Азия даму банкі жаңа жолға қарыз береді

1418
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісім» де құпталды. Бұл құжат Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы аясында 1 және 6-халықаралық автожол дәліздерін қосатын «Ақтөбе – Мақат» көлік жолын реконструкциялауды қарастырады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, келісімге сәйкес, Азия даму банкі біздің елімізге ұзындығы 299 шақырымға жуық екі жолақты автомобиль жолының учаскесін қайта құруға 240 миллион 300 мың доллар мөлшерінде қарыз береді.
– «Ресей Федерациясының Орскіге қарай шекарасы – Ақтөбе – Атырау – Ресейдің Астраханьға қарай шекарасы» аралығындағы автомобиль жолының «Ақтөбе – Мақат» учаскесін реконструкциялау мемлекетаралық және сауда қатынастарының кеңеюі және тереңдеуі үшін мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ Каспий маңындағы өңірге Қытай, Ресей нарықтарына және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуға жол ашады. Өйткені ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылатын болады, – деді Ж.Қасымбек.
Жалпы алғанда, 299 шақырымға жетер-жетпес жолды қайта төсеуге 273 миллион 65 мың доллар қаражат жұмсалғалы тұр. Соның 240,3 миллион долларын Азия даму банкі 18 жылға қарызға береді. Бұл мерзімге 5,5 жыл­дық жеңілдікті кезең де кіреді. «АДБ-ның сыйақы ставкасы – ЛИБОР+0,6%» болады, «резервтеу үшін комиссиясы – заемның игерілмеген қалдығына жылына 0,15%-ды құрайды». Бұл пайыздарды және басқа да қарыз бойын­ша төлемдерді Қазақстан жарты­­­жылдықта бір рет – әр жылдың 15 қара­­шасы мен 15 мамырында төлеп отыруға міндетті.
Бұл қарыз сыртында республикалық бюджеттен дәл осы жол теліміне қосымша 32 миллион 765 мың доллар бағытталмақ.
Инвестициялар және даму министрі жалғыз жолға арналған осынша сома неден құралатынын түсіндірді:
– Ол жолда 150-ден астам әртүрлі инженерлік құрылыстар, 11 өтпе, 39 мал айдап өтетін жер болады. Жол ені 15 метрді құрайтын жер жолағын алып жатады. Екінші санаттағы ескі жол жақсартылған күйге көшіріліп, асфальтбетон төселеді. Нәти­жесінде, егер қазіргі кезде ол жолмен әр білігіне 6-8 тонна салмақ түсетін көліктер қозғала алса, енді бұл көрсеткіш 13 тоннаға жет­кізіледі. Яғни, жолдың беріктік сипат­тамалары екі есеге өседі. Біз онда қазіргі заманғы кез келген ауыр техникаға қызмет көрсете аламыз. Қазақстандағы барлық жаңа жолдар білікке 13 тонна жүктемені негізге ала отырып, салынуда. Бұл – жаңа стандарттар және еуропалық стандарттарға сәйкес келеді, – деді Ж.Қасымбек.
Әлгінде айтылған сомаға сондай-ақ техниканы және автокөлік жолына қызмет көрсетуші жабдықтарды ұсыну, жол қоз­ғалысы қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету де кіреді екен.
Осы күні Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Ресей Федера­ция­сының үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынты­мақтастық туралы келісімді» ратифика­циялайтын заң жобасын да мақұлдады. Оған сәйкес, екі елдің іздестіру-құтқару қызметтері бұдан былай үйлесімді жұмыс жүргізетін болады.
Егер бір мемлекеттің іздестіру-құтқару қызметі өз аумағында болған авиациялық оқиға туралы хабар алса, құтқару және іздес­тіру бойынша дереу барлық қажетті шара­ларды қабылдайды. Келісімде көрсетілгендей, әрбір тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында авиациялық іздестіру-құтқару қызметтерінің болуын және олардың тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асыруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әрбір тарап өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операция­ларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды өздері көтереді.
Қажет болып жатса, мемлекет екінші тараптың көмегін сұрата алады, бұл ретте ол сол мемлекеттің іздестіру-құтқарушы күштері мен олардың құралдары өз аумағына тездетіп өтуі үшін барлық шаралар қабылдауға міндетті.
Жалпы отырыста қалаулылар жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы жұмысқа қабылдап алды. Сол сияқты Қырғыз Республикасымен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді, сонымен қатар Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы келiсiмге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хат­тамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы жаңа хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобалары да қарауға алынып, олар бойынша да бейінді комитеттердің қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*