ҚАЗАҚ ОЙЫНШЫҒЫ БРЕНДКЕ АЙНАЛА МА?

2139
0
Бөлісу:

«Қазақта қуыршақ болған ба, жоқ па?» деген сауал көптің көкейінде жүретіні анық. Болмады деп біржақты пікір айта алмаспыз. Өйткені, ғалым Әлкей Марғұлан өзінің бір пікірінде: «Ағаштан бұйым жасау Қазақстанның орман массивтері бар Орталық Қазақстан, Алатау, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аймақтарында кеңінен таралған. Әсіресе, солтүстік аймақтарда қызыл қайың, қызыл қандыағаш, үйеңкі, жаңғақ ағашы, шаған, емен сияқты ағаштарды пайдаланған. Бұлар оңай кесіліп, боялады. Шеберге қиыншылық тудырмайды» деп жазған. Ғалымның бұл пікірі «қуыршақ ортекеге» байланысты айтылып отырғаны белгілі. Ағаштан түйін түйген шеберлер әу баста «Ортеке» қуыршағын құрастырғаны белгілі. Ол қуыршақ ойын-сауықтарда, жиындарда домбыра әуеніне, саусақтардың перне басу қозғалысы мен ырғағына қарай билегендіктен, мұны ойыншық емес деп қарсы пікір айтатындар да табылар. Дегенмен қазақ ойыншығының төл басында «Ортекенің» тұрғаны анық.

«Ортекенің» нақты қай уа­қытта, қай заманда пайда болғаны туралы деректер мүлдем аз. Бірлі-жарым зерттеушілер жазғанымен, нақты «былай еді» дейтіндер жоқ­тың қасы. Кейбір деректерге сүйен­сек, «Ортеке» қуыршағын би­лету әрі оны жасау өнері ХІХ ға­сырдың басында пайда болған деседі. «Ортеке – қазақ қуыршақ өне­рінің бастауы» деген екен бел­гілі ғалым Ахмет Жұбанов. Ерте кезден қалыптасқан мәдение­ті­міздің бүгінгі күнге дейін жал­ғасын тауып келе жатқаны қуан­тады.
Алайда «Ортекеден» кейін ше­берлер қуыршақ құрастыр­ма­ған ба?» деген ойға келесің. «Ағаш­тан түйін түйген шеберлер ба­ланың ойыншығын жасауға келгенде неге тосылып қалды екен?» деп ойлайсың. Мүмкін, біздің бұл ойымыз қателік те шығар. Бала Шоқанның талай мүсіндерді балшықтан жасағаны туралы деректерді кезінде көркем шығармалардан оқығанымыз бар еді. Олар да қазақтың қуыршақ өнерінің бастауы секілді.
Қазіргі қазақ баласының ойын­­шығы да, ойыны да – басқа. Балалардың дені қандай ойынды жақсы көреді, қандай ойыншық­пен ойнайды? Тазша бала мен Қо­жанасыр, Желаяқ пен Тау­со­ғарды білуі тиіс деген мақсатпен белгілі продюсер Қыдырәлі Бол­манов бір кездері «Қуыршақ» жобасын қол­ға алған еді. «Ас­са­лаума­ға­лей­кум! Мен – Тазша баламын. Мен Бэт­маннан бұрын бармын. Ол – менің жанымда кім?» дейтін Таз­ша бала мен «Қа­ра­қат» қуыршақ ә де­геннен-ақ ел­ді елең еткізген. Bal Bala ком­па­ниясы ұсынған өнім­дер көптің көңілінен шықты. Қазақ фольк­лорының Ал­дар көсе, Тазша бала мен Ер­төс­тік сияқты кейіп­кер­лерінен тұра­тын авторлық же­­лідегі ойын­шықтарды бола­шақ­та әнімен, өнерімен еңбек сіңі­ріп жүрген танымал өнер­паз­дардың бейне­сімен толықтырып, мақал-мәтел айтатын, жұмбақ жа­сыра­тын, керек десеңіз, бес мез­гіл намаз оқи­тын да қуыршақ шы­ғаруды қол­ға алған еді. Алайда бұл қуыр­шақтың сапасы жоғары болға­ны­мен, бағасы көпшіліктің қалтасын көтере қоймағаны рас.
Белгілі публицист Қали Сәр­сен­байдың: «Немереме қазақ қуыр­шағын таппадым» деп шы­рыл­дағаны есте. Қазақ қуыршағы бар, бірақ қолжетімсіз. Әрі оны кез келген дүкеннің сөресінен тап­пасыңыз анық. Сонда қазақ қуыр­шағы қай кезде, қай уақытта әлемдік брендке айналады? Әлде сапасы төмен, арзанқол ойын­шықпен алдана береміз бе?

