БАТЫР ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Бұдан сегіз жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты «Ми-8» тікұшағының Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданы аумағындағы Өгем шатқалында апатқа ұшырау салдарынан он шекарашы қаза тауып, үш адам ауыр жарақат алды.
Алты қарулы адам мемлекеттік шекараға қарай бет алғандығы туралы хабар жетісімен, Сарыағаш шекара отрядындағы «Арлан» заставасының шабуылдаушы-десант жауынгерлері тікұшаққа мініп, дереу қазақ-өзбек шекарасына аттанған. Тікұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 13 адам болған. Елдің шеті, желдің өтінде жүріп, өмірінің соңғы сәтіне дейін халқына адал қызмет еткен, әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапқан батыр шекарашылардың ерлік істерін кейінгі ұрпақ біліп, өнеге алуы тиіс. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының аумағында орналасқан ҰҚК Шекара қызметінің 2017 әскери бөліміне қарайтын «Чаган-Обо» шекара заставасына мемлекеттік шекара күзеті қызметінде кезінде өзіне жүктелген тапсырманы орындау барысында қаза болған полковник Руслан Зәкиевтің есімі берілді.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің оң имиджін қалыптастыру, шекарашылардың жеке құрамын ерлік, патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында жасалған бұл шараға Астанадан Шекара қызметінің басшылық құрамы, генералдары мен ардагерлері, Алматыда тұратын марқұм Руслан Зәкиевтің отбасы, туған-туыстары Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, ҰҚК Шекара қызметі Тәрбие және әлеуметтік қорғау басқармасы бастығы, полковник Н.Керімбаев, Шекара қызметін ұзақ жылдар басқарған генерал-лейтенант Б.Зәкиев, генерал-майор В.Федорченко, генерал-майор Т.Уажанов, генерал-майор М.Марденовтер бастаған ардагер-шекарашылар, марқұм Русланның әскери оқу орнында бірге оқыған, қызметтес болған достары, аудандық, қалалық әкімшілік өкілдері, сондай-ақ алыс-жақыннан арнайы ат терлетіп келген құрметті қонақтар, жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде тұрған «Чаган-обоға» тікұшақтарға мініп келген қонақтарды шекара заставасының бастығы, капитан Н.Молдашев бастаған шекарашылар салтанатпен қарсы алды. 2017 әскери бөлімінің командирі, подполковник
Е.Тұрғынбаев Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Д.Ділмановқа заставаға полковник Руслан Зәкиевтің аты берілуіне байланысты салтанатқа жеке құрамның сапқа тұрғызылғанын баяндады. Қазақстан әнұраны орындалғаннан кейін Шекара қызметінің басшысы Дархан Ділманов Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылдың 3 сәуіріндегі № 156 қаулысымен «Чаган-Обо» шекара заставасы «полковник Руслан Зәкиев атындағы шекара заставасы» болып қайта аталғандығын хабарлады. Содан кейін полковник Руслан Закиевке заставаның ортасына қойылған ескерткішті ашу рәсімі жасалды.
Салтанатты шараның ресми бөлімінде ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, шекара қызметінің генералдары Б.Зәкиев, В.Федорченко, Зайсан ауданының әкімі
Т.Қасымжанов және тағы басқалар мінберден сөз сөйлеп, жауынгерлік тапсырманы орындау барысында қаза болған шекарашының есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында жасалып жатқан шаралар кейінгі ұрпақ үшін патриоттық тәрбие екендігіне айтты, ескерткіштің ашылуымен, заставаға полковник Зәкиев есімінің берілуімен шекарашыларды құттықтады. Марқұм Руслан Закиевтің зайыбы Раушан сөз кезегінде үнемі демеп, қолдау көрсетіп жүретін Шекара қызметінің басшылығына, Русланмен қызметтес болған достарына алғысын білдірді. Шекарашылар училищесінде бірге оқыған Русланның достары Астанадан, Алматыдан, тіпті алыс шетелден осы шараға арнайы келіп қатысып, қапыда қаза болған қарулас достары, полковник Закиевке тағзым етті. Батырдың рухына арналған ескерткіштің ашылуына жиналған қонақтар мен барша қауым марқұмды тағы да еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
– Жауынгерлік ерлік жасағандарды есте қалдыру үшін архивтерде, бұйрықтарда, туыстарының арасында әдеби шығармаларда жазылады. Енді жауынгерлердің жасаған ерліктерін насихаттау үшін әртүрлі объектілерге, көшелерге оның есімі беріледі. Шекарашылар тарихында бүкіл Кеңес Одағы бойынша жауынгерлік жағдайларда қаза тапқан шекарашылардың есімдері заставаларға беріледі. Баяғыдан келе жатқан осындай дәстүр бар. Бізде осындай, үш застава бар. Біріншісі – Шонжы шекара отрядының «Есеркартқан» шекара заставасына көп жылдар бойы Шығыс шекаралық округіне және Жоғарғы шекаралық командалық училищесіне басшылық еткен КСРО Батыры, генерал-лейтенант Матвей Меркуловтың аты берілді. Одан кейін Күршім шекара отрядының «Чиндагатуй» шекара заставасына тәжік-ауған шекарасында содырлармен қақтығыста ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырхановтың есімі берілді. Қазір міне, «Чаган-Обо» заставасына полковник Закиевтің аты беріліп жатыр. Бүгіннен бастап мемлекеттік шекараны күзету бойынша әрбір тапсырма осы ескерткіш тақтаның алдында беріледі. Жеке құрамды тексеру кезінде оның аты-жөні бірінші болып аталады. Сол кезде әскери қызметкер саптан шығып: «Қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты» деп жариялайды. Бұл ойдан шығарылған жоқ, шекарашының есімі берілген барлық заставаларда осындай дәстүр бар, – деп түсіндірді отставкадағы генерал-лейтенант Болат Зәкиев.
