Әскери парад – армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтастығы

3874
4
Бөлісу:

Ел Президенті, Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен, «Отан қорғаушы күніне» және Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ армиясы мен әскери техникасының бұл шеруі ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі әрі ауқымды әскери парад болды.

Елбасы айтқандай, Отан қорғаушы күні – батыр бабаларымыздың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәс­түрін тоғыстыратын мейрам. Атала­рымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұланғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқа­сында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз. Әскери парад – қазіргі қазақ елінің Қарулы Күштерінің ұрыс қабілеттілігі мен әскери шебер­лігінің, қуаты мен мүмкіндік­терінің көрінісі. Қазақстан өз армиясын мақтан тұтады және оны нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қарулы Күштер заманауи техникамен жарақтан­ды­рылуда. Басқару жүйесіне жаңа тех­нологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қарқынды енгізілуде. Мемлекет Отан қорғаушыларды қам­қорлығына алып келеді.
Парадты тамашалауға шақырылған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әскері қалыптасудың лайықты жолынан өтке­нін және оның беделі жоғары екенін айтты.
– Парадқа бес мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысуда. Бұл айбынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жылдарда мемлекет әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Алғашқы әскери құрылымдардан бастап, қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі ауқымды жолдан өттік. Мемлекеттің қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абы­роймен атқара білді. Қарулы Күштеріміз ел ішінде және шет елде жоғары беделге ие болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев осыдан тура ширек ғасыр бұрын, 7 мамыр күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл армиясын құру туралы жарлыққа қол қойғанын еске салды.

