Құрылтайға кел, қазақ!

2551
0
Бөлісу:

Алдағы айда Астанада сағыныш пен қуаныш қауышады. 2017 жылдың 22-25 маусымы аралығында елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтетін болды. Аумалы-төкпелі заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз әлемнің әр атырабынан туған топыраққа сағынышын арқалап жетпек.
Құтты шаңырақ астында құшақ айқастырып, қауқылдасып, мауқын баспақ.

Қазір ресми Астана осы шараны лайықты өткізу үшін қызу дайындық үстінде. Кеше V Дүниежүзі қазақта­рының құрылтайын өткізуге дайындық бойынша Ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Онда жоғарғы деңгейде шешілуге тиіс мәселелер пысықталды.
Еске сала кетсек, Дүниежүзі қазақ­тарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматыда өткен болатын. II құ­рылтайы араға аттай он жыл салып, 2002 жылы киелі Түркістан жерінде ұйымдастырылды. Содан бері бес жылда бір рет құрылтай шақыру жақсы дәстүрге айналды. Кейінгі құрылтайлар 2005 және 2011 жылдары елордамыз Астанада жиылды. Бұл да бір дәстүр ретінде қалыптасуда. Биыл бесінші құрылтай 34 күннен кейін тағы да Астанада өтеді. Шараның салтанатты ашылуы 23 маусымда Назарбаев университетінде болады.
Мәдениет және спорт министр­лі­гінің мәліметінше, V Құрылтайға әлемнің 38 елінен қазақ диаспорасының 350 өкілі ат арытып жетпек. Мұның сыртында оларға елімізден 370 қазақ­стандық зиялы қауым мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қосылады. Құрылтай аясында «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» ха­лықаралық конференциясы өтеді. Делегаттар үшін елорданың ең көрікті жерлеріне, сондай-ақ сол күндері бас қаланы шаттық-думан мен шат-шадыман тірлікке бөлейтін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне, оның аясында, қала маңында жұмыс жасай­тын «Этноауыл» кешеніне саяхаттар ұйымдас­тырылады. Бірқатар министр­ліктерде дөңгелек үстелдер мен семи­нарлар өткізіледі.
– Құрылтай барысында шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржы­ландыру, қандастарға басқа да көмектер көрсету, шетелдік жастарды Қазақ­станға білім алуға шақыру секілді сан алуан мәселелер талқыланады. Құрыл­тайдың мақсаты – шетелдегі қазақтарды Қазақ­станға көшуге ынталандыру, олардың қандай қажеттіліктері барын анық­­­тау, – деп хабарлады Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынба­сары Сұлтанәлі Балғабаев.
Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, биылғы құрылтайға шақырылғандар­дың басым көпшілігі әртүрлі салада же­тіс­тіктерге жетіп жүрген шетелдік қазақ жастары болмақ.
Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан бұған дейінгі құрыл­тайлардың нәтиже бергенін, алдағы жиыннан да үміт мол екенін білдірді. «Алғашқы құрылтай нәтижесінде, ағайын елге оралып, жастар Қазақстан оқу орындарына түсе бастады. Екінші құрылтайда Қытай қазақтарының елге көшуіне мүмкіндік жасалды. Шеттегі қазақтар үшін Caspionet телеарнасы қосылды. Төртінші құрылтайдан кейін көші-қон туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ізгі жаңалық­тар қабылданды» дейді ол.
Құрылтай – тойлау үшін емес, ой­ласу үшін шақырылатын жиын еке­нін кезінде Елбасы ескерткен. Демек, бұл жолы да шетелдегі ағайынды алаң­датқан біраз мәселе көтеріліп, шешімі ізделсе абзал.
Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа белеске қадам басар шақта құрылтай шақырып, кеңес құрған. Дәл қазір Қазақ елі «үштаған ұлы реформаны» – саяси, техноло­гиялық және рухани жаңғыруды қатар жүргізуге кіріскені мәлім. Әлемдегі барша қазақ бұдан кеңінен хабардар болғаны ләзім. Сондықтан биылғы құрылтайдың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша болғалы тұр.
Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті, қабырғалы ел болған қалың халқымен қайта қауышқан шетелдегі ағайын, әсіресе, жас ұрпақ Қазақ елінің жаңа ұлы көшінің көлікті болуына – рухани және технологиялық өрлеуіне өз үлесін қосады деген сенім бар.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*