенің әр атырабынан мәртебелі меймандар, ресми делегациялар және журналистер келеді деп күтілуде. Бұл ретте Сыртқы істер министрлігі ШЫҰ cаммитіне қатысып, оның жұмысы мен жаңалықтарын жариялауға құмартқан барлық шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін 25 мамыр күнгі кешке дейін тіркеумен айналыспақ.
Бір атап өтер жайт, бұл ұлы жиынға жаһандық қызығушылықтың зор екені сонша, оған қатысуға Біріккен Ұлттар ұйымының жаңа лидері де ықылас-ынта білдіріп отыр. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Астанадағы ШЫҰ-ның
cаммитіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келуді жоспарлауда. Бұл шешімін Гутерриш мырзаның өзі мәлімдеген. БҰҰ Бас хатшысы сондай-ақ 9 маусымда өтетін Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу
салтанатына да қатысатынын хабарлады.
2016 жылдың маусым айынан бері Қазақстан – ШЫҰ төрағасы. Еліміздің осы ұйымдағы төрағалығының негізгі басымдықтарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ Мемлекет басшылары Кеңесінің алдыңғы отырысында атап көрсеткен болатын. Бұл басымдықтарға – өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көліктік-транзиттік әлеуетті ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету жатады. Бұлардың барлығы ШЫҰ-ны дамытудың 2025 жылға дейінгі cтратегиясын жүзеге асырумен тығыз байланыста жүруде.
Егер тарихқа шолу жасай кетсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымын 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім» (Шанхай қаласы, 1996 жыл) мен «Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге» (Мәскеу қаласы, 1997 жыл) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» негізінде құрды. Ұйымның негізгі мақсаттары – өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру, энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған әрі құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым. Оған қазір Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Сондай-ақ «ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес» мәртебесіне ие мемлекеттер қатарына Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка, Түркия кіреді. Егер байқаушы және осы әріптес елдердің бәрі ұйымға мүшелікке қабылданса, ШЫҰ ғаламшардың 3 миллиардтан астам тұрғынын, яғни әлем халқының 50%-ын қамтымақ.
2017 жылғы 21 сәуірде Астанада ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысы ұйымдастырылған болатын. Оған осы ұйымның бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің директоры да қатысты. Бұл кездесу бас қаламыздағы маусымдағы саммит отырысы қарсаңындағы қорытынды дайындық кезеңіне айналды.
Дәл сол отырыста Шанхай ынтымақтастығы ұйымының құрамы да, географиялық ауқымы да бұрын-соңды болмаған көлемде ұлғаятыны мәлім болды. Өйткені ШЫҰ-ға жаңа мүше ретінде Үндістан мен Пәкістанның қосылу процесі өз аяғына жетіпті.
Ұйымға мүше 6 мемлекет өзара ортақ ұстаным түзген, оған сәйкес, бұған дейін ШЫҰ-ға бақылаушы болып келген Үндістан мен Пәкістанның енді толыққанды мүше ретінде қабылдануы «даму мен көпжақты ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа кезеңін ашып, ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайта түседі».
Айтқандай, Шанхай ынтымақтастық ұйымына бұл екеуі сыртында Беларусь, Ауғанстан, Иран, Моңғолия да бақылаушы. Бұл ретте Ресей келесі кезекте Иран Ислам республикасын да «ұйымға толыққанды мүше» ретінде қабылдауды ұсынуда. Бұл елден БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі өз санкцияларын алып тастағаны мәлім. Ресми Астана Иранның мүше болу өтінімін оң тұрғыдан қарауға дайындығын білдіріп отыр.
Ұйымға кіретін елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары сәуірдегі отырыста алдағы саммиттің күн тәртібін
де айқындады. Олар ШЫҰ-ға мүше- мемлекеттер басшылары Кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарының күн тәртібінің жобасы туралы шешім қабылдады. ШЫҰ-ның келешектегі жоспарларын айқындайтын «Астана декларациясының» жобасы да келісілді. Сондай-
ақ ұйым саммитінің қорытындылары бойынша қол қоюға енгізілетін «Құжаттар тізбесінің» жобасы туралы шешімге және басқа да құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан әлемдегі ең алып ұйымдар-дың бірі саналатын ШЫҰ аясында «экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты күшейту» мақсатында саммит күндері «ЭКСПО – 2017» шеңберінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырмақ. Оған ұйымға мүше-мемлекеттердің делегациялары шақырылуда. Сондай-ақ Астанада XI «Білім аптасы», Өнер фестивалі және «Жасыл экономика, туризм мен спортты дамыту» тақырыбында ШЫҰ жастарының форумы өтетіні мәлім болды.
Жалпы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кеңеюі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына сәйкес келеді. Қазақстан Көшбасшысы бұл идея тек посткеңестік кеңістікпен шектеліп қалмайтынын, болашақта бүкіл Еуропа мен Азияның алып континентін тұтас қамтуы қажеттігін білдірген болатын.
Дәл қазір қазақстандық еуразиялық идея нақты геоэкономикалық және геосаяси сұлбаға ие болып келеді.
Бұған дейін Елбасы Арқаулық еуразиялық қағидаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруда және қызметінде қолданылатынын айтқаны бар. Осындай прагматикалық негіздегі үдеріс Н.Назарбаевтың бастамасы саналатын «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес» ұйымында да табысты жүргізіліп келеді. Ал 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде Қазақстан Президенті Еуразиядағы қауіпсіздіктің ортақ құрлықтық тұғырнамасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастауды ұсынды.
ХХІ ғасырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еуразиялық бастамасы өзінің алғашқы кезіндегі географиялық алаңынан тыс жерлерге де айтарлықтай ықпал ете бастамақ. Егер Еуропа мен
Азия бір шаңырақ астында ынтымақ пен ырысты арттыруда өзгелерге үлгі көрсетсе, бұл ұйымға басқа құрлықтардағы мемлекеттер де тартыла бастайды.
Өйткені өзара сенім, тең құқықтылық және өзара тиімділік қағидаттары тек еуропалықтар мен азиялықтарға ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылықтар.
Елдос СЕНБАЙ