Қазақстанның құпия қызмет басшылары

1397
0
Бөлісу:

Әлемде бірде бір мемлекет арнаулы қызметсіз өмір сүре алмайды. Қауіпсіздік органдары – әрқашан мемлекеттік құрылымдарға сенімді қызмет ететін арнайы құпия ұйым. Кеңес заманындағы қазақстандық қауіпсіздік органдары қалай жұмыс істеді? Құрылымы қандай болды? Олардың басшылары туралы не білеміз?

1917 жылдың қазанында Ре­сейде мемлекеттік төңкеріс болып, билік басына боль­ше­вик­тер пар­тиясы келді. Жаңа өкі­меттің өзін­дік билік орган­дары болатыны белгілі. Осы жылдың желтоқса­нында Халық комис­сарлары кеңе­сінің қаулы­сы­мен контрреволюция және саботаж­бен күрес мақсатында Бүкілре­сейлік Төтенше комитет құрыл­ды. Оны халқымыз «ВЧК» (Все­союзный чрезвычайный ко­ми­тет) деген атпен жақсы біледі.
«ВЧК» қызметкерлері Кеңес өкіметіне қарсы тұлғалармен ымы­расыз күрес жүргізді. Сол се­бепті бұл мекеменің Кеңес өкі­метінің орнығуында өзіндік орны бар. Оның бірінші төрағасы бо­лып Ф.Дзержинский та­ға­йын­далды. Осы лауазымда ол 1922 жылдың 6 ақпанына де­­йін қызмет етті. Атақты ре­вол­юция сарбазы қауіп­сіздік ор­ган­дарының негізін қалап, оның міндеттері мен болашағын ай­қын­дап берді.
1922 жылдың 6 ақпанында Мем­лекеттік саяси басқарма (ел аузында «ОГПУ» деп те аталады) құру туралы қаулы қабылданды. Ол 1923 жылы Біріккен мем­лекеттік саяси басқарма КСРО Халық комиссарлары кеңесі құ­рамында ұйымдастырылды. Дзержинский осы құпия қызметті өмірінің соңына дейін басқарды. Орнына В.Менжинский та­ғайын­далып, 1934 жылға дейін қызмет етті.
«ВЧК»-ның қазақ жеріндегі өкілетті уәкілі кімдер еді? 1921 жылдың сәуірінен осы жыл­дың қарашасына дейін Иван Дани­ловский басқарды. Қауіп­сіздік саласында қызмет еткен жылдары Қазақстан аумағынан басқа Гомель губер­ния­сы Төтен­ше комитетінің төрағасы және Татар облысы ГПУ басшысы болды. 1921-1922 жыл­дары бұл қызметке Григорий Мо­роз келді. Ол Қазан революция­сынан кейін қауіп­сіздік органда­рындағы жұмысы­мен қоса, әр кездері партия және кәсіподақ ұйым­да­рында қыз­мет­­тер атқарды. 1937 жылы қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
1922-1928 жылдары Иван Ка­ши­рин төраға болды. Ол да Кеңес үкіметіне қарсы терро­рис­тік ұйым құрды деген айып тағылып, 1937 жылы атылды. 1928-1930 жыл­дары бұл орынға неміс ұлты­ның өкілі Николай Волленберг жайғасты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Белоруссия­дағы қызыл әскерді ұйымдас­тырушылардың бірі. Шетелде дипломатиялық лауа­зым­да қыз­мет атқарып жүрген уақытында денсаулығына бай­ланысты Мәс­кеуге оралып, 1937 жылы қайтыс болған.
1930-1931 жылдары жоғарыда аталған Иван Даниловский қайта басшылық етті. 1934 жылдың шілдесіндегі КСРО Орталық ат­қару комитетінің қаулысына сәй­кес, мемлекеттік қауіпсіздік ор­ган­дары Ішкі істер халық комис­сариаты құрамына енеді. Оны халқымыз «НКВД» деген атпен жақсы біледі.
В.Менжинский қайтыс бол­ғаннан кейін ОГПУ, ал кейін­нен НКВД жұмысын 1934-1936 жыл­дар аралығында Г.Ягода, ал 1936-1938 жылдары НКВД орган­дарын
Н.Ежов басқарды. Ежовтан кейін НКВД органдарына 1945 жылға дейін Л.Берия басшылық қылды.
Біздің елідегі жағдайға келетін болсақ, Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариаты 1937 жыл­дың 7 қаңтарында құ­­рылды. 1931-1935 жылдар аралығында Қазақстан аймағы бойынша Бү­кілресейлік төтенше комитеттің өкілетті уәкілі, кейін Қазақ АССР Ішкі істер халық комиссары міндеттерін Василий Каруцкий атқарған. Алғашқыда Колчак армиясының музыкалық коман­дасында мобилизация бойынша қызмет етіп, кейіннен парти­зандар жағына қашып өткен. Қауіпсіздік органдарында 3-дә­режелі мемлекеттік қауіпсіздік комиссары лауазымына дейін өскен. 1938 жылы Мәскеудегі Бот­кин ауруханасында өзін-өзі атып өлтірген деген мәлімет бар.
Бұдан кейін Қазақ ССР-і Ішкі істер халық комиссары мін­дет­терін бірнеше адам атқарды. Оның алғашқысы – 1935-1938 жылдары басшылық еткен Лев Залин (Левин Зельман). Бірінші дүниежүзілік со­ғысқа қатысушы. Немістер тылында астыртын жұ­мыс жасап, партизан отрядтарын ұйымдастырған. 1938 жылы қа­мауға алынып, 1940 жылы ату жазасына кесілді. 1938-1939 жыл­дары Станислав Реденс келді. Ол да 1938 жылы қамауға алынып, 1940 жылы ату жазасына кесілді. 1939-1940 жылдары құпия қыз­метті Се­мен Бурдаков басқарды. Н.Тол­мачев атындағы Петроград қызыл әскер университетін бі­тірді. Қызыл әскер және қа­уіп­сіздік органда­рындағы қыз­меті аралығында қатар­дағы жауын­герден генерал-лейте­нант дәре­жесіне дейін өсті.
1941 жылдың 3 ақпа­­нын­да КСРО Жоғарғы ке­ңе­сі Пре­зи­диумының Қау­лы­­сымен Ішкі істер халық комис­сариа­ты­мен қатар, КСРО Мем­ле­кет­тік қауіп­сіздігінің халық комиссариатын (НКГБ) құру туралы шешім қа­был­данып, бұл жаңа құрылған мекемені В.Мер­кулов басқарады.
Ұлы Отан соғысы бастал­ған­нан кейін 1941 жылғы 20 шіл­дедегі КСРО Жоғарғы кеңесі Президиу­мының Қаулысымен НКВД және НКГБ Л.Берия басқарған ортақ КСРО Ішкі істер халық комисса­риатына бірікті­рілді. 1943 жылдың 14 сәуі­рінде КСРО Жоғарғы кеңесі Прези­диумы шешімімен В.Мер­кулов басшылық еткен Мемле­кеттік қауіпсіздік халық комис­сариаты (НКГБ) қайта құрылды. 1946 жылдан бастап «нарко­маттар» мен министрліктер құ­рылғаннан кейін, Мемлекеттік қа­уіпсіздік ми­нистрі болып В.Абакумов тағайын­далады. Та­рихтан жақсы білетіні­міздей, жоғарыда аттары аталған Яго­да, Ежов, Берия, Меркулов, Абаку­мов­тар қыз­меттерінде өрес­кел қателіктер жіберді. «Заң­ды аяқас­ты етті» деген тағы да бас­қа түрлі айып­тауларға ұшырап, со­ңынан ату жазасына кесілді.
Осы кезеңдерде Қазақстанда қандай тағайындаулар болды? 1940-1944 жылдары Қазақ ССР мемле­кеттік қауіпсіздігінің Ха­лық ко­миссары болып Алексей Бабкин тағайындалады. Бабкин­нің қа­тар­­дағы жауынгерден генерал-лейте­нант атағына дейін өсуі – оның Кеңес Одағын нығайту жолындағы жанқиярлық қызмет жолынан сыр шертіп тұрғандығы анық. Сонымен қа­тар бірқатар жоғарғы мемле­кеттік наградалары да бар екендігін айта кету керек.
1944-1945 жылдары бұл қыз­­метке Сергей Огольцов таға­йын­далды. Ол қауіпсіздік орган­дарында қызмет еткен уақытында генерал-лейтенант әскери ата­ғы және КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік министрі­нің бірінші орын­басары, КСРО Мем­лекеттік қауіп­сіздік министрі­нің Бас бар­лау бас­қар­масының бастығы лауазым­дарына дейін көтерілді.
1946-1951 жылдары Қазақ ССР-і Мемлекеттік қауіпсіздік министрі болып Алексей Бызов тағайындалады. Ол Қазақстанмен қатар, Ресей, Украина, Татарстан және Өзбекстан қауіпсіздік органдарында басшылық лауа­зымдарда қызмет атқарған. 1960 жылы мемлекеттік қауіп­сіз­дік комиссары, генерал-ма­йор ата­ғында зейнетке шық­­ты. 1951-1953 жылдары Па­вел Фитин келді. Кеңестік саяси барлаудың көрнекті бас­шы­ларының бірі. Генерал-лейтенант атағына дейін жеткен. Ұлы Отан соғысы жыл­дарында сырт­қы барлауды бас­қара оты­рып, неміс басшылы­ғы­ның пи­ғыл­дары туралы ақпарат­пен ел бас­шылығын қамтамасыз ету жо­лында үлкен еңбек атқар­ған. 1953-1959 жыл­дары Влади­мир Губин жайғасты. Қауіп­сіз­дік органдарындағы қызметі ара­лы­ғында генерал-лейтенант ата­ғына дейін көтерілді. 1948-1951 жылдары Қазақ ССР ішкі істер министрі болып қызмет атқарған. 1959-1960 жылдары Константин Лунев отырды. Ол қызметтік жо­лында КСРО ІІМ министрінің бірінші орынбасары және КСРО МҚК Төрағасының орынбасары лауазымдарында болған. Берия ісі бойынша сот үрдісіне қа­тысқан.
1960-1963 жылдары Қазақстан МҚК төрағасы қызметіне Әу­бә­кір Арыстанбеков келді. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш қауіп­сіздік қызмет басшысы, генерал-майор. Ә.Арыс­танбеков 1930 жылы мемлекеттік қауіп­сіз­дік органдарына, атап айтсақ Бірік­кен мемлекеттік саяси басқармаға (ОГПУ) шақырылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Арыстан­беков барлау бөлімшесін басқар­ған уақытында жау жа­ғы­на өтіп, бірқатар барлау тап­сыр­маларын орындаған. 1944-1956 жылдар ара­­лығында Қа­зақ­станның Жам­был, Семей, Оңтүстік Қазақ­стан, Қарағанды облыстарының мем­лекеттік қа­уіп­­сіздік басқарма­ларын бас­қарды. 1956 жылы гене­рал-майор Ә.Арыстанбеков Қазақ ССР-і МҚҚ төрағасының бірінші орын­­басары, ал 1960 жылы осы ме­ке­менің басшысы болып, аталған лауазымда зей­нетке шық­қанша қызмет етті. 1970 жылы қай­тыс болды.
1963-1975 жылдары бұл қыз­метке Георгий Евдокименко келді. 1939 жылы ІІХК (НКВД) қызметке жіберілген. Ұлы Отан соғысы кезін­де өзге қызметтері­мен қатар, Сол­түстік Кавказ, Приморск ар­миясы мен Балтық жағалауы майданы «СМЕРШ» қарсы барлау бөлімше­лерін басқарған. Генерал-лейтенант Г.Евдокименко Қауіп­сіздік ор­гандарындағы қыз­метімен қатар, КСРО Жоғарғы кеңесінің екі шақы­ры­лымында депутаттыққа сайланған. 1975-1982 жылдары Василий Шев­чен­ко басқарды. Ол Қазақ қауіпсіздік органдарымен қатар, Тәжік ССР-і МҚК бас­шысы және КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымына депутат болып сайланды. Соны­мен қатар 1982-1989 жылдар ара­лығында КСРО МҚК Алматылық жоға­ры курста­рының бастығы бол­ған. Генерал В.Шевченко 1989 жыл­дары зей­нетке шығып, өмірінің соңына дейін ұлттық қауіпсіздік органдары Арда­герлер кеңесінің қызметіне белсене қатысқан.
1982-1986 жылдары тө­раға орынтағына Зақаш Қамали­де­нов отырды. Қауіпсіздік ор­ган­да­рындағы қызметімен қатар, Қа­зақ ССР-і Жоғарғы ке­ңе­сі­нің депу­таты, 1988 жылы Қа­­­­зақ ССР-і Жо­ғарғы кеңесі Пре­­­з­идиумының Төрағасы, Қазақ ССР-і Комму­нистік пар­тиясы Орталық комитеті бю­росы­ның мүшесі болған. «Заветам Лени­на верны» (1974), «Верный помощ­ник партии» (1978) кітаптарының авторы. Әскери атағы – генерал-майор. 1988 жылы зейнетке шық­қан. 1986 жылдан 1990 жылдың сә­уі­­ріне дейін Қазақстан МҚК-ін Виктор Мирошник басқарды. 1970 жылдан бастап қауіпсіздік ор­ган­дарында қызметте. Осы салада Қазақстан­мен қатар, Түркіменстан ССР-і Чаржоу облысы бойынша МҚКБ бастығы және Ресейде бір­қа­тар басшы қызметтерде болған. Әс­кери ата­ғы – генерал-майор.
1990 жылдың наурызынан 1991 жылдың қазанына дейін Николай Вдовин келді. Ол Қазақ ССР-і МҚК төрағасы болар алдында Курск облысы, сонымен қатар Қазақ ССР-нің Семей, Шығыс Қа­зақстан облыстарының мемле­кеттік қауіп­сіздік комитеті бас­қарамаларына жетекшілік еткен. Кеңес Одағы ыды­ра­ған­нан кейін Ресейдің қауіп­сіздік сала­сында бірқатар жауапты қыз­меттерде болып, 2007 жылы зей­нетке шыққан.
1991 жылдың қазаны мен жел­тоқ­саны аралығында Қазақ ССР-і МҚК төрағасы боп гене­рал-майор Болат Баекенов та­ғайындалады. 1973 жылдан бас­тап КСРО және Қазақстан қауіпсіздік органда­рында қызмет еткен. Б.Баекенов 1991 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Рес­пуб­ликасы МҚК төрағасы, ал 1992 жылдың шілде­сінен 1993 жылдың желтоқсаны аралығында тәуелсіз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымында болады. Сонымен қатар ол – өзінің еңбек жолында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ішкі істер ми­нистрі, Президенттің Күзет қыз­метінің бастығы міндеттерін атқар­ған бел­гілі мемлекет қайраткері.
Бүгінгі таңда тәуелсіздікке қол жетіп, тарихқа деген көзқа­рас өз­герді. Қазақстандық ұлттық қа­уіпсіздік органдарының қа­зір­гі қызметкерлері саяси қу­ғын-сүргін құрбандарының шек­­­телген құқық­тары мен мүд­де­лерін қалпына кел­тіруді, жа­­рия­лылық пен қоғаммен арадағы байланысты кеңейтуді өздерінің борышы деп санайды.
1992 жылдың 13 шілдесінде Елба­сымыздың жарлығымен Қа­зақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, содан бері егеменді еліміздің қауіпсіздік органдарының жаңа тарихы басталды. Қауіпсіздік коми­тетінің негізгі құнды­лық­тары – адам, қоғам және мем­лекет қауіп­­сіздігін қамта­масыз ету. Кеңес­тік кезеңде қауіпсіздік орган­дарында қызмет еткен ардагер-чекистер қазір де қа­тарда, олар ұлттық рухты кү­шейтіп, қазақ­стандық патрио­тизмды насихаттау мақсатында аянбай қызмет етіп келеді.

Ағыбай ЕСЕНДӘУЛЕТОВ,
ҰҚК қызметкері

Бөлісу:

Пікір жазу


*