«Чаган-Обо» заставасының өзіндік тарихы бар. ХVIII ғасырдың орта тұсында Шығыс Қазақстан облысының аумағында қазақтар жоңғарларды ығыстыра бастады. Осы кездерде найманның Қожан руынан шыққан Қарасай батыр айнала тау қоршаған осы жазықта Чаган деген жоңғар қолбасшысының басын шауып алған екен. Содан бері бұл жер «Чаганның моласы» деп аталатын болғандықтан, заставаның атын «Чаган обо» деп атаған екен. Заставадан 10-15 шақырым жерде тұрған ауыл қазірге дейін «Қарасай батыр» деп аталады.
Іс-шаралар Зайсан қаласының орталығында Ұлы Отан соғысы жылдары ерлікпен қаза тапқан батыр бабалар монументінің жанында жалғасып, бабалар рухына тағзым етілді. Монументтің оң жақ қатарынан орын алған бейбіт күннің батырлары полковник Руслан Зәкиевтің, подполковник Бауыржан Қожахметовтің, майор Алмаз Ибраевтың ескерткіштеріне алыстан келген қонақтар, ауданның зиялы қауымы гүл шоқтарын қойды. Зайсан қаласындағы «Сейтқазы Зәкиұлы» атындағы саябақта алыс-жақыннан арнайы келген құрметті қонақтар, Шекара қызметінің ардагерлері, генерал-лейтенант Б.Зәкиев бастаған шекарашы генералдар – В.Федорченко,
Т.Уажанов, М.Марденов, Зайсан ауданының және Зайсан қаласының әкімдері екі қатарға шыршалар отырғызып, оны «Генералдар аллеясы» деп атады.
Қысқа ғұмырын Шекара қызметіне арнаған полковник Руслан Зәкиевтің 43 жасында өмірі қиылды. 1988 жылы Ф.Дзержинский атындағы шекарашылар дайындайтын Жоғары командалық училищесін бітіргеннен кейін, барлық саналы ғұмырын Мемлекеттік шекара шебін күзетуге арнаған Руслан Әлимолдаұлы өзінің адамгершілігімен және қызметін терең игерген маман ретінде қаруластарының арасында үлкен бедел мен құрметке ие болды. 1995-1997 жылдар аралығында Ресей Федерациясы Федералды шекара қызметі академиясында кәсіби білімін молайтып келген санаулы офицерлердің бірі болды. Жаңадан жасақталған «Солтүстік» аймақтық басқармасында басқарма бастығының бірінші орынбасары – Штаб бастығы сияқты биік лауазымды қызметті үш жылдан астам мінсіз атқарып, жаңа шекара құрылымдарын жасақтады. «Оңтүстік» аймақтық басқармасы бастығының бірінші орынбасары – Штаб бастығы қызметіне 2007 жылдың маусымында тағайындалған полковник Р.Зәкиев екі жылдан астам мерзімнің ішінде әскери тәртіп пен жауынгерлік даярлықтың шыңдалуына көп күш жұмсады. Мемлекеттік шекара күзетін қамтамасыз етуді лайықты ұйымдастыра білді. Полковник Руслан Зәкиевтің ширек ғасыр бойы Отанға атқарған адал қызметі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталды. Р.Зәкиев қаза болардың алдында бір апта бұрын Шекара қызметінің Бас штабы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, Астана қаласына ауысуы керек болған. Атқарып жүрген қызметін өткізіп жатқан екен, бірақ жаңа қызметке кірісіп үлгермеді. Бас штаб бастығының орынбасары ретінде ол бұл операцияға қатыспауға толық мүмкіндігі болды, бірақ ары таза офицер осындай шешім қабылдапты. Жауапкершілік – нағыз отансүйгіш офицердің басты принципі болса керек. Мемлекеттік шекараны күзетіп жүріп, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қаза тапты.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 5 қазандағы №87-7 Жарлығымен өз міндетіне адалдық танытып, әскери жауынгерлік тапсырманы орындауда жанқиярлық ерлік көрсетіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін полковник Руслан Закиев
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл орден сол кезде бес жастағы баласы Жантөренің кеудесіне тағылған еді. Отан қорғау жолында өмірі қиылған офицердің жарқын бейнесі барша шекарашылардың жүрегінде, халқының есінде мәңгілік сақталады.
Қайыржан ТӨРЕЖАН