Қазақстанның экономикалық өсімі жеделдеді

1803
0
Бөлісу:

Қазақстан экономикасының қарқынды өсім жолына шыққанын Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры секілді әлемдік алпауыт қаржы ұйымдары да мойындады. Дегенмен жауапты тұлғалар босаңсымауы, ал қарқын бәсеңдемеуі үшін Премьер
Б.Сағынтаев Үкімет мүшелерін экономиканың бұл өсіміне тоқмейілсімеуге шақырды.

Бақытжан Сағынтаевтың төраға­лығымен селекторлық режимде өткен Үкіметтің кешегі отырысында ірі әрі әртүрлі бағыттағы үш мәселе қаралды. Алдымен, Министрлер кабинеті 2017 жылдың 4 айындағы экономикалық өсу қарқынын бағамдады. Содан кейін Мүгедектердің құқықтары туралы кон­венцияның Қазақстанда іске асырылу барысы қаралды. Соңында ауыл шаруашылығы министрлігінің ветери­нарлық қауіпсіздік мәселелерін қалай шешіп жатқаны жөніндегі баяндамасы тыңдалды.
Бірінші болып сөз алған Ұлттық экономика министрі жиналғандарды бір қуантып тастады. Қазақ елінің күйзелістен шығып, сенімді қадам жасай бастағанын бағалаған Халықаралық валюта қоры жақында өз болжамдарын күрт жақсар­тып, 2017 жыл қорытындысында еліміз­дің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2,5%-ға, ал Дүниежүзілік банк кем дегенде 2,2%-ға өсуін күтетінін жариялады. Бірақ үкімет­тегі экономистердің есептеулері әзірге бұдан да жақсы көрсеткіштерді көрсетуде.
– Жалпы алғанда, биылғы 4 айдағы статистиканы оң, позитивті деп айтуға болады. Алдын ала деректер бойынша 2017 жылғы қаңтар-сәуірде, яғни төрт айда ЖІӨ-нің өсуі 3,7%-ға дейін жеделдеді. Биылғы І тоқсанда ол 3% болған еді, – деді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұған негіз болған факторлар «тұтынушылық және инвес­тициялық сұраныс, сондай-ақ ЖІӨ серпінін қолдауға септігін тигізген экономиканың нақты секторындағы кеңі­нен таралып жатқан белсенділік» болып табылды.
Министрлік дерегінше, елімізде негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемі 5,5%-ға өскен. Бөлшек сауда көле­мі 5,5%-ға артқан (2016 жылғы қаңтар-сәуірде керісінше, 2,3%-ға төмендеген еді).
ЖІӨ-нің оң серпіні өндіруші (7,8%-ға) және өңдеу (6,8%-ға) салаларының, құ­рылыстың (6,1%-ға) және қызмет көр­сету саласының (1,9%-ға) сенімді түрде өсуімен байланысты болып отыр. Тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларының ішінде көмір және лигнит (18,9%-ға өсу), мұнай (7,6%-ға), табиғи газ өндірістерінде (13,2%-ға өсу) оң серпін байқалды. Мысалға, Қашаған кен орнында – мұнай өндірісінің, «АрселорМиттал Теміртауда», «Богатырь Көмірде», «ЕЭК»-те – көмір өндірісінің, ал «ССГПО»-да темір кені өндірісінің ұлғаюы байқалды.
Мұнай өңдеу (9,1%-ға өcті), фарма­цевтикалық өнімдер (49,7%-ға), бейме­талдық минералды өнімдер (5,0%-ға), металлургия өнімдері (8,3%-ға) және машина жасау өнімдері (3,3%-ға) сияқты өңдеудің негізгі сегменттерінде де жан­дану тіркелді.
Алайда кері тартқан кәсіпорындар да бар: өндірістің азаюы химия өнеркәсібінде байқалады. Химия өнімдерінің өндірісі 0,7%-ға кеміді. Бұл ретте бірінші тоқсан­мен салыстырғанда құлдырау ауқымының азаюын (-1,2%-ға) атап өткен жөн. Бұл ретте Ақтөбе хром қосындылары зауы­тында хром триоксидінің, хром тұздары мен натрий бихроматы өндірісі, «Қазфосфат» ЖШС-да фосфор және натрий трифосфаты өндірісі төмендепті.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі өзгермей, 2,9% дең­гейінде оң белгіні сақтады. Онда мал мен құстың сойылу көлемі 4,1%-ға, сауыл­ған сиыр сүтінің көлемі 3,3%-ға ұлғайған. Өткен 4 айда азық-түлік өндірісі 5,7%-ға жоғарылады, ал сусын өндірісінің өсуі 2,6%-ды құрады.
Құрылыс 6,1%-ға өсіп, оң серпінін сақтады. Саланың үш көшбасшысы анық­талды: Павлодар облысында (59,5%), Астана қаласында (19,1%) және Жамбыл облысында (12,7%) құрылыс жұмыстары жақсы қарқынмен жүргізілуде. Рас, бұл ретте елордада өсімді баспана және коммерциялық жылжы­майтын мүлік құрылысы берген. Өзге өңірлерде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы Павлодар мұнай-химия зауы­тының жаңғыртылуының жалғасуымен, Ақтоғай КБК-ның құрылысымен және басқасымен байланысты.