Қыдырәлі БОЛМАНОВ,
продюсер:

Бренд болу үшін халықтың қолдауы қажет
Бүгінгі таңда Қазақстан нары­ғына шамамен 50-ге жуық мем­ле­кеттен ойыншық келеді. Оның бар­лығы – импорт, көп бөлігі Қы­тай елінің тауарлары. Тіпті аме­рикалық брендтердің өзі Қы­тайда жасалады. Өйткені зауыт­тардың барлығы сол жерде шо­ғырланған. Өзіміздің ой­ын­шық шығаратын төл брендіміз әзірге біреу-ақ, ол – Bal Bala. Өндіріске шы­ғып жүрген өзге компания жоқ. Көрмелерге қойылатын, са­наулы авторлық жұмыс жасайтын қолөнер шеберлері – басқа әңгіме. Ол – нарық емес. Тәуел­сіз­дік алғалы бері өндірісте атын қалыптастырған, балаларға ар­налған өнімдер шығаратын бренд жоқ. Әлбетте, кәсіптің оңайы жоқ. Бренд деген дүниенің өзі бір жыл­да не бес жылда жасала қой­майды. Әлемдік белгілі брендтерді алып қарасақ, бәрі ұзақ уақыт пен қажырлы еңбектің нәтижесінде танылған. Бүгінгінің баласын елік­тіріп, қызықтыру керек. Әйт­песе, сәл нәрсеге алдана қоймай­ды. Соны ескеріп, біз үл­кен жоспарлар жасап отырмыз. Кез келген мемлекет үшін бала – ертеңгі болашақ. Оның өсуіне, да­муына бей-жай қарауға әсте болмайды. Этнопедагогика, пси­хо­логия салаларын біріктіре оты­рып жасалуы тиіс. Біздің айна­лы­сып отырған жұмысымыз тіпті сау­да да емес – бренд. Ол деге­ні­міз – сапа. Яғни, өзіндік концеп­ция­сы жасалған, мақсаты, меже­лен­ген дүниелері бар. Ойын­шық­тарымызбен ойнайтын балалар мен ойнамайтындарын салысты­рып, тәжірибе жасап жатырмыз. бас­тағанымызға бір жарым жыл­дай уақыт болды. Нәтижелері көңіл қуантып отыр. Біздің бренд­ті тұтынатын кішкентайларымыз тілді, қазақша өлеңдерді жақ­сы­рақ біледі екен. Елімізде бүгінде 20 мыңға жуық балабақша бар. Со­ларға керекті, балаларды да­мы­та алатын құралдармен жаб­дықтандыруды мақсат етеміз. Ба­ланы дамытуды ойласақ, ал­дымен тілді дамытуды қолға алған жөн. Ол үшін оның ойыншықтары қазақша болуы тиіс. Одан кейінгі даму сатысы – мультфильм және т.б. болып кете береді. Бүгінде Астананың бірнеше саябақтарына арнап «Бал бала әлемі» деп ата­латын жаңа жоба жасап жатыр­мыз. Бұл жерде батут-киіз үйлер, этнотирлар секілді эксклюзив дү­ниелер болады. Қарап отырсақ, қазіргінің баласы батутқа секір­гіш. Енді соның өзін өзімізше неге жасамасқа? Одан кейінгі мақ­сатымыз оларды франшизаға дайындап, еліміздің өзге де ай­мақтарына жіберу. Баланы өз ті­лі­мен, дәстүрімен, әдебімен тәр­биелеп, өсіру қажет. Сол секілді халық ертегісін, бесік жырын тың­дату керек. Оны не ата-ана жасамайды, не балабақшадағы тәрбиешілер жасамайды. Енді не істейміз? Жүретін ойын­шықтар жасап жүргеніміз де содан. Ба­ла­мен бірге ойнайды, тақпақ айтып береді. Ойнау процесі үстінде балақан ойын­шықтың айтқанын қалай жаттап алғанын өзі де бай­қамай қалады. Көрдіңіз бе, қи­намай, зорлықсыз қалай үйретуге болады? Қарап тұрсақ, көп мем­лекеттерде өз ті­лінде сөй­лейтін ойыншық жоқ. Осыны есепке ала отырып, алда келе жатырмыз деп сеніммен ай­туға болады. Тіпті бір-екі ел ме­нен методикасын сұрап, өз тіліне аударсақ деген ұсыныс білдіріп жатыр. Әзірге оңтайлы сәтін күтіп жүрміз. Ха­лық негізі тек ойын­шық ретінде қарамай, баланың ер­теңіне керек дүние деп қара­ғаны жөн. Өйткені қазіргі таңда керегі – бәсеке­лес­тіктен бұрын, халықтың қолдауы. «Bal Bala ойыншықтарының бағасы тым қым­бат» деген пікірді жиі ести­мін. Бірақ ең қымбат ойыншық – 8800 теңге тұратын робот. Оның жасалуына екі жыл уақыт кетті. Робот баламен тіл­десе алады. Сіз­діңше қымбат па? Одан қала берді, біздің ойын­шықтардың бар­лығы зертханалық тексеруден өткен, таза. Им­порт­тық тауарлар­дың көпші­лі­гінде ол жоқ. Бірақ шетелдің Спанч бо­бын, Монстр Хайын ел қырылып алады. Олар­дың бағасы – кемі 15 мың теңге. Қайсысы қымбат болып тұр? Баланың денсаулығы, пат­риот бо­лып өсуі маңызды болуы керек. Қа­зақ ойыншығы бренд болу үшін қолдау керек. Бар болғаны – осы.