– Содан бері Қарулы күштеріміз бес қаруы сай, заманауи үлгідегі айбынды ар­мия­ға айналды. Сайыпқыран сарбаздарымыз – Ұлы даланың сенімді қорғаны, аза­мат­тығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі за­ман талаптарына жауап беретін әлеуетті әс­керімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің бас­ты бағыттары айқындалды. Әскери док­тринамыз қабылданды. Экономикамыз қар­қынды дамыған сайын еліміздің Қарулы күш­тері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіп­сіздігіміз – «Қазақстан – 2050» стра­те­гиясының басты бағыттарының бірі. Жауын­герлеріміз әлемнің әр атырабында бітім­гер­шілік миссияларды өз мойындарына алып, абы­роймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әс­кер ретінде танылды, – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Елдің бүтіндігін, жердің тұтастығын ойлай­тын қазақ елі бейбіт өмірді баянды ба­қыт­қа балайды, сонымен бірге «тарихымыз – өшпес ерліктің жылнамасы, жеңім­паз­дық­тың шежіресі» деді Н.Назарбаев.
– Баһадүр бабалардың ізбасарлары қазір тәуел­сіз Қазақстан әскерінің сапында тұр. «Жауынгерлік тәрбие әскери киімнен емес, жөр­гектен басталады» деп қаһарман батыр Бауыр­жан Момышұлы айтқан. Жерінің қауіп­сіздігін, елінің тыныштығын қорғау әр аза­маттың қасиетті парызы, абыройлы мін­деті болып саналады. Сіздер еліміздің ше­ка­расы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қыз­мет етіп келесіздер. Бүгінде қасиетті жері­міз көкте де, жерде де, суда да сенімді қор­ғалатынын көріп отырмыз. Қазақстан ар­миясының бүгінгі салтанатты шеруі – осы­ның айқын көрінісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы армияны жаңғырту­дың басымдығы бар бағыттарына тоқталып, оны әрі қарай дамыту міндеттерін анықтап берді. Мәселен, енді әскеріміз қажет болған жағ­­дайда, терроризммен күреске де тарты­ла­ды.
– Бүгінде Қарулы күштер елімізбен бірге жаң­ғырудың тарихи кезеңін бастан өткеру-де. Тер­роризммен күрес – барлық күш құры­лымдары қызметінің мүлде жаңа бағыты. Қа­зақстан армиясы сақадай сай болып, кез келген қауіп-қатерге дайын тұруға тиіс. Тағы бір негізгі міндет – жеке құрамды нығайту. Біз әскери қызметшілердің жаңа буынын тәр­биелеудеміз. Әскери киім киген адамдар мін­сіз абырой мен әділдіктің эталоны, бола­шақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. М­е­рекелік парадқа Қарулы Күштеріміздің ре­зер­ві болып саналатын «Жас ұлан» әскери мек­тептері курсанттарының тұңғыш рет қа­тысып отырғаны кездейсоқ емес. Бұл – армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтас­ты­ғы­ның жарқын белгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да бейбітшілік пен тұрақтылықты сақ­таудың маңыздылығына тоқталып, Ота­ны­мыз­дың қауіпсіздігін тек армия ғана емес, елі­міздің барлық азаматтары да ойлауға тиіс екен­дігін атап өтті.
Соғыстағы кез келген жеңіс шийіт бол­ған құрбандардың жанымен, төгілген қаны­мен сомдалады, бейбіт өмірдегі жеңістер мен жетістіктер әкелердің ізгілікті істерімен, ана­лар мейірімінің шуағымен, сәбидің шат күл­кісімен нұрланады.
– Біз барлық көршілерімізбен доспыз жә­не «Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен ар­тық» деген өнегелі өсиетті есте ұстауымыз ке­р­ек! Сондықтан басты құндылықтарымыз – бейбітшілік, келісім және бірлік дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеміз. Қарулы күштер әрқашан да тәуелсіздігіміз-дің бас­ты тірегі болып қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті бү­г­ін­гідей бейбіт өмір сыйлап, тәуелсіз әрі мық­ты мемлекет құруға жол ашқаны үшін со­ғыс ардагерлеріне алғыс айтты. Жас ұр­пақты батыр бабаларымыздың ерлік жолын одан ары жалғастыруға шақырды.