Әйтсе де, сөзін қорытындылай келе, Ұлттық экономика министрі ескерту жа­сады.
– Жалпы, 4 айдың қорытындысында экономиканың көптеген салалары бо­йынша өсудің жеделдеуі байқалады. Дегенмен әлемдік тауар және қаржы на­ры­ғындағы сақталып отырған белгі­сіздік – бізді алдағы кезеңдердегі экономика­ның өсуіне қатысты ұстамды болжам жасауға итермелейді. Ағымдық кезеңдегі өсудің оң серпіні мемлекеттік органдарда «бүкіл жыл бойы солай болады» деген жалған әрі негізсіз үлкен үміттерді тудыр­мауға тиісті. Себебі, былтыр алғашқы 5 ай бойы ЖІӨ төмендеді. Салыстырмалы түрде алы­натындықтан, биылғы жыл басын­дағы серпінді өсу де 2016 жыл ба­сында қа­лыптасқан төмен базаға байла­нысты болып отыр. Тиісінше, жылдың екінші жа­р­тысында өткен жылғы төменгі мән­дерге қатысты «өсім факторлары» түге­сіледі, – деп нықтады Тимур Сүлей­менов.
Ол мемлекеттік органдарға «инер­циялық тәсілдерден» бойды аулақ салып, өздері жетекшілік ететін салалар­дың өсуі мәселелерін нақты шешу арқылы жұ­мыстарын жандандыруды ұсынды.
– Төрт айдың нәтижелері тұтастай алғанда, жаман емес, – деді министр баян­дамасын зейін қоя тыңдаған Үкімет басшысы. – Бірақ сонымен бірге, өткен айлардың жетістіктері біздің тыныш­талып, арқаны кеңге салуымызға негіз бермейді. Оның үстіне жыл басындағы серпінді өсім өткен жыл басындағы құлдырауға да байланысты болғандықтан, негізгі жұмыстар бізді жылдың екінші жартысында күтіп тұр. Сондықтан біздің бәріміз – орталық және жергілікті атқа­рушы органдар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешу және жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстарды жалғастыруымыз керек, – деген Б.Сағын­таев Инвестициялар және даму министр­лігіне өңдеу өнеркәсібінде артта қалған салалардағы жағдайды түзеуді жүктеді. Жалпы, осы бағыттағы жұмысты үйлес­тіру бірінші вице-премьер Асқар Маминге тапсырылды.
Үкімет отырысында екінші мәселе – Мүгедектер құқықтары туралы конвенция аясында мемлекет қабылдаған «мүге­дектерге қатысты барлық жалпыаза­маттық құқықтарды іске асыру бойынша міндеттемелер» қалай орындалып жат­қа­нын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баян­дады.
Жақында, «ЭКСПО» көрмесін өткі­зуге дайындық мәселелері пысықталған кеңесте Елбасы Астананың өзінде кейбір әлеуметтік нысандарда жарымжан жандар қоларбасымен көтерілуіне арнал­ған пандустардың еш сын көтермейтінін айтып, сөзін нақты фотосуреттермен дәйектеген болатын.
Министр Т.Дүйсенованың мәліме­тінше, еліміз бойынша мүгедек адамдарға өмірлік маңызды қызметтерді ұсынатын 36 мыңнан астам әлеуметтік маңызды нысан анықталған. Оның ішінде 18,4 мың нысан немесе 63,6%-ы сол кемтар жан­дар­дың өзіне қолжетімсіз деп танылған.
– Емханалардың, ауруханалардың, мектептердің және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бейімдеу дең­гейі 62,4%-ға жетті. Көліктік инфра­құрылым қолжетімділігінің көрсеткіші 50%-дан төмен. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанда әлеуметтік «инватакси» қызметтері белсенді дамуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа енгізуге байла­нысты соңғы екі жылда «инватакси» парктерінің саны 8 есеге – 11-ден 89-ға дейін артты. Жыл сайын әлеуметтік такси парктері 27 мыңнан астам мүгедекке қызмет көрсетеді, – деді министр ханым. Бұл ретте Үкімет отырысында сөз сөй­леген мүмкіндігі шектеулі жандар осын­дай арнаулы таксиге күнін қаратып қоймай, мүгедектердің барлық қоғамдық көліктерге өз бетінше міне алуына жағдай жасауды сұрады.
Т.Дүйсенова «қабылданған шаралар арқылы мүгедектерге ішінара қолжетімді әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын 20 пайыздан 62,4%-ға дейін арттыру қамтамасыз етілгенін» алға тартты.
2016 жылы есту қабілетінің әртүрлі бұзы­лушылықтары бар 4,4 мыңнан астам бала анықталды және оларға ерте меди­циналық әрекет ету шаралары қабыл­даныпты. «Мүгедек балалардың жалпы саны 79 мыңды құрайды және өкінішке қарай бұл көрсеткіш жоғары болып қалуда» деді министр.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, «зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 400 мыңға жуық жалда­малы қызметкер мүгедектікке алып ке­летін кәсіптік аурудың және еңбек жара­қатының жоғары қауіпті аймағында тұр».