Анар ЛЕПЕСОВА,
шебер:

Ойыншық дүкенін ашқым келеді
Бұл кәсіптің қызығы мен қиын­дығы қатар жүреді. Кейде көз майын тауысып, түнімен ұй­қы көрместен тоқыған ойын­шы­ғың­ды аяқасты алмай қалады. Сол үшін кейінгі кезде «ақшасын ал­дын-ала төлеу керек» деген шарт қойып жүрмін. Ойыншық то­қуды интернеттен түрлі он­лайн сабақтар қарау арқылы үй­рен­дім. Бұл стиль жапондық­тарға жақсы таныс, амигуруми деп ата­лады. Яғни, ойыншықтарды іл­мекпен тоқимын. Өзіме негі­зі­нен украиналық тоқымашы-қо­л­өнерші қыз-келіншектердің жұ­мысы өте қатты ұнайды. Со­лардың еңбектеріне қызыға қа­рап, тың идеялар алуға тыры­са­мын. Мысалы, қуыршақтарды фимо пластиктен (полимер саз балшық – авт.) жасауға бо­лады. Ол өте әдемі бо­лып шығады. Бірақ жұ­мысы біраз күрделі еке­нін айта кету керек. Егер фи­мо пластиктен ойын­шық жасай­тын ойыңыз болса, табыс табатын басқа да кәсібіңіздің болуы шарт. Яғни, көбіне хобби ре­тінде айналысуға болады. Одан бөлек, бізбен де біраз дүниелер жасауға болады. Оған біршама уақыт кетеді. Менде қазіргі таң­да тапсырыстар өте көп, үл­гер­мей­мін.
Ойыншық жасауға тапсырыс тек елімізден ғана емес, алыс-жа­қын шетелдерден де түсіп оты­ра­ды. Онлайн аудармашы арқылы тапсырыс қабылдап, сөйлесемін. Тіл үйрену курстарына барғым ке­леді. Дегенмен денсаулығыма бай­ланысты гормоналды дә­рі­лерді көп ішемін. Соның әсерінен есте сақтау қабілетім төмендеп кетті. Кейде тапсырыстың да ес­тен шығып кететін кездері болып тұрады. Ең алғашқы ойын­шы­ғымның түрі қорқынышты болып шыққаны есімде. Бірақ қайта-қай­та тоқу арқылы қолымды үй­реттім. Сенсеңіз, бүгінде мен көз­ді жұмып қойып та жұмы­сымды жасай беремін. Бір шеті үйре­ніп кеткенім болса, екінші жа­ғынан тоқыма көзге көп зия­нын тигізетіндіктен, жанарымды сақ­тау мақсатында осылай жа­саймын. Ойыншықтың баға­сын оған кететін ма­те­риал­дың шы­ғы­нына байланысты бекіте­мін. Есепші маман­дар­мен кеңе­сіп, ба­ға қою­ды үй­­реніп ал­­ғам. Ме­­нің ойын­шық­тарым­ның бағасы – 5-15 мың теңге аралы­ғында. Осы күнге дейін шама­мен 3 мың­дай қуыр­шақ жасадым. Бола­шақ­та ойыншық дү­ке­­нін ашуды арман­дай­мын.


Марина НАБИУЛИНА,
шебер:

