Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Орталық Азияны жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік беретін бастама

1455
0
Бөлісу:

Қытай орталығы Бейжің шаһарында ашылған «Бір белдеу, бір жол» халықаралық экономикалық форумның тек аспан асты елі үшін ғана емес, жалпы әлем үшін орны бөлек болмақ.
Өйткені бұл бастама жүзеге асқанда осы белдеу бойында орналасқан 4,4 млрд адам тұратын елдерге үлкен пайда әкелмек. Осының өзі-ақ талай нәрседен хабар беріп тұрғаны белгілі.

Еске сала кететін болсақ, жаңа «Жібек жолын» жаңғырту туралы, яғни «Бір белдеу, бір жол» жаңа экономикалық да­му стратегиясы жөнінде 2013 жылы Аста­наға сапарлай келген Қытай бас­шысы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаев­пен кеңес құрып, болашағы зор бастамаға Ел­басынан бата алғаны белгілі. Енді сол жо­баны жүзеге асыру қолға алынып жа­тыр. Шығыс пен Батысты жалғайтын бұл тауар дәлізінің мүмкіндігі шектеусіз. Бұл жобаға қатысқан мемлекеттердің бар­лы­ғы да пайдаға шығары анық. «Біз бар­лы­ғымызға пайда әкелетін қарым-қаты­нас­тың, сауда-саттықтың жаңа моделін ұсы­нып отырмыз. Бұдан ұтылысқа шы­ғатындар жоқ. Тек игілігін көретіндер көп». Бұл Қытай басшысы Си Цзинь­пин­нің айтқаны. Қытай елінің стратегиялық жобасы алты бөліктен тұрады. Нақты­лай­тын болсақ, біріншісі – Бангладеш – Қы­тай – Үндістан – Мьянма, екіншісі – Қы­тай – Моңғолия – Ресей, үшіншісі – Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия, төртіншісі –Қы­тай – Үндіқытай түбегі, бесіншісі – Қытай – Пәкістан, соңғысы – Еура­зия­лық құрлық жолы. Қытай мемлекеті басшысының айтуынша, бұл стратегия­лық жобаға 124 миллиард доллар бөлін­бек. Ол жолдар мен порттар және өзге де инфрақұрылымдар тұрғызуға арналмақ. Қыс­қасы, жаңарған «Жібек жолы» деген атауға ие болған сауда-саттық дәлізі іске қосылған кезде әлемдік сауда-саттық на­ры­ғында үлкен өзгерістер орын алмақ. Фо­румның басты мақсаты – ын­ты­мақ­тастықты жандандыру бағыттарын тал­қы­лау, өзара іс-қимыл платформаларын қалыптастыру және ынтымақтастық нәтижелері бойынша тәжірибе алмасу.
Іс-шарада инфрақұрылымдық бай­ланыс, сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық, өнеркәсіптік инвестициялар, энер­гетика мен ресурстар, қаржылық қол­дау, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Енді 29 мемлекеттің басшылары қа­тыс­қан Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» форумына келейік. Әрине, бұл форум­ның негізгі қонақтарының бірі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені әм­беге аян. Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» атты ха­лықаралық ынтымақтастық форумы-на қатысып, алқалы отырыс аясында өткен «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты дөңгелек үстел жиы­нына қатысушылар алдында сөз сөй­леді. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзи­нь­пиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандан­дыру идеясы әлемде белең алып келе жат­қан саяси, экономикалық және гума­нитарлық дағдарыстарға берілген уақ­тылы жауап екенін атап өтті.
– Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары мил­лиондаған адамның экономикалық бел­сенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жыл­дары әлемдік экономика мен саудада бо­саңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық коо­пе­рацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір се­зінуде, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу,
бір жол» бастамасы жаңа геоэ­ко­но­ми­калық парадигма қалыптастыруға мүм­кіндік бере­тінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда 4,4 млрд тұр­­ғынды қамтитын елдерге пайда әке­леді. Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» өңірлік кооперациясының
жаңа мо­делінің мықты тұстарына ерек-ше тоқ­талды.
– «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы – бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай ке­летін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы. Осыған орай, Жібек жо­лының нақты сұлбасы көріне бастаған қа­зіргі кезде бұл макроөңірлік коопе­ра­ция­ның бірлескен стратегиялық үйлесімі қа­жет. Сондай-ақ Жібек жолы бастама­сын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық кон­тексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік бе­реді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы бас­ты дәнекерге айналып, қайтадан стра­тегиялық маңызға ие болғанын атап өтті. Со­нымен қатар Елбасы Еуразиялық эко­номикалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды.
– «Үлкен Еуразияның» біртұтас эко­номикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының эко­номикалық белдеуі Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы, Еуразиялық экономика­лық одақ және Еуропалық одақ плат­фор­маларын өркендетудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
– Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.
– Жобаларды бірлесе қаржы­ландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстар мен технологиялар трансферт­ті орталықтарын, инновациялық ком­панияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалым­дардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Бұл идеяны қытайлық әріптестер, сонымен қатар, 16 елдің ғылыми мекемелері қолдады. Бастамаға қолдау көрсе­те­сіздер деп үміттенеміз.
Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континенталды трансше­каралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн, – деді Қа­зақстан Президенті. Мемлекет бас­шысының айтуынша, Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын көтеруі арқылы әлемге өңірлік кооперацияның жаңа моделін көрсетті. Бұл әдіс – «біріккен даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» – халықаралық әріп­тестіктің жағымды формасы. Ол осы жол бойынша ондаған елдің эко­номикалық мүддесін көрсетеді. «Жыл сайын Тынық мұхитынан Атлантикаға дейін жаңа әрі жылдам бағыттар игеріліп жатыр, оның арқасында Еуразияның өзіндегі сауда көлемі 2020 жылы 1,2 триллионнан асады деп болжанып отыр» деді Елбасы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» идеясын ой­дағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде Қазақстан­ның құрлық елдері арасындағы тату көршілік қаты­настарды нығайтуды белсенді түрде жақтайтынын және Қытайдың тран­сөңірлік кооперацияны дамыту жөнін­дегі талпынысын қолдайтынын атап өтті.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзін жоғары бағалап, Қазақстанды «трансқұрлық­тық транзиттік тасымалдаудың чем­пионы» деп атады.
Енді сапар аясында болған кез­десулерге келетін болсақ, Елбасы алдымен Си Цзиньпинмен кездескені белгілі.


Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының төрағасына «Бір белдеу, бір жол» форумына ша­қырғаны үшін алғыс айтып, іс-ша­раның жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Форум бүкіл дүниежүзі бойынша биылғы ең басты оқиғаның біріне айналды деп ойлаймын. Бүгінгі форумның ашылуында сөйлеген сөзіңіз мазмұнды болды, ол елдер арасындағы ынтымақтастықтың көп сауалына жауап берді. «Бір белдеу, бір жол» – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл белдеу жер шары тұрғын­дарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары деңгейде нығая түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады. Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Қытай Халық Республикасының төрағасы «Нұрлы жол» бағдар­лама­сының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ мемлекеттер басшы­лары екіжақты ынтымақтастық мә­селелерін талқылады. Тауар айна­лымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика сала­ларындағы ынтымақтастық тақы­рыптарына ерекше көңіл аударылды. Бұдан соң Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы ара­сындағы екіжақты ынтымақ­тастықтың ахуалы және оны дамыту перспек­тивалары жөнінде пікір алмасты.
– Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі болар­лықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өн­діріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруы­мыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев интегра­циялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды. Сонымен қатар тараптар мемлекеттер арасында тауар ай­налымы көлемін ұлғайту мәселелерін, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілерін, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайын талқылады. Қазақстан Пре­зиденті кездесу соңында Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды. Сонымен қатар сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мем­лекеттердің көшбасшыларымен кездесті. Мәселен, Ресей президенті Владимир Путинмен және Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын талқылады. Реджеп Тайып Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Беларусь президенті Александр Лукашенкомен және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның Премьер-министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форум­ның төрағасы К.Швабпен жүздесті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады. Сондай-ақ Испания Премьер-министрі
М.Рахой Қазақстан Президентімен әңгімелесу кезінде «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатыса­тынын растады.


 

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдарының докторы, профессор:
Жібек жолы – саяси емес, эконо­микалық жоба

