ӘСКЕРИ ПАРАДҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ ЖҮРУДЕ

1797
0
Бөлісу:

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына және Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери парад 7 мамыр күні Астанада өтеді. Әскери парад – елдің қорғаныс әлеуетін, жауынгерлердің жоғары дайындығын көрсететін маңызды шара. Сондықтан салтанатты әскери шеруге қорғаныс саласының әскери қызметкерлері мұқият дайындалады.

Алдағы әскери парадтың өтуіне санаулы ғана күн қалды. «Биылғы меретойлық парад ау­қымы жағы­нан, оған қатысатын жауынгерлер мен техника саны бойынша, бұ­рынғы шерулерден өзгеше болады» деп мәлімдеген еді Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов. Шын мәнінде ау­қымды салтанатты іс-шараға 300-ге жуық әскери техника бірліктері мен қару-жарақтар тар­тылады. Қазақстандық авиацияның қуаты мен әскери дайындығын әуе тех­никасының 80 бірлігі парад ке­зінде көрсететін болады. Лагерь жиынының штаб бастығы, пол­ковник Қасымсейіт Өмірбековтің айтуынша, парадқа қатысу үшін еліміздің барлық әскери бөлім мен гарнизондағы әскери қыз­метшілер іріктеліп алынған.
– 14 сәуірден бастап 2,5 мың­нан астам сарбаздар мен офи­церлер таңның атысынан кештің батысына дейін әскери шеруге дайындалып жатыр. Парадқа қа­тысатын әскери бірліктер елі­міздің барлық өңірінен келген әскерилер шатырлы қалашыққа, ал әскери техникалар ұрыс маши­наларының арнайы далалық паркінде орна­ласқан. Жаттығу­лары күн сайын өтуде. Далалық лагерьде жеке құрамға арналған барлық жағдай жасалған. Палат­калар, медици­налық пункттер, тамақтану пункт­тері және дала­лық монша сияқты қажеттілік­тің барлығы да тиісті деңгейде жабдықталған. Сонымен қатар қазақстандықтар 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсена­лын толықтырған су жаңа әскери техниканы, заманауи қару-жарақ үлгілерін алғаш рет өз көздерімен тамашалап, бағасын бере алады, – деп мәлімдеді Қорғаныс ми­нистр­лігінен, аға лейтенант Жансая Омарова.
Лагерлік жиындарда әскердің барлық түрлері, сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің, Төтен­ше жағдайлар жөніндегі коми­теттің және ҰҚК Шекара қызме­тінің әс­кери қызметшілері қа­тысады. Сал­танатты шеруге тартылатын жеке құрам мен әскери техника­лардан басқа, парад кезінде Қарулы Күш­тер­дің ардагерлері, төрт әскери мектеп пен әскери-патриоттық клуб­­­тардың тәрбиеленушілері және Қорғаныс министрлігі әс­кери-тех­никалық мектептерінің оқушылары әскери техникаларға мініп, жүріп өтеді. Қазақстан Қа­рулы Күштерінің Құрлық әскерлері бас қолбасшы­сының тәрбие және әлеуметтік-құ­қық­тық жұмыстар жөніндегі орын­басары Жұмабек Хасеновтің мәлім­деуінше, бұл парадтың басты ерекшелігі – оның техно­логиялық сипатында. Негізгі ба­сымдық – қа­зақстандық әскердің жаңа және за­манауи үл­гіле­ріне берілетіндігінде.
Әскери парадқа қатысатын әс­кери қызметші әйелдер мен қыздар үшін арнайы іріктеу жүр­гізілген. Бүгінгі күні Қазақстан Қарулы Күш­терінде 9 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқа­рады екен. Армияда әскери қыз­метте жүрген офицер әйел­дердің саны 800-ден асады. Солардың ішінен іріктеліп алынған әйел әс­кери қызметшілер де дала ла­герінде жатып күнделікті парадқа дайын­далуда. Далалық қалашық­тың аумағында бос уақытты ұйым­дас­тыру үшін жылжымалы ақпарат­тық кешен жұмыс істейді. Соны­мен қатар демалыс күндері әскери қызметшілер елорданың мәдени нысандары мен көрікті жерлеріне аралауға уақыты болады.
Қазір парадқа қатысатын Қа­рулы Күштердің әскери қыз­мет­керлері мен техникалары дайын­дықтың соңғы кезеңінде. Олар алаңнан жүріп өту, жауын­герлік қару-жарақтарды көрсету тәсіл­дерін пысықтауда.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*