«Жас қанат – 2017» жеңімпазы анықталды

2381
0
Бөлісу:

Биыл XXVI рет өткізіліп жатқан «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті. Павлодарлық әнші – Мадияр Бақтиярұлы «Жас қанат – 2017» жеңімпазы.

Аталған байқау көптеген жас орын­­­даушылардың жолын ашты. Бү­гін­­де олар миллиондаған көрермен­нің көзайымына айналды. Атап айт­қан­­да, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұр­лан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Ша­даева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Melo’Men тобы, Құрмаш Маханов, Сәкен Май­ға­зиев, Гауһар Қаспакова, Жан­на Сат­та­рова, Алтынай Жора­баева, Жан­на Орын­ба­сарова, Нұрлан Албан, Бей­біт Қорған, Гүлнұр Ора­зым­­бетова және т.б.
Биыл республика бойынша бай­қау­ға қатысуға 70 өтінім түсіп, оның 14-і бақ сынады. Кәсіби өнер иеле­рі­нен құралған қазылар алқасы­ның ше­­шімімен финалға 5 әнші жолдама ал­ды.
1991 жылдан бері өткізіліп келе жат­қан байқаудың продюсері Мұрат Ер­ғалиев ән байқауына көбіне вокал­дық, сахналық арнайы білімі жоқ, со­­лай бола тұра Құдай берген дары­ны­ның арқасында іріктеуден өткен та­лант­тылар келетінін атап өтті. Ол финал алдын­дағы конференцияда:
– Жиырма алтыншы байқау және әр жолы жаңа. Халық алдына шығу үшін жас орындаушылардың репер­туа­­рын жасау, сапалы әрлеу керек. «Жас Қанаттың» лауреаттары ертең ұйқыдан оянғанда жарық та, ду қол шапалақ та болмайды. Олардың шын бай­қауы «Жас қанат» өткеннен соң бас­та­ла­ды, – деді.
Сонымен қатар М.Ерғалиев қа­ты­су­­шы­ларға қатысты ережелер бо­латынын және мықты әнші болса да ережеге бағын­баса, жобадан шығып қалатынын атап өтті.
– Дайындықтан 1 минут кешігуге бо­ла­ды, 2 минутқа рұқсат жоқ. 2012 жылы Димаш Құдайберген қа­тыс­қанда ол дайын­дыққа кешігіп кел­ді. Ішімнен оны шығар­ғым кел­мей тұр әрі барлығымыз жақсы көріп қал­ғанбыз. Сырттағы күзетшіден сұ­рап жүріп, оның автобустан кешіксе де көлікпен жетіп, бірінші келгенін білдік. Жүрегім орнына түсіп, қуанып кет­тім. Солайша, ол жобада қалды жә­не жеңімпаз атанды, – деді ол.
Астана Опера театрының бас хор же­­тек­­шісі Ержан Даутов «Азия дауы­сын» қай­та шығару керектігіне ерекше тоқ­тал­ды.
– Бұрын «Жас қанаттың» лауреат­тары «Азия дауысына» да қатыса ала­тын. Елі­міз­де беделді классикалық бай­қаулар бар да, үлкен көлемдегі эст­радалық байқаулар жоқ, – деді ол.
«Жас қанат» байқауының қоры­тын­­дысы бойынша, елордалық қа­тысу­шы Жу­лия Төлеухан Астана ра­диосының, алматылық 15 жасар ең жас қатысушы Томирис Жанғазинова Астана қаласы мәдениет басқар­ма­сының арнайы жүлдесіне ие болды. Шымкент қала­сынан қатысқан Ди­на Қанайбекова, Хабар телеарна­сының дәстүрді сақтағаны үшін ар­найы жүлдесін алды. Талды­қор­ған­дық Анель Ысмаилова мен Алматы қа­ласының тумасы Томирис Жан­ға­зи­нова байқаудың дипломаттары атан­ды. «Қола қанат», III орын иегері – IN CORO тобы, «Күміс қанат», II орын иегері – Бүркіт Жанай, «Алтын қа­нат», I орын иегері – Мадияр Бах­тияров болды.
Мадиярдың шығармашылығында бұл – ең үлкен жеңісі. Жеңімпаз әу бас­тан-ақ тек жақсыдан үміт еткенін ай­тады.
– Бұл – сөзбен айтып жеткізе ал­май­­тын қуаныш. Менің есімімді ата­ғанда бұрын-соңды сезінбеген ерекше эмоция­ны бастан өткердім. Қатты тол­қып тұр­дым. Күтудің өзі қобал­жыт­ты. Ақыры, орын­­далды! Басты қар­сыласым ретінде Бүр­кіт Жанайды айтар едім. «Жас қанат» – шындығын­да, аты аңызға айналған бай­қау. Әділ­қа­зылар алқасына және бай­қау бойы ма­ған жанкүйер болған дос­та­рыма ал­ғыс айтамын, – деп әсерімен бө­ліс­ті.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*