Дін мемлекет діңін нығайтуы тиіс

1888
0
Бөлісу:

«Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет дін саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын тұжырымдама әзірленіп отыр. Ұлттық заңнаманы өзгертетін «2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының» жобасы  Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Жиында сондай-ақ мәдениет объектілерін дамыту және жаңғырту мәселелері, «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы мәдени және спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы талқыланды.
Үкімет отырысында Дін және азамат­тық қоғам істері министрі Нұрлан Ермек­баев елді елең еткізген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, «зайырлылық Қазақ­стан­да өзінің қауқарсыздығын танытты». Ми­нистр жат діни ағындардың агрес­сия­сы сақталып отырғанын жеткізді. Олар­дың жекелеген діни бірлестіктері мен өкіл­дері «жетімбұрыш» жағалаған, үй-күйі жоқ адамдарға, жастарға тегін жатын орын, пансионаттар ұсынып, өз қатарына белсенді тартуға тырысуда. Олар сондай-ақ заңсыз уағыз-насихат жұмыстарын жүр­гізіп, сан алуан оқу курстарын ұйым­дас­тыруда, кәмелетке жасы толмағандар­ды ата-аналарының рұқсатынсыз діни қызметке тартуда екен. Деструктивті діни ма­териалдардың интернет арқылы тара­луы жалғасуда. Бұл жағдайда билік «дін мем­лекеттен бөлінген» деген Ленин ке­зін­де бекітілген қағидаға жүгініп, құр қа­рап отыра алмайды.
– Мемлекеттің толық алшақтауын жә­не діни саладағы жағдайды тек сырттай бақылауын білдіретін ұғымдағы зайыр­лылық Қазақстан жағдайында өзінің қау­­­қарсыздығын, жарамсыздығын көр­сет­ті. Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, зайырлы мемлекет ар-ұждан бостандығы үшін қажетті шарттарды қамтамасыз етеді, діни бірлестіктердің ішкі істері мен ереже-қағидалық мәселелеріне аралас­пайды. Сонымен бірге, мемлекет діни бір­­­лестіктердің мазмұндық және қоғам­дық қызметіне, олардың заңдар мен мем­лекет мүдделерін сақтауына бақылау жа­сау­ға және реттеуге тиіс, – деді Н.Ер­­мекбаев.
Ол Елбасы тапсырмасымен әзірленген бұл құжаттың «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты жолдау бағыттарына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақалаға толығымен сәй­кес келетінін нықтады.
«Осы тұжырымдама жобасын жасау бары­сында Президенттің «мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез кел­ген діни радикализмді болдырмау» нұс­қауларын басшылыққа алдық. Тұжы­рым­даманың мақсаты – діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындау, елдегі дін са­ласын реттеу бойынша заңнамалық, бас­қарушылық, әлеуметтік-экономика­лық шараларды анықтау. Оны іске асыру қоғамда және жалпы рухани салада тұрақ­ты әрі үйлесімді дамуды, жаңғыруды қам­та­масыз етеді» деді министр.
Тұжырымдама жобасында дін сала­сын­дағы мемлекет саясатының басым­дық­тары нақтыланған. Мәселен, діни бір­лестіктерге бақылауды күшейту, олар­дың қаржылық-шаруашылық және уағыз жүргізу қызметінің ашықтығына және айқындылығына қол жеткізу ұсынылып отыр. Бұл шаралар мемлекеттің діни емес, зайырлы қалпын сақтап қалуға ықпал етуі тиіс.
Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жаңа геосаяси шынайылық, ішкі және сырт­қы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қам­тамасыз етуге бағытталған. Бұл жұ­мыс­тар ресми тіркелген діни бірлестік­тер­ді және мен азаматтық қоғамды тарту, бар­лық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асы­рылады.
Ресми статистикаға жүгінсек, 2017 жыл­ғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша елі­мізде 18 конфессия атынан 3 700-ге жуық ді­ни субъект тіркелген. Еліміздегі азамат­тардың 81 пайызы – өздерін діндар адам деп санайды, 19 пайызы – атеист және аг­ностик. Діндарлардың тек 14 пайызы – өзін дін жолына ден қойған десе, 70 пайы­зы – орташа діндар деп санайды екен.
Тұжырымдама жобасын талқыға салу ба­рысында Мәжіліс депутаты Ж.Жарасов он­дағы негізгі идеяларға қолдау көрсетіп, бас­ты ережелерінің пәрменділігін арт­тыра түсу үшін қоғам мен мемлекет да­муы­­ның одан әрі бірізді дамуын қам­тамасыз ету мақсатында осы саладағы заң­­намаларды жетілдіру қажеттігін қапер­­ге салды.
Бірінші мәселені талқылауды қорыт­қан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев рухани-адамгершілік тәрбиені, халық арасында радикалдық діни идеяларды таратуға жол бермеу жөніндегі жұмыс­тарды жандандыруды тапсырды.
Ол таяуда Ақордада Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының өкіл­дері­мен кездесуде Мемлекет басшысының «жас буынның діни білімсіздік көрініс­тері­не жол беретінін» атап көрсеткенін еске салды. Осыған орай Дін істері және аза­маттