Құт дарыған қазақ елінде сириялық серпіліс жасалды

1268
0
Бөлісу:

Қазақ елінің бас қаласындағы жоғары деңгейлі келіссөздер арқасында ұзақ жылғы соғыстан қансыраған Сирия жеріне бейбітшілік нұры тарай бастады. Елордада өткен Сириядағы ахуалды реттеу бойынша жоғары деңгейдегі төртінші халықаралық кездесу қомақты табысқа жетті. Келіссөздер қорытындысында Астанада «Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы меморандумға» қол қойылды.
Меморандумға «кепілдік беруші елдер» мәртебесіне ие Ресей, Түр­кия және Иран қол қойды. Ма­ңызды құжаттың мәтінін Қазақ­станның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді. Онда кепілдік беруші елдер Сирия жерінде әскери сценарийлерге орын жоқтығын және бұл шиеле­ністі тек бейбіт жолмен, БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің 2254 қарарын жүзе­ге асыру жолымен шешуге ғана бо­ла­тынын тағы да бір рет нықтап, растады.
«Сирия Араб республикасында деэскалациялау аймақтарын құру туралы меморандум» қауіпсіздік аймақтарын құруды қарастырады. «Бұл зорлық-зомбылықты тоқтату, гуманитарлық ахуалды жақсарту, сириялық қақтығысты саяси жол­мен шешу және бұл процестің іл­ге­рі­леуіне жағдай жасау» мақса­тын­да қабылданып отырғаны айтылады.
Кепілдік беруші елдер Астана­дағы кездесулердің елеулі рөл ат­қарғанын және оның Женевадағы процесті толықтырып, оған оң ық­пал ететінін атап көрсетеді. Сон­дай-ақ олар халықаралық қоғам­дас­тықтың барлық мүшелерін сырт қалмай, Сириядағы шиеленісті шешу процесіне үлес қосуға шақы­рады.
Тағы бір айта кетер жайт, келіс­сөз жүргізушілерде «Сириядағы барлық тараптар арасында сенімді ны­ғайтатын шаралар қабылдау қажет» деген түсінік пайда болды. Күні кеше ғана бір-біріне қару ке­зен­­гендер лезде достасып, тату-тәт­ті өмір сүріп кетпейді, бірақ олар­ды бір үстелдің басына, бір шаңырақ ас­ты­на жинай алған қазақ елінде осы бағытта тарихи қадамдар жа­салды.
Сондықтан тараптар құт қонған, қасиет дарыған қазақ жерінде тағы да бас қосуға уағдаласты. Бір қы­зығы, жаңа кездесу бейбіт әрі ба­қуат­ты өмірдің «жаһандық бас жәр­меңкесі» – «ЭКСПО – 2017» көр­месі өтетін кезге тұспа-тұс кел­мек. Бәлкім, тек ынтымақ пен тату­лық ұйыған елге ғана ырыс құйыла­тынын, ілгері өрлейтінін, шаттық пен думан құшағына бөленетінін көріп, қызығына қанып, Сирияның қаһарлы билігі мен қарулы оппозициясы келісімде өмір сүруге түпкілікті ден қояр?!
«Біз Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстанның билігіне Астанада Сирия бойынша кездесулер өткізгені үшін алғыс айтамыз, ризашылығымызды білді­реміз. Біз Сирия бойынша келесі кездесуді Астанада 2017 жылғы шіл­де айының ортасында өткізу тура­лы шешім қабылдадық» деген бір­лескен мәлімдеме жасады, ке­ліс­сөзге тартылған тараптар атынан кепілдік беруші елдер.
Оған дейін, екі апта қалғанда Түркия астанасы Анкарада сарап­шылар деңгейінде «алдын ала экс­перттік кеңес-консультациялар» ұйымдастыру туралы да уағдаластық бекітілді.
Жалпы, елордада 3-4 мамырда жүрген келіссөздердің төртінші раун­ды жоғары деңгейде өтті. Оған келіс­сөзге қатысушылардың, ке­піл­дік беруші елдердің және бақы­лаушылардың барлық делегациясы қатысқан. Олардың арасында Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіме­тінің және қарулы сириялық оппо­зицияның, сондай-ақ Иордания, АҚШ және БҰҰ ұйымының өкіл­дері болды.
