Маңызды шаралар ықпалдастықты арттырады

1428
0
Бөлісу:

Кеше Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қап тауы өңірдегі Қазақстанның басты әріптесінің өкілін қабылдады. Бұл – Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Эйнаддиноглы Маммадовтың елшілік қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы кездесуі екен. Бұған дейін елші Ақтау қаласындағы бас консулдықта 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген.

Тараптар атап өткендей, ағымдағы жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзірбайжанға ресми сапары қос мемлекеттің екіжақты стратегиялық қарым-қатынасына тың серпін берді. Сондай-ақ сапар барысында қабылданған екі ел президенттерінің Бірлескен дек­ларациясы көпжақты ынтымақтас­тықтың негізгі бағыттары мен басымдықтарын нақтылауға жол ашты.
Н.Нығматулин Әзірбайжанның Қазақстан үшін етене жақын әріптес қана емес, бауырлас ел және тату көрші екенін атап көрсетті. Сондықтан Қазақстан бұл елмен барлық салада ықпалдастықты нығайтуға айрықша көңіл бөледі. Нұрлан Зайроллаұлы қос мемлекеттің өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша келісімді ұстаным ұстанатын, тиісінше оларды шешу жөніндегі көз­қарастар да ұқсас екенін айтты. Палата басшысының байламынша, бұл тұрғыдан алғанда, пар­ла­менттік дипломатия маңыз­ды рөл атқарады. Сондықтан ол ынты­мақтастық бойынша парламенттік топ­тардың және бейінді ко­митеттердің әлеуе­тін белсенді пайдаланудың маңызды­лығын қаперге салды. Бұл «Қа­зақстан мен Әзірбайжан лидерлерінің қол жеткізген барлық уағдаластықтарын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді».
Мәжіліс төрағасы мен елші мырза алдағы маңызды оқиғалар аясында да тығыз ынтымақтасуға әзір екендерін білдірді.
Осы ретте Мәжіліс төрағасы бауырлас елдердің өзара әріптестігін тереңдетуге ықпал ететін маңызды шараларды атап өте келе, екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толғанына назар аударды. Спикер сондай-ақ Қа­зақстанның биыл Ислам ынты­мақтастық ұйымының ғылым мен технология жөніндегі тұңғыш Саммитін, сонымен бірге, ха­лықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қызу дайындық жүргізіп жатқанын хабар­лады.
Тараптар екі елде де жүргізілген конс­титуциялық реформалардың маңыз­дылығына тоқталып, одан әрі парламен­т­аралық байланысты нығайтудың өзекті мәселелерді талқылады.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*