Абыз да аңыз аталар

1640
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жо­басының аясында «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбек­керлері мен майдан балалары» қоғамдық қоры түрлі кездесулер мен қайырымдылық акциялар өткізуде. Мақсаты – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, пат­риоттық тәрбие беру. Отанын, туған елін қорғай білуге, ұлт­жандылыққа тәрбиелеу.

Жобаның кезекті қонақта­ры – Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Әмірұлы және суретші әрі ақын Иван Ролдугин. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының мүшесі, мәслихат депутаты, «Ал­маты менеджмент және сервис колледжінің» директоры Роза Кеңесханқызы. Ақсақалдар тек соғыстың ғана емес, ашаршылық пен репрессияның да зардабын тартып, қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізсе де жас­қану мен жалтаруды білмей, ажал­ға қарсы тұрып, еліне адал перзент бола білді. Қазыналы қариялар «Бүгінгі бейбіт заманда бізді ақымақ санайтындар да бар. «Қайдағы жоқ, Кеңес өкіметі үшін жан беріп, жан алудың қа­жеті жоқ еді» деген пікірлерді ай­та­тындар­ға өкпелімін. Ол уа­қытта біздің бір ғана Отанымыз бол­ды. Ол – Кеңес өкіметі. Бізді отансүйгіштік пен адалдыққа тәрбиеледі. Біз бүгінгі жастардың жарқын бола­шағы үшін күрестік, ел алдындағы перзенттік парызымызды орын­дадық» дейді. Жиын барысында абыз аталар саясат пен мәдениет, ғылым мен білім жайында сөз қозғап, Елбасының латын әліп­биіне көшу идеясын қолдай­тындықтарын жеткізді. Тоқсан­ның төріне шықса да, күнделікті жаңалықтарды мерзімді баспасөз бетінен үзбей оқып отыратын­дықтарын айтты.
1924 жылы Қостанай облы­сында дүниеге келген майдангер барлаушы Қамбар Әмірұлы 1942 жылдан бастап, бірінші, екінші Прибалтика және үшінші Беларус майдандарында соғысқа қатыс­қан. Үш рет жараланып, 1945 жы­лы елге оралып, 34 жыл Ішкі істер сала­сында абыройлы қызмет атқа­рады. Отставкадағы пол­ковник.
І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғы­сының» және І, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері. «Қызыл жұлдыз» ордені және бас­қа да мерекелік медальдармен марапатталған. Жұбайы Мадина апай екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере сүйіп отыр. Ұлы мен немерелері де ата жолын қуып, әскери салада абыройлы қызмет атқарып жүр.
Иван Ролдугин 1924 жылы Воронеж облысы Грязь қаласында дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Майданда ол алдымен байланысшы, одан кейін жау ұшақтарын бақылаушы қызметтерін атқарды. Кейіннен барлаушы болды. Соғыс аяқталар тұста Қиыр Шығыс аумақтарын жапондықтардан азат етуге атса­лысты. Соғыстан кейін майдандас жолдасының ұсынысымен Алматы қаласына қоныс ау­дарады.
Ботаника институтына суретші болып жұмысқа орна­ласып, Қазақстан аумағын­дағы орман алқаптарын аралайды. Кейіннен ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, био­логия ғылымдарының докторы диссертациясын қорғап шығады.
Оның 200-ге жуық ғылыми еңбектері бар. Сонымен қатар Қазақ­стан Қызыл кітабы автор­ларының бірі. «Естен кетпес», «Өмір белестерімен», «Алыс және жақын», т.б. өлең жинақтарының авторы. Май, акварельмен салған 500-ден астам, 100-ден астам графикалық жұмыстарынан көрме ұйымдастырған.
Ғалым, биология ғылымда­рының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі ботаник, ақын әрі суретші
И.Ролдугин 23 үкіметтік марапат­тармен марапатталған. Олардың арасында: «Ұлы Отан соғысының төсбелгісі» (ІІ дәрежелі), «Ерлігі үшін», «Германиядағы жеңісі үшін», «Жапониядағы жеңісі үшін» және т.б. медальдары бар.
Майдангер бүгінгі таңда сурет салумен және өлең жазумен ай­налысады. И.Ролдугин кез­десуде сиясы кеуіп үлгермеген 28-пан­фи­ловшылар жайлы өлеңін оқып берді.
Егемендіктің еңсесін тіктеуге атсалысқан майдангерлерге қан­дай құрмет пен қошемет көр­сет­сек те жарасады. Олардың тартқан жан азабы мен жүрек жарасын емдеп жазу мүмкін емес. Алайда әрдайым оларға алғыс айтып, көрген жерде амандығын сұрап тұрсақ, қариялардың марқайып қалары сөзсіз. Жастығын жалын шарпыған жандардың ерлігіне тағзым ету – бүгінгі жас ұрпақтың ең қастерлі борышы.

Ершай ӘЗІРЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*