«Еліміздің Қарулы күштері – ата-баба­мыздың жауынгерлік даңқының мұрагерлері, әкелеріміз бен аталарымыздың ерлік дәс­түрлерінің сабақтастығының символы» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Жоғарғы бас қолбасшы әс­ке­ри қызметшілерге өздерінің қасиетті бо­рыш­тарын адал атқарып, туған жеріміздің тыныштығын қорғауды, сондай-ақ өздерінің кәсіби шеберліктерін, жауынгерлік машық-дағдыларын шыңдап, жауынгерлік бауыр­ластық пен бірлікті нығайтуды жүктеді. «Ме­рейтойлық шерудің қазақстандық ар­мияның әскери қуатын, биік рухын паш ете­ріне сенімдімін!» деп түйді Елбасы.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайы мен «Қа­зақ елі» монументі алаңының алдында өткен әс­кери парад ресми рәсімнен басталды. Сал­танатты шеруді Елбасы, Қазақстан Қа­рулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Осыдан кейін Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовқа әс­кери парад қолбасшысы, Қарулы күштердің Құрлық әскерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парад туралы баянат жасады. Ізінше Қорғаныс министрі Жо­ғарғы бас қолбасшыға парадтың дайын еке­нін баяндады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2017 жылғы елордадағы осы әскери парад – қазақстандық армияның әскер түрлері мен тек­терінің ең ірі маршына айналды және бар­лық өлшем бойынша бұдан бұрын өткі­зіл­ген әскерлер парадтардан асып түсті. Бұл кү­ні «Тәуелсіздік даңғылы» бойымен, сал­та­натты маршпен шамамен 26 жаяу әскердің па­радтық есептоптары құрамында 5000-нан аса әскери қызметші адымдап өтті. 300-ге жуық әскери техника мен қару-жарақтың за­манауи үлгілерінің механикаландырылған легі паш етілді.
Бұл ретте қазақстандықтар алғаш рет 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің жауын­герлік арсеналын толтырған отандық жә­не шетелдік өндірістегі су жаңа әскери тех­никаларын, қару-жарақтың жаңа үлгі­лерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Дәстүрлі түрде жаяу әскер легін «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәр­биеленушілерінен құралған барабан­шы­лар­дың құрама ротасы ашты. Биылғы жылы ал­ғаш рет Астана, Алматы, Қарағанды, Шым­кент қалаларындағы барлық рес­пуб­ликалық «Жас ұлан» әскери мектептерінен іріктелген үздік өкілдері барабаншылардың сапынан табылып отыр. «Жас ұлан» респуб­ли­калық әскери мектептерінің тәрбиелену­шілері – ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстан ар­миясының болашағы.
Шеруді Қорғаныс министрлігінің офи­цер­лері, Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күш­тері және Әскери-теңіз күштері, Десант­тық-шабуылдау әскерлері, теңіз жаяу әскері, бітімгершілік күштердің, арнайы мақсаттағы бө­лімшелердің офицерлері, әскери қыз­метші әйелдердің, әскери полицияның, ау­мақтық қорғаныс бригадасының және бас­қа­ларының парадтық есептоптар жал­ғас­тырды. Жаяу әскер легін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы түйіндеді.
Көрермендер осыдан кейін механи­каландырылған лектің құрамында қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін өз көздерімен көрді. Оның ішінде «Каз Град», «Смерч», «Прима» дүркін оқ ату­дың реактивті жүйелері, «Кобра» жауын­герлік барлау машиналары, ЖӘЖМ-2 жаяу әскер жауынгерлік машиналары, «Солнце­пек» АОЖ-1 оқшашар жүйелері, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені, БТР-80А, БТР-82-А броньды транспортерлері, «МСТА-Б» гаубицасы, «Гиацинт» зеңбірек­тер батареясы, «Тюльпан» өздігінен жүретін минаатқышы, «Точка-У» тактикалық зы­мырандары, «Арлан» броньды дөңгелекті ма­шиналары, «Хаммер» жоғары маневрлі көп мақсатты өтімділігі жоғары армия бронь­ды автомобильдері, «Натиск» ұшу ап­параттары мен радиоэлектрондық барлау жүйе­лері, «Федерал» арнайы броньдалған ав­то­мобильдер легі, «Тигр» арнайы полиция ав­томобилі және басқа да заманауи әскери техника мен қару-жарақ үлгілері бар.
Парадта әскери техника үстінде «Скай­ларк» және «Бусел» атты 40 шақырымға дейін­гі қашықтықта оператор арқылы жер­ден басқарылатын жеңіл салмақты ұшқыш­сыз ұшу аппараттары көрсетілді.
Атап өтер жайт, парадқа шығарылған әс­кери техникалардың жартысына жуығы Қа­зақстанда жасалады екен. Мәселен, «Ар­лан» сауытты техникасы, «Каз Град» реак­тивті жүйелері, «Жігіт» зеңбірек қон­дыр­ғы­лары отандық қорғаныс кәсіпо­рын­дарында өндіріледі. Әскеріміздегі негізгі көлік болып саналатын, сондай-ақ артиллериялық зең­біректі сүйреп тасымалдайтын КамАЗ көлік­тері Көкшетаудағы «КамАЗ Инжиниринг» зауытында жасалған.
«Каз Град» дүркіндетіп ату реактивті жүйе­сі, яғни, аты аңызға айналған «Катюша» қаруына ұқсас реактивті қару 20 шақырым қа­шықтықтағы жаудың нысандары мен әс­кери техникасын талқандауға қабілетті. «Арлан» сауытты машиналары – отандық «Қа­зақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсі­п­ор­нында құрастырылған, минаға қарсы қор­ғану деңгейі аса жоғары көлік. Кез келген атыс қаруының шабуылына төтеп береді, 16 тон­на салмақты алып жүреді, жылдамдықты са­ғатына 100 шақырымға дейін арттыра ала­ды. ЗУ-23-2 зенитті қондырғысы – Петро­павл ауыр машина жасау зауытының өнімі, қосымша зымырандық ұшыру модулімен және тепловизормен жабдықталғандықтан, тәуліктің кез келген уақытында 6 шақырымға дейінгі әуе нысандарын атып түсіре алады.
«Қазақстан Инжиниринг» ұлттық ком­паниясының кәсіпорындарында және өзге де отандық зауыттарда қолдағы әскери тех­никаларды жаңарту, жөндеу мен жаңа қару-жарақ түрлерін, оқ-дәрілер мен арнайы құрал­д­арды жасап шығару жолға қойылған.
Парад соңында көрермендер Әуе қор­ғанысы күштерінің ең заманауи ұшу ап­параттарын басқарған қазақстандық ұш­қыштардың шеберлігі мен өнеріне куә бол­ды. Бір қызығы, Мәскеудегі қолайсыз ауа райына байланысты көрші Ресейге «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне» арналған парадтың әуедегі бағдарламасынан бас тартуына және жауған жаңбыр астында тек жердегі шерумен шектелуге тура келген.
Астанада да дәл парад қарсаңында ас­панды қорғасындай ауыр бұлттар торлап тұр­ған болатын. Алайда синоптиктердің көңіл­сіз болжамына қарамастан, дәл ме­рекелік парад өтетін күні, таңертең аспан шай­дай ашылып, күн нұрын төкті.
Әуедегі шеруді Қазақстанның Әуе қор­ғанысы күштерінің тікұшақтар тобы ашты. Олар Астананың көк аспанында «25» деген мерекелік датаны бейнелеген қатармен ұшып өтті. Қазақстандық авиацияның қуаты мен жауынгерлік әзірлігін көкте Әуе қорға­нысы күштерінің 70-ке жуық авиациялық техникасы көрсетті. Соңында «ромб» жауын­герлік тәртібінде сап түзген «Жетісу» пи­лоттық тобы СУ-27 ауыр жойғыш ұшақ­тары­мен Астана аспанында «Бәйтерек» деп ата­латын жоғары пилотаж фигурасын паш етті: жойғыш ұшақтар қатарласқан күйі көк­ке тігінен шаншыла шырқады да, отшашу жасай жүріп, кенет әр жаққа тарап кетті. Олар­дың өнері қалың көрерменге көл-көсір әсер берді.
Осы күні Астанада «Отан қорғаушы күні­не» және Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар от­ша­шумен аяқталды. Артиллериялық 25 дүр­кін атыс Ұлы Жеңістің символы болып та­былатын 76-миллиметрлік зеңбіректен жа­салды. Салют көз жауын алар фейер­верк­пен сүйемелденді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Алмас қылыш 10 Мамыр, 2017 at 11:46 Жауап

    Әскер – қазақстандық патриотизм мектебі. Әскери шеруді көрген сайын төбем көкке екі елі жетпей қалады. Мереке құтты болсын!

  2. Оспан 10 Мамыр, 2017 at 11:56 Жауап

    Әскерлеріміздің айбыны анау-мынау бұзық ойлылардың аяқтарын тартып жүруіне бірден-бір себеп. Лайым елімізде тыныштық болсын!

  3. Тука 10 Мамыр, 2017 at 12:06 Жауап

    Мектепте оқып жүрген кезімде Жасұландықтарға қарап қатты қызығатынмын. Әдемі форма, абыройлы мамандыққа дайындалған, салмақты, тәртіпті. Бала болып, далада ойын қуып жүретін кездері ғой.

  4. Әлия 10 Мамыр, 2017 at 12:09 Жауап

    Ия жас кадеттер парадтың сәнін келтірді. Барабан соғып адымдап өткенде олардың сапы өте әсерлі болды.

Пікір жазу


*