Елбасы National Geographic телеарнасына сұхбат берді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев National Geographic телеарнасына сұхбат беріп, телеарна өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Елбасы Астана қаласының қалыптасу тарихы, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізудің өзектілігі туралы айтты. Сондай-ақ көрме жұмысы аяқталған соң оның нысандарын елорда инфрақұрылымына пайдалануға қатысты сауалдарға жауап берді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуы жолындағы ауқымды шара ретінде «ЭКСПО – 2017» көрмесінің маңыздылығын атап өтті. Таза энергетика, «жасыл экономика» және ІТ салаларындағы жаңа әзірлемелер мен технологиялар көрменің мұрасына айналатын болады.
Сұхбат National Geographic телеарнасының «Мегақұрылыстар: Астана. Болашақтың қаласы» деректі фильмін түсіруге дайындық жұмыстары аясында өткізілді.