«266 мың мүгедектің еңбек етуге қажетті көрсеткіштері бар, оның ішінде 130 мыңдайы немесе 48%-ы еңбек нары­ғында жұмыспен қамтылған. Мү­гедек адамдарды жұмысқа орналастыру квотасы қайта қаралды. Егер ол бұрын барлығына 3%-ды құраса, қазір 2-ден 4%-ға дейін жұмыскерлердің саны және салалар бойынша дифференцияланды. Мүмкіндігі шектеулі 460 қазақстандық «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясында, 22 тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіретін және жеткізетін 141 қоғамдық бірлес­тіктер мен ұйымдарда жұмыс істейді» деді Еңбек және әлеуметтік қорғау ведом­ствосының басшысы.
Ол интернаттағы 626 бала отба­сыларына қайтарылғанын мәлім етті. Нәтижесінде, 6 интернат үйі босаты­лыпты.
Айтпақшы, қазақстандықтардың мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарасы түзеле бастағанға ұқсайды. Статистика комитеті жүргізген зерттеулер қорытын­дысында мүгедектердің 46,3%-ы «халық мүгедектер мәселесіне оң қарым-қаты­наста» деп бағалаған. 2015 жылы осы көрсеткіш бар-жоғы 5%-ды құрады.
Күн тәртібіндегі осы екінші мәселені қорытындылаған Үкімет мүшелері жауап­ты министрдің баяндамасын назарға алды.
Үшінші мәселе бойынша елдегі ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы іс-қимылдар талқы­ланды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов­тың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 27 миллион мал басы тіркелген. Соның ішінде 6,5 миллионы – сиыр, 18,1 мил­лионы – ұсақ мал. Сондай-ақ Қазақстанда 2,2 миллион жылқы, 177,6 мың түйе бар. Бұлар сыртында 36,7 миллион құс өсі­рілуде.
– Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының 23 ошағы тіркелді. Сонымен қатар вирустық диарея және эпизотиялық лимфангит аурулары бо­йынша эпизоотиялық жағдай бірқа­лыпты. АШМ-ның Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың вете­ринариялық қызметі арасында қадамдық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Сондағы әкімдіктермен бірігіп істелген іс-шаралар жануарлар ауруларының динамикасының төмендеуіне оң әсерін тигізеді, – деді бірінші вице-министр.
Биыл 17-ден аса қауіпті ауруларға қарсы 149 млн екпе жұмыстары жоспар­ланған. Жануарлардың қауіпті аурула­рына 70 млн диагностикалық тексеру де жүргізілмек.
Былтыр Атырау облысында тіркелген нодулярлы дерматитке қарсы барлық іс-шаралар жасалынды, дертке шалынған 1150 ірі қара мал басының құны толықтай өтелінді. Атырау облысынан бөлек, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыс­тарының жануарларына да нодулярлы дерматитке қарсы алдын ала екпе егу жұмыстары жүргізілуде.
Күйдіргі көміндісінің орындарын құру және орнықтыру мәселесі қаралды. 2016 жылы республика бойынша жа­нуарлар арасында күйдіргінің 5 ошағы тіркелді. Осыған байланысты күйдіргінің көмінділерін құру бойынша көптеген іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі таңда 2261 көмінді анықталған, олардың 50-і – эпидемиологиялық ошақ (яғни, адам ауырған) және 20 орын – шекаралардың демаркация аумағында. Қоршауға жатқы­зылатын және айырмашылық белгілері болатын 2191 көміндінің 2105-і (96%-ы) қоршауға алынған, 2183 (99,6%) көмін­дінің айырмашылық белгілері бар. Мемлекеттік жер кадастрінің автомат­тандырылған ақпараттық жүйесіне 2104 көмінді енгізілді.
Қазақстан Республикасының 9 облысы (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Павло­дар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау) «аусыл ауруынан таза аймақ» мәртебесіне ие болды. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортқа шығу мүмкіндігін арттырады. Қалған 5 об­лыс бойынша аусыл індетіне вакцина­цияланатын таза аймақ статусын алу үшін жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
Қытай Қазақстанның 9 облысынан мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге қойылған тыйымын жойды, ветерина­риялық қызмет және қой, ара шаруа­шылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу кәсіпорындарына инспекция жүйесінің аудиті жүргізілді. Қазақстандық мұздатылған және салқындатылған қой етін және қойды Иранға экспорттауға ветеринариялық талаптардың келісім процесінің соңғы кезеңі аяқталуда екен.
Талқылауды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, ветеринарлық алдын алу шараларын, соның ішінде екпе жұмыстары мен диагностика жасау ша­раларын уақытылы жүргізуді тап­сырды. Сондай-ақ АШМ өңірлерді қажетті ветеринарлық дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету мәселесін бақылауға алуға міндеттелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*