Өңірлерде жаңа өсу мүмкіндіктері бар

1453
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет жетекшісі өңір жұртшылығымен, кәсіпкерлермен және жастар ұйымдары өкілдерімен кездесіп, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді түсіндірді, олардың өңірде іске асырылу барысын тексерді.

Сондай-ақ Б.Сағынтаев облыстағы индустриялық кәсіпорындарды, ин­фрақұрылымдық және әлеуметтік ны­сандарды аралады, мемлекеттік бағ­дарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Қостанайда Премьер-министр «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС жұ­мысының мән-жайына қанықты, ондағы жаңғырту аясында шығарылатын автокөлік желісі кеңейтіліп, экспорттық әлеуеті іске асырылуда екен. Зауыт қызметкерлері Бақытжан Сағынтаевқа «ЭКСПО – 2017» көрмесіне аттандыруға даярланған IVECO Crossway автобустарын, сонымен қатар осында жасалатын жеңіл автокөліктер мен коммерциялық техникалар желісін көрсетті. Зауыт
7 брендті: Peugeot, SsangYong, Iveco, Hyundai, JAC, JAC Commercial, Ravon және Chevrolet-ті қамтиды. Бұдан өзге, электромобильдер өндірісі жолға қойылған. Бүгінде автокөліктер еліміздің ішкі нарығы мен көрші Ресейде сатылуда. Тәжікстанға 2 мың JAC және Peugeot автокөліктері жеткізу көзделуде.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін арттырудың негізгі факторы ретінде автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «үлкен мәліметтермен» алмасу секілді Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жер-жерде ендіруді бел­гілегені мәлім. Өнеркәсіптік өндіріске жаңа технологиялардың енгізілуі туралы Премьерге қаладағы «ЕвразКаспианСталь» зауытында баяндалды.
Бұл металлургия зауыты өзінің тех­никалық жабдықталуы мен процестерді автоматтандыру деңгейі бойынша «Индустрияландыру 4.0» Төртінші өнер­кәсіптік революция тұжырымдамасына жауап береді. Бұдан өзге, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде шарттар едәуір жақсартылды. Интеграциялық үдерістер арқасында дайын өнімді одаққа мүше елдерге экспорттау кезінде кедендік рәсімдеу қажеттілігі жойылды. Зауыт металды өңдейді және қайта өңдейді, сондай-ақ арматура, ұсақ сұрыпты илем және басқа да бұйымдар шығарады. Екі жүзге жуық металлург еңбек ететін кәсіпорынның қуаты жылына 450 мың тонна өнімді құрайды.
Осы күні Үкімет басшысы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен, техникалық және кәсіптік білімге оқу­шылармен және студенттермен кездесті. Ашық әңгіме барысында Бақытжан Сағынтаев Қостанай жастарын техникалық прогрестен қалып қоймауға шақырды. Сонымен бірге, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы азаматтардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарғы деңгейінсіз, білім беру және тәрбиенің тиімді жүйесінсіз мүмкін болмайтыны қадап айтылды. Біліктілік – жаңа экономиканы қалыптастырудың басты факторына айналады. Сондықтан Мемлекет кәсіптік білім беру саласына кешенді қолдау көрсетуде.
Биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бастау алады. Бұған қоса, Үкімет өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік, жастар іс-тәжірибесі, «Серпін» және басқа бағ­дарламалар арқылы барлық оқуға ниетті адамдарға кеңінен қолдау көрсетіп жатыр. Мамандарды оқытуда жаңа тәсілдердің қолданылуының және «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасының жүзеге асырылуының үлгісі ретінде Бақытжан Сағынтаевқа Қостанай автомобиль көлігі колледжінің қызметі таныстырылды.
Тегін кәсіптік-техникалық білім беру аясында колледж биыл 315 адамды оқуға қабылдамақ, оның ішінде 100 адам Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қабыл­данады. Кәсіптік даярлау 7 мамандық және 10 біліктілік бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар 2017 жылдың 10 сәуірінен бастап колледжде қысқамерзімді кәсіптік курстар басталған, онда 4 мамандық бойынша
196 адам қамтылған.
Б.Сағынтаев жұмыс сапары аясында «Жемчужина Стомед Уральская» жаңа көпбейінді медициналық орталығына барып, өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларын іске асыру барысымен танысты. Үкімет жетекшісіне цифрлық рентген жүйесі, бейне-эн­доскопиялық жабдықтар, ультрадыбыстық диагностика жүйесі, клиниканың жаб­дықталуы паш етілді. 2016-2017 жылдары Қостанай облысында денсаулық сақтау саласында екі МЖӘ жобасы іске асырылды, жыл соңына дейін Рудный қаласында және Затобольск ауылында емханалар салу бойынша екі жобаны іске асыру жос­парланған.
Бұл ретте Бақытжан Сағынтаев Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысы қарқынын тексеру үшін облыстың Заречное ауылындағы «Северный» ықшамауданына ат басын бұрды. Жаңа ықшамаудан 37 гектар аумақты қамтиды екен, құрылысқа 271 жер телімі бөлінген. Мұнда 34 үй тұрғызу жоспарланған. Жер телімдерінің шекарасына қажетті инфрақұрылым – газ, су құбыры, электр қуаты жүргізілген. Биыл Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 210 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, облыста бағдарлама бойынша бес жылдың ішінде 1 млн 150 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.
Сапар барысында Үкімет басшысы Қостанай кәсіпкерлерімен кездесіп, бизнес ортаны дамыту мәселесін талқылады. Бақытжан Сағынтаев жергілікті бизнес өкілдерінің назарын ел экономикасының Үшінші жаңғыруы аясында ашылып жатқан өсу мүмкіндіктеріне аударды. Б.Сағынтаев кәсіпкерлерді бизнес ортаны жақсарту мен қайта реттеу, экономиканың жаңа салаларындағы, жаңа индус­трия­лардағы, қызмет көрсету саласындағы, ту­ризм мен «қарапайым заттар эко­номи­касындағы» жаппай кәсіпкерлікті жедел дамыту саласындағы бірлескен жұмыстарға белсендірек қатысуға шақырды. Ол осы процестің құрамдас бөлігі ретінде Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы цифрландыру мен Төртінші өнеркәсіптік революцияға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Осыған орай Үкімет заңнамалық өзгерістер мен стандарттау, цифрландыру, мемлекеттік қолдау құралдары қамтылған. Аталған бағыттағы дамудың жүйелі шара­ларын әзірлеуде.
Шара барысында Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, «Атамекен» ҰКП басшысы А.Мырзахметов, облыстың Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы В.Розинов және басқа да кәсіпкерлер сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді көтерді. Өз кезегінде кәсіпкерлердің сұрақтарына Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов, Қаржы вице-министрі
Б.Шолпанқұлов, Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр жауап берді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*