Келіссөздер барысында бірқа­тар шетелдік және ресейлік басы­лымдар қарулы оппозиция өкілде­рінің «Астана процесін» тәрк етіп, елдеріне шұғыл аттанып кеткенін хабарлаған. Алайда артынша бұл ақпаратты еліміздің сыртқы саясат ведомствосының өкілдері жоққа шығарды. Расында, бас қаламызда кеше, кешке қарай өткен қорытын­ды отырысқа сириялық келіссөз­дердің барлық тарап жиналды.
Бұл ретте «Астана процесіне» кесірін тигізіп, келіссөздерге ке­дергі келтіруді қалайтын аранда­тушы күштердің барлығы байқалды. Себебі, елордада IV сириялық кез­де­сулердің бірінші күнінде қарулы оппозиция терроршылар болып табылмайтын, тек орталықтағы ресми билікті жақтамайтын оппо­зициялық күштердің Хомс және Даръа аудандарындағы екі бекіні­сіне Ресей Федерациясының жой­қын соққы жасағаны туралы хабар­ды естіп, «әл-Жазира» ақпарат агент­тігі арқылы келіссөздер ала­ңын тастап кететіндерін жария­лаған. Олар шынында, келіссөзді доғарып, өздері тұрақтаған қонақ­үйге кетіп те қалған.
Бірақ артынша Ресей прези­дентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев ол жақ­ты бомбаламағандарын мәлімдеп, әлгі ақпаратты жоққа шығаруға асық­ты. Бұл ақпараттың шын еке­ніне көздерін жеткізе алса керек, ізінше Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қарулы оппозицияның келіссөздерден бас тартпайтынын және Астанадан кетпегенін журна­листерге жедел хабарлады. Бір жақсысы, кездесудің қорытынды күні еш арандатусыз өтті.
Қазақстан СІМ-інің мәліме­тінше, келіссөздерге кепілдік беру­ші елдер атынан – Ресейден Алек­сандр Лаврентьев, Түркиядан – осы елдің сыртқы істер минис­трінің Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша орынбасары Седат Онал, Ираннан – осы елдің сыртқы істер министрінің араб және Африка елдері істері бойынша орынбасары Хоссейн Джабери Ансари қатысты. Сирия ресми үкіметінің делега­циясын Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар Джаафари, ал сириялық қарулы оппозиция делегациясын «Джейш әл-Ислам» ұйымының басшысы Мохаммад Аллуш бастап келген.
Бұған қоса, БҰҰ Бас хатшысы­ның Сирия мәселелері бойынша арнайы уәкілі Стаффан де Мистура, Иордания Сыртқы істер министрі­нің саяси мәселелер бойынша ке­ңесшісі Науаф Уасфи Тель қатыс­қан. Сонымен бірге, АҚШ-та бұл жолы қатысу деңгейін көтерді. Егер бұған дейінгі кездесулерді Құрама Штаттардың еліміздегі елшісі бақылап келсе, бұл жолы Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт ел Астанаға Мемлекеттік хатшы­сының Таяу Шығыс бойынша кө­мекшісі Стюарт Джонсты аттан­дырды.
Астана процесі Сириядағы со­ғыс қимылдарын тоқтату режимін нығайтуға үлкен ықпал етті. Төр­тінші кездесу бейбітшілік пен бітім бағытындағы прогресті нығайта түсті. Кеше кепілдік беруші ел­дер қол қойған, Сирияда атыс үні естілмейтін 4 қауіпсіздік аймағын құру туралы құжат енді барлық тарап үшін орындауға міндетті болады. Бұл аймақтар таяуда хи­миялық шабуылдан қатты зардап шеккен Идлиб провинциясында, Хомс қаласынан солтүстікке қарай, Шығыс Гутада және елдің оңтүс­тігінде орнығады деп белгіленген. Сарапшылар бұл қадамды «көптен күтілген нағыз серпіліс» деп баға­лауда.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*