Ислам елдеріне миллион тонна астық сата аламыз

1433
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыста сенаторлар екі халықаралық құжатты мақұлдады. Соның қатарында ел Парламенті «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасына қатысты «Қарыз туралы келісімді» ратификациялады.

Бұл құжат бойынша ХҚДБ Қазақстанға 80 миллион доллар көлемінде қарыз береді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­тановтың түсіндіруінше, осы заемдық қаражат «әлеуметтік медициналық сақ­тандырудың ұлттық жүйесін енгізуді қолдауға», «медициналық көмек көрсету жүйесін нығайтуға», сондай-ақ «әлеуметтік медициналық сақтандыру стратегиясының жобасына мониторинг жүргізу мен бағалауға» бағытталатын болады.
«МӘМС – ауқымды жоба, тиісінше, оған бюджеттен де ауқымды қаражат бөлінуде. Соны ескерсек, оның сыртында халықаралық ұйымнан қосымша заем алу қаншалықты орынды? Мысалы, жоба аясында 2 мың маманды оқытпақшысыздар. Елімізде жоғары оқу орындары онсыз да оқытады емес пе?» деп сұрады Б.Шелпеков.
– Расында, республикалық бюджеттен жыл сайын салаға қаражат бөлінеді. Бұл жобада қарастырылған оқыту – басқа оқыту, оның аясында мамандар осы жобаның мақсаттарына арнайы даярланады. Медици­налық сақтандыруды енгізу үшін сақтандыру қорының, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының мамандарын және бастапқы медициналық көмектің деңгейінде оқыту көзделген. Бұл оқытудың мәні мен сипаты басқаша, – деді Е.Біртанов.
Заң жобасын қолдап сөз алған сенатор С.Бектұрғанов денсаулық сақтау министр­лігінің алдында «бастапқы дәрігерлік көмектен бастап, министрлікке дейін барлық деңгейде, яғни, азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне қатысушылардың өзара іс-қимылының жаңа, әрі біртұтас жүйесін қалыптастыру міндеті» тұрғанын атап өтті. «Оны тұрғындар үшін қосымша мәселе туындамайтындай етіп жасау маңызды» деді сенатор.
Кейін журналистер алдына шыққан министр «МӘМС жүйесі толық іске кіріскенге дейін азаматтардың оған дайын болуын қамтамасыз ететіндерін» мәлім етті. Ол министрлікте МӘМС жүйесін енгізу бойынша медиа-құралдарды қолдану, тұрғындармен кездесу өткізу, сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқыту-үйрету арқылы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын қосты. Республикамыздың 11 облысында денсаулық сақтау басқармаларының базасында МӘМС-ті түсіндіру жұмыстары бойынша call-орталықтар жұмыс жасайды.
Жоғарғы палата бір мәселені министр­ліктің қаперіне салды. Жоба мақсатына қол жеткізу үшін уәкілетті орган небәрі төрт индикатор-көрсеткішті ғана белгілепті, ал келісімнің барлық бағыттары бойынша 19 міндетті шешу жоспарланып отыр. «Осыған байланысты кейіннен мақсаттарға қол жеткеніне анық көз жеткізуіміз үшін ден­саулық сақтау министрлігі әрбір міндет бойынша көрсеткіштерді айқындауы қажет» деді С.Бектұрғанов.
Палата осы күні Ислам Конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы Экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялады. Бас келісімнің мақсаты – ИЫҰ мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми ынты­мақ­тастықты жүзеге асыру қағидаттарын құқықтық бекіту. Құжат халықтардың игілігі мен өркендеуін орнатуға бағытталған ортақ мүдделерге қол жеткізу үшін Қазақстан мен ИЫҰ мүше елдердің бірлескен күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Қосымша баяндама жасаған сенатор
А.Бейсенбаев еліміздің қолданыстағы заңнамасының ережелеріне және ТМД, Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда аумағы шеңберіндегі Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмеуі және ықтимал қайшылықтарға жол бермеу мақсатында Қазақстан бас келісімге жеке мәлімдемемен және төл ескертпелерімен қол қойғанын атап өтті.
Сенатор А.Күзеков еліміз үшін ИЫҰ-ға мүше елдер ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін нарық ретінде ықылас-қызығу­шылық туғызатынын атап өтті. Мәселен, Қазақстан оларға миллион тонна астық экспорттай алады. Ол сондай-ақ Қазақстан бас келісім арқылы сауда, инвестиция, ғылым мен технология салаларындағы ын­тымақтастықты нығайтуға ниеттеніп отырғанын жеткізді.
Жалпы отырыс соңында сенатор А.Бей­сенбаевтың «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі және құс шаруашылығымен айналысатын белгілі компания басшылығының өтініші бойынша депутаттық сауалдары жария етілді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*