Емнің де ебін білген жөн

1422
0
Бөлісу:

Қазақстанда фармацевтика – импортқа ең тәуелді салалардың бірі. Өткен жылы еліміздің шетелден тасыған дәрілік импорты экспорт көлемінен 43 есе асып түскен. Бұл мәліметті кеше Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жария етті. Осы күні палатада «халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, фармацевтика саласының жай-күйі мен дамуы», сондай-ақ саладағы проблемаларды шешу жолдары талқыланған парламенттік тыңдау өтті.
Парламенттік тыңдауға Мәжіліс спикері Н.Нығматулин, вице-спикер, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Г.Исимбаева, бірінші вице-премьер А.Мамин қатысты. Сондай-ақ шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ірі фармацевтикалық кәсіпорындардың басшылары, шетелдік сарапшылар, медицина қызметкерлері шақырылыпты.
Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың отандық фармөндірістің дамуын заңнамалық қолдаумен қамтамасыз ететінін атап көрсетті. Спикер Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудің маңызды құрамдас бір бөлігі ретінде дәрімен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша көңіл бөлетінін айтты. Бүгінде отандық дәрі нарығы посткеңестік кеңістіктегі ең үдемелі дамушыларының бірі болып отыр: елімізде 112 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 51-і – дәрі-дәрмек өндірумен, 61-і – медициналық бұйымдар шығарумен айналысады. 12 отандық кәсіпорын халықаралық GMP стандарттарына сәйкес келеді. Қазақстанның фармнарығының көлемі соңғы 10 жылда 7,2 есе ұлғайды.
– Жыл сайын кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында халықты дәрімен қамтамасыз етуге кететін шығыс та ұлғаюда. Егер 2011 жылы дәрі сатып алуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 93 миллиард теңге бөлінсе, ал 2016 жылы бұл сома 164,8 млрд теңгеден асты, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Сонымен бірге, спикер саладағы бірқатар түйткілді мәселелерге назар аудартты. Ол «СҚ-Фармацияның» қызметі ел басшылығы мен қоғам тарапынан көңілтолмастық тудыратынын еске сала келе, бірыңғай дистрибьютордың жұмысын оңтайландыру, бірыңғай дистрибуция жүйесіне иннова­циялар ендіру қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, дәрілер бағасы да көкейкесті мәселе: «Мәселен, биыл Денсаулық сақтау министрлігі «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцина үшін шекті бағаны бір дозасына 148 теңгеден бекітті. Бұл ретте өндірушінің тіркелген вакциналарының шынайы бағасы бір дозасы үшін 420-6960 теңге аралығында құбылады. Ендеше, әлгіндей шектеулер шығу-тегі күмәнді, сапасыз, сертификатталмаған препараттарды демпингтік бағаға сатып алуға соқтыратыны түсінікті. Сонымен қатар осы демпингтік бағаға сатып алынған дәрілер артынша дәріханалар арқылы халыққа қымбаттатылған бағамен өткізіледі. Дистрибьюторлар мен дәріханалар қосатын үстемеақы орташа алғанда әр кезеңде 40-50%-ға дейін жетеді» деп үлкен мәселені көтерген Нұрлан Нығматулин бағадағы бейберекетсіздікті жою үшін Елбасының биылғы Жолдауда «заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізуді» жүктегенін қаперге салды.
– Біз Үкіметтің «Бөлшек желіде дәрілерді бағалық реттеу туралы» сапалы пысықталған заң жобасын биылғы күзде енгізуін күтіп отырмыз. Мәжіліс депутаттары үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық, бизнес орта өкілдерін белсенді тарта отырып, аталған заң жобасымен өте мұқият жұмыс істейтініне сендіргім келеді. Себебі, экономиканың бұл секторы бүкіл халықтың, біздің барлық сайлаушыларымыздың мүддесіне қатысты, – деп түйді Н.Нығматулин.
Фармацевтика саласының қарқынды өсіп жатқанын инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек растады. 2016 жылы өсім 2,5% болды. Өткен үш айда өсім 25,1%-ға жетіпті. «Қазақстанның ішкі тұтынуында отандық өндіріс үлесінің ақшалай құны 11%. Дегенмен тегін медициналық көмек көлемі аясында дәрілік препараттардың 50%-ы отандық өндірістен сатып алынады. 10 кәсіпорын медициналық бұйымдармен отандық денсаулық сақтау мекемелерінің сұранысын толық қамтамасыз етеді» деді министр.
Ол «Хикма» трансұлттық компаниясы Алматы жанында құны 40 млн долларлық фармзауыт құрылысын қолға алғанын хабарлады. Зауытта жүрек-қан тамырлары және орталық жүйке жүйесі ауруларына ем болар препараттар өндірісі жолға қойылмақ. Өндірістік қуаты жылына 300 миллион таблетканы және 90 миллион капсуланы құрайды деп жоспарланған. Бұған қоса Атырауда үнділік инвесторлармен бірлескен, жалпы құны 7 млрд теңге тұратын дәрілік препараттар өндірісінің жобасы, Ақтауда жалпы құны 2 млрд теңге болатын, инфузиялық ерітінді шығаратын өндіріс іске асырылуда.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жалған дәрілер мәселесін қаузады: «Дәрілердің айналымын және нарыққа контрафакт өнімдердің түспеуін бақылау үшін еуропалық елдерде өндірілетін әрбір өнімнің қаптамасына «2Д коды» жүйесін міндетті қондыру бойынша қарар қабылданды. Бұл жүйенің елімізде енгізілуі барлық дәрілік тауар айналымын есепке алуға және бақылауға мүмкіндік береді» деген ол елімізге жеткізілген препараттардың реестрі жүргізілетінін қосты.
Парламенттік тыңдауда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, дәрілік саясат саласындағы халықаралық сарапшы Франс Стоббелаар (Нидерланды) және басқалары баяндама жасады.
Тыңдау қорытындысы бойынша ел Үкіметіне ұсыныстар әзірленеді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*