– Бей­жіңде Азия елдерінің, тіпті әлем экономикасына серпін беретін «Бір белдеу, бір жол» атты форум өтті. Бұған қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы бұрынғы «Жібек жолын» жаңғырту – Қытайдың ежелгі арманы. Өйткені бұл ел сауда-саттықты тек көршілерімен ғана емес, алыс жатқан мемлекеттермен де жақсартуды қалайды. Содан болар қазір Африка, Латын Америкасы, сонымен қатар Алдыңғы Азияда жатқан мемлекеттерге мил­лиардтап инвестиция құя бастады. Жаңа Жібек жолы стратегиялық жобасын жүзеге асыру үшін бұл елдің мемлекеттік банкі 250 миллиард доллар, Экспорт және импорт банкісі 130 миллиард юань көлемінде несие бөлмек көрінеді. Осының өзі Қытайдың бұл жобаға баса назар аударып отырғанын көрсетеді. Демек, мұнша үлкен қаржы Азия, Еуропа, Африка аралығын жалғастыратын көлік жолы, темір жол, ондаған порттар салуға арналмақ. Бұл дәліз арқылы Қытай елі сыртқа өз тауарын шығарса, өзге жақтан шикізат, көмірсутегі отындары т.б жеткізіледі. Бұл жобаға әлемнің 65 елі қызығушылық танытып, атсалысуға даяр екен. Жалпы, бұл форумға 100-ден астам елдің өкілдері мен 29 мемлекеттің басшылары қатысуы жайдан-жай емес. Яғни, жаңа Жібек жолы жобасының іске асуына осылардың бәрі мүдделі деуге болады. Айта кететін бір жайт, жоба саяси емес, тек экономикалық мақсатты көздеп отыр.
– Мұны Маршалл жобасына ұқсатып жатқандар бар. Алдағы уақытта әлемдік сауда-саттықтың көрігін Қытай қыздыратын секілді. Бұл бір елдің үстемдігіне алып келмей ме?
– Жоқ. Қытайдың АҚШ-тың алдына түсуі үшін әлі біраз уақыт керек. Әлі де заманауи, озық технология Батыстың қолында. Қазір Қытай АҚШ-пен – 600 миллиард, Еуроодақпен 500 миллиард доллардың үстінде сауда айналымын жасап отыр. Әрине, Қытайдың қарқынынан қорқатындар бар. Қалайда оған тежеу салуға, кедергі қоюға ұмтылатындар жоқ емес. Соның бірі Барак Обаманың кезінде­гі ТрансТынық мұхит әріптестігі еді. Бұл жоба осы өңірде жатқан елдердің басын біріктіретін экономикалық жоба бола-тұғын. Бұған Қытайды кіргізбеген. Бірақ билік басына Дональд Трамп келген соң, аяқсыз қалды. Қытай қазір АҚШ та­рапынан қысым сәл де болса азайғанын пайдаланып, Жібек жолын жаңғыртуға тырысуда.
– Орта Азия, соның ішінде Қазақстанның ұтары не?
– Бүгінгі күні әлем экономикасы баяулаған тұста, бұл жаңа Жібек жолы жобасы қарқыны бәсеңдеген эко­номикаға жаңаша серпін әкеледі десем, қателес­пеймін. Қытайдан шығып Еуропаға жол тартатын дәліздің бір тармағы Қазақстан арқылы өтеді. Сол жолдардан өтетін жүктен бізге салық ретінде пайда түседі. Демек, ұтарымыз бар. Жаңа инфра­құрылымдар салынады. Жұмыс орындары пайда болады. Осы жолдарды біз де өз қажетімізге пай­да­ланып, өз шикізаты­мызды таси аламыз. Демек, пайда бар. Аспан асты елі біраз өндірістік жобаларын Қазақстанға, Орта Азияда жатқан республикаларға көшірмек. Соның ішінде елімізге 50-ге тақау зауыт-фабрика көшіріледі екен. Бұл да белгілі бір деңгейде эконо­микамызға қарқын әкелмек.
– БАҚ беттерінде «Қытай синдромы» жөнінде жиі жазылады. Экономикалық жобаларды бірлесе атқарған дұрыс шығар. Бірақ ұлттық қауіпсіздігімізді ойлаған да жөн бе еді?
– Әрине, қандай жағдай болсын, біз ұлттық қауіпсіздігімізді бірінші орынға қоюға тиіспіз. Қазақстанның мүддесі алдыңғы қатарда тұруы керек. Жаңа Жібек жолы жобасынан бәлендей қауіпті көріп тұрған жоқпын. Бұл – біріншіден экономикаға серпін беретін жоба. Бұған қалай да қатысуға тиіспіз. Пайдасы жеткілікті. Өйткені теңіз-мұхит жол­дарынан алыс жатырмыз. Амалсыз ин­фрақұрылымы дамыған құрлық жолдарын пайдалануға тура келеді. Оның үстіне Қытай өзі инвестиция құйып отырса, неге қашамыз? Елбасының өзі «экономикалық интеграция – басты мәселе» деп айтып жүр емес пе?! Демек үркейтін ештеңе жоқ.

Бетті дайындаған Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*