Бауырластар зиратындағы боздақтар

1605
0
Бөлісу:

Ресейдің Волгоград, Новгород, Псков облысында жатқан бауырластар зиратына тәу ете барып, бірқатар қазақ азаматтарының аты-жөнін кездестірдік.  


Солардың бірі – Кеңес одағының батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров. 1919 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған. Ол Сталинград үшін болған шайқаста қаһармаңдықпен қаза тапты. Ростов облысының Вешенск ауданының Н. Әбдіров жерленген Коньки хуторында, Қарағанды қаласында, туған ауылында ескерткіштер орнатылған. Волгоградтағы Мамаев қорғанының етегінде Н. Әбдіров бейнелі зираты жасалған.

Ресейдің Новгород облысы, Марево ауданы, Кушелово елдімекені маңындағы қиян-кескі ұрыста опат болған Өсербай Тұрарұлының қойылған ескерткіш-белгі қазақ жауынгеріне көрсетілген алғашқы құрмет. Ол 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларының бірінде қан майданға аттанған. Новгород облысы, Марево ауданының орталығы Молвотицы селолық әкімдігінің бас маманы Анна Козлованың айтуынша, қазақ жауынгері Кушелово елдімекенінде қайтыс болғанымен, 1965 жылдары аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Поля деревнясына қайта жерленген. №348 атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Дивизия 1941 жылы қыркүйек айында Чкалов облысында жасақталыпты. Қызыл жұлдыз және Кутузов атындағы ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған. 1943 жылы 29 қаңтар мен 27 ақпан аралығында Кушелово маңайын жаудан тазарту кезінде мерт болған сарбаздарға бүгінгі таңда мемориалды кешен орнатылған. Кешен ішінде бірінің астында – 400, екіншісінде 300-ге жуық сарбаз жерленген екі үлкен зират бар екен. Мұнда Өсербай Тұрарұлымен бірге Батырбеков Нұрқан, Тайманов Омар, Бекбаев Абдулла және басқа да азаматтар жатыр.

Кеңес одағының батыры, мерген Әлия Молдағұлова – 1943 жылдан бастап 54- арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болды. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтар, Псков облысы Новосокольники ауданы Казачиха ауылында көз жұмған. Соғыстан кейін сүйегі Новосокольники ауданының Монакова ауылына көшірілген.

Новосокольники № 72 орта мектебі Әлия есімімен аталады. Новосокольники қаласында М.Айнековтің авторлығымен ескерткіш орнатылған.

 

Казачиха деревнясынан 4 шақырым жердегі Монаково селосына кіре берістегі жотадағы бауырластар зиратында Қалдаяқ Мәмешов, Ділдәхан Үдербаев, Ахметбек Күліков, Сейдахмет Қосдәулетов, Өтеш Шойбеков және басқа қазақ жауынгерлері жерленген.

 

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

(Суретті түсірген автор)

Бөлісу:

Пікір жазу


*