Қазақша матрешка идеясы көпшілікке ұнады
Қазақша стильде матрешка жасау туралы ой ойламаған жер­ден келді. Біріншіден, ол – ин­тернационал ойыншық түрі. Әу баста матрешканы Жапония ойлап тапқан. Ол жерден Ресейге кел­ген көрінеді. Әлемге әйгілі болуы да орыс халқының жақсы ұсы­на білгенінің арқасы. Содан маған «осының қазақша нұс­­қасын жасап көрсе, қалай болар екен?» де­ген ой келді. Осы­лайша, қазақ отбасын жаса­дым. Орысша матреш­кадан айырмашылы-
ғы – менікінде әкесі, анасы, балалары бар. Бұлай ету се­бебім – қазақ­тар­да үйдің басшысы – отағасы. Сон­дық­тан ең үлкен мат­реш­ка – әкесі, одан соң рет-ретімен кете береді. Одан қалса, матрешка – бала үшін да­мыту құралы іспеттес. «Үлкен, кіші» деген түсінікті қалыптас­тыра­ды, құрастыруды, сәйкестен­діруді үйренеді. Бұл идеям көп­шілікке ұнады. Біршама му­зей­лерге қойып, сатылымға шы­ғардым. Негізі, қолөнермен өмір бойы айналысып келемін десем болады. Жоғары оқу орнын бітірген жылы, яғни 1993 жылдан бері кәде-сыйлар, ойыншықтар жасаумен айналысудамын. Бірақ бүгінде матрешка жасауды азайт­тым. Өйткені бұдан бөлек, ыдыс­тардың сыртына түр­лі суреттер са­ламын. Өзім бірге жұ­мыс істей­тін фирма тап­сы­рыстар жіберіп отырады. Соған сәй­кес жасай­мын. Шетелге ке­терде сыйлық ретінде алып ке­тетіндер бар. Мә­селен, Герма­ния­ға қыдырып бара жатқанда тап­сырыс бер­гендерді білемін. Кө­біне дайын жұмыстарды дү­кен­дерге өткізіп тастайтындық­тан, кім және қайда алып жат­қа­нынан бейхабармын. Бағасына келер болсақ, жұмыс­тың күр­делілігіне байланысты. Ең тө­менгі баға – 15 мың теңге ша­ма­сында. Бір айда нақты мынан­ша матрешка жасалады деп дөп ба­сып айту қиын. Кей кезде тап­сы­рыс көбейіп кетеді, кейде кері­сінше азаяды.

Роза СӘРСЕБАЕВА,
шебер:

Сапаны жақсы көретіндер көбейіп келеді
Жасап жүрген қуыршақтарым күнделікті тұрмысқа арналмаған. Яғни, коллекция жинауға құмар жан­дар сатып алып жатады. Қуыр­шақтың жұмысы өте күр­делі, сол себепті бағасы да соған сәй­кес қымбаттау келеді. Ай­та­лық ең арзаны – 30 теңгеге жуық. Материалдарын айтар болсам, қуыр­шақтың беті күйдірілген қыш, денесі – металл каркас, ағаш пен матадан жасалады. Бі­реуін жасаудың өзі бір айдай уақыт алады. Менің жасайтыным – тек қана авторлық жұмыстар. Қарапайым халыққа қолжетімді барби секілді қуыршақтар жасау жоспарда жоқ. Бүгінде «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындық үс­тіндемін. Бұл кәсіппен айна­лы­сып жүргеніме 30 жылдай уақыт бол­ды. Тапсырыстар да жиі түсе­ді. Өйткені, елімізде әдемілікті, са­паны жақсы көретін жандардың қа­расы көбейіп келеді. Тіпті шет­елдіктердің тарапынан да тап­сы­рыстар түседі. Тұтынушылар той­ға кәдесый ретінде, үйдің ин­терьеріне қосымша қылып, не болмаса сыйлыққа берген жақсы деп лебіздерін білдіріп жатады.
Қазақ қуыршағы ұлттық брендке айналуы тиіс. Ол үшін сапа ғана емес, санның да артқаны абзал. «Барби» қуыршағы неге әлемге әйгілі? Өйткені, ол – қолжетімді. «Қарақат» қуыршағын сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Қалтасы қалың ата-ананың қымбат ойыншықты баласына алып беруге мүмкіндігі бар. Қаржысы төмен отбасы не істейді? Амалсыз қара базардағы сапасы төмен, денсаулыққа зиян, арзанқол ойыншықпен алдануға мәжбүр. Бұл – бір. Екіншіден, баға қолжетімді болмай, ойыншықтар ұлттық брендке айнала алмайды. «Бал баланың» фольклор кейіпкерлерін (Тазша бала, Алдаркөсе, Ертөстік) қуыршаққа айналдыру идеясы жақсы. Бірақ сіз оны кез келген баланың қолынан кездестірмейсіз ғой. Біріншіден, бағасы қымбат. Екіншіден, қара базарда жоқ. Қуыршақ өндірісін жетілдіреміз десек, отандық ойыншықтардың сапасын да, санын да арттырғанымыз абзал. Бір нәрсе ақиқат: ойыншықтың да философиялық мәні бар. Бүлдіршіндердің жүрегіне тазалық пен адалдықтың, батылдық пен мейірімділіктің дәнін егеді. Жақсы мен жаманды ажыратуына септігін тигізеді. Ойыншық ойнап өскен баланың көңіл көкжиегі де кең болады.

Гүлзина БЕКТАС, Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*