Ядролық отын банкі ашылады

1344
0
Бөлісу:

Биылғы тамызда Қазақстан Президенті мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік басшысының қатысуымен, елімізде «төмен байытылған уран банкінің» ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы кеше Мәжілісте, Үкімет сағаты аясында энергетика министрі Қ.Бозымбаев мәлім етті. Бұл жиынға уран өнеркәсібін дамыту тақырыбы арқау болды.

Үкімет сағатын жүргізген вице-спикер, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева өз сөзінде уран өнеркәсібі «Қазақстан экономи­касының стратегиялық жағынан маңызды әрі тұрақты даму үстіндегі салаларының бірі» екенін атап көрсетті. Қазақстан барланған уран қоры жөнінен әлемде Австралиядан кейін екінші орын алады. «Бұл Қазақстанға халықаралық деңгейде көшбасшы болу артықшылығын беріп қана қоймай, оған уран қорларын ұлттық экономиканы орнықты дамыту үшін саяси тұрғыдан ойластырып және эко­номикалық жағынан мақсатқа лайықты түрде пай­далану бойынша аса зор жауапкершілік жүктейді» деді Мәжіліс төрағасының орын­басары.
Соңғы бес жылда уран саласы ел бюд­жетіне 219 миллиард теңгеге жуық салық пен төлемдер құйған. Сала осы жылдарда жеткен айтулы жетістіктерін паш етіп, Мәжілістің отырыс залы алдында көрме жайды.
Дегенмен Г.Исимбаева аталған секторда туындаған түйткілдерге назар аудартты: олар елімізде «табиғи уранға деген ішкі сұра­ныстың», «реакторға дейінгі ядролық-отын­дық циклға қол жеткізген әртарап­тандырылған төл атом өнеркәсібі кәсіп­орындарымыздың», сондай-ақ «атом энергиясын пайдалану нәтижесінде, пайда болған радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық инфрақұрылымның» жоқтығына байланысты болып келеді.
Өз кезегінде министр Қанат Бозымбаев біздің ел аумағында уран өндірісі «Қаз­атомөнеркәсіп» ұлттық атом компания­сының еншілес және бірлескен кәсіп­орындары арқылы жүзеге асырылатынынан хабардар етті. «Қазатомөнеркәсіптің» негізгі барланған қорлары Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында шоғырланған.
– Ішкі нарықта уран өнімінің өткізілімі жоқ. Қазақстанда өндірілген уран толығымен басқа елдерге экспортталады, бірінші кезекте Еуропа елдері, Қытай, Үндістан, АҚШ, Канада сатып алады. 2016 жылы әлемдік табиғи уран нарығындағы уран өнімінің 80%-ын бес ел өндірді. Олар: Қазақстан, Австралия, Канада, Нигерия және Ресей. Әлемде барлық өндірілген табиғи уранның 39%-ы – Қазақстанның үлесіне тиесілі, – деді ол.
Қазіргі кезде Орал электр-химиялық комбинаты базасында уранды байыту бойынша жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ канадалық САМЕСО компаниясымен бірге «Үлбі металлургиялық зауыты» базасында аффинаждық зауыт құрылысы жүргізілуде. Қытайлық CGNPC компа­ниясымен бірге жылу бөлуші жиынтықтар өндірісі жолға қойылуда, ол өнімді ҚХР өз стансалары үшін кепілдендірілген түрде сатып алып отырмақ.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды халықаралық бас­тамаларының бірі жаппай қырып жою қаруын таратпау мақсатында «Халық­аралық төмен байытылған уран банкін» Қазақстан ау­мағында орналастыру болды. Бұл бірегей жоба және оған әлемде балама жоқ. Оның жұмыстары кесте бойынша жүруде. Қазіргі уақытта барлық жалпы құрылыстық және монтаждау жұмыстары аяқталу сатысына шықты. Болашақ уран отынының қоймасы алаңында жұмыстар 70%-дан астамға орындалған. 2017 жылғы тамыз айында төмен байытылған ядролық отын банкі біздің еліміздің және МАГАТЭ-нің басшы­лықтарының қатысуымен ашылады деп жоспарлануда, – деді Қанат Бозымбаев.
Үкімет сағатына министр сыртында, орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың жауапты тұлғалары, ұлттық атом компаниясының, Үлбі металлургиялық зауы­тының, Ұлттық ядролық орталығы­ның басшылары қатысты. Депутаттар олардан Иранға уран отынын сату бастамасы не болғанын сұрады. Президент Обама тұсында АҚШ әкімшілігі Каспий бойынша осы көршімізден барлық санкцияларды алып тастаған еді. Соның арқасында іргеден ірі нарық ашылған. Алайда АҚШ-тың жаңа көшбасшысы өз елінің ұстаным­дарын қайта қарауда.
Қалаулылар сауалына жауап берген Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Иранға табиғи уран жеткізу үшін Қазақстан АҚШ-тың жаңа әкімшілігі енгізген ветоны еңсеруге күш салып жатқанын білдірді. Атап айтқанда, биылғы наурыз айында «Қазатомөнеркәсіп» Иран Ислам республикасына 950 тонна уран концентратын жеткізуді қарастыратын келісімшартқа қол қояды. Келісім үш жылға есептелген және еліміз үшін пайдалы әрі аса қажет. Себебі, Қазақстан – 2009 жылдан бері өндіріс бойынша бұл саладағы көшбасшы. Алайда дәл қазір уран өнімдерін өткізу нарығы қиын кезеңді бастан кешіруде. Салдарынан, еліміз биыл өндірісті 24,6 мың тоннадан 22 мың тоннаға дейін төмендетуге мәжбүр. Иран нарығына ие болу қазақстандық уран өнеркәсібі үшін қомақты жетістікке айналар еді.
СІМ өкілінің түсіндіруінше, бекітілген келісімшартта «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 22231 қарарындағы талаптарға толық сәйкес болу» талабы көзделіпті.
– Ол талаптардың бірі – әлгі қарар бойынша құрылған органның – «Сатып алулар арнасының» алдын ала мақұлдауын алуды қарастырады. Өкінішке қарай, АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің «бірлескен әрі жаппай қамтитын іс-қимылдар жоспа­рына» қатысты өз елінің тәсілдемелерін қайта қарау туралы ұстанымына бай­ланысты бүгінгі таңда «Сатып алулар арнасына» дәл осы контрактіні жүзеге асыру бойынша авторизация алуға өтінімімізді жолдау орынсыз болып отыр. Өйткені ол өтінім бәрібір мақұлдауға қол жеткізе алмайды. Тиісінше, біз бірлескен әрі жаппай қамтитын іс-қимылдар жоспарына қатысушы барлық елдермен тығыз кеңес жүргізудеміз. Бұл жерде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес мүшесі және Германия, сондай-ақ Иран туралы сөз болып отыр. Осы елдер арасында бұл бағытта келісім орнасымен, біз өтінімімізді жолдап, «келісімшарт ақыры жүзеге асады» деп үміттенетін боламыз, – деп түйді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Тақырыпты толықтырған «Қаз­атом­өнеркәсіп» басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев егер МАГАТЭ бекіткен ойын ережелеріне сай болса, ұлттық компа­нияның уранды кез келген елге сатуға дайын екенін білдірді.
«Біз әлемдегі атом электр стансалары бар барлық елдермен жұмыс жасауға ұмтыламыз. Иранның атом энергетикасын дамыту бойынша ғаламат бағдарламасы бар, сон­дықтан онымен тиісті келісімге отырдық. Құжаттың шарттары біз үшін қызықты. Алайда біз оны жүзеге асыруға тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қатысты «үлкен алтылығына» кіретін барлық елдермен келісімге қол жеткеннен кейін ғана кірісе ала­мыз. Қажетті құжат қолға тиісімен, бұл жұ­мысты бастап кетуге әзірміз» деп сендірді ол.
Депутаттар да Үкімет сағаты тақыры­бына орайлас, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Жиын қорытындысында Үкіметке жолданар ұсы­ныстар жобасы дайындалып, оған қалаулылар айтқан ұсыныстар толық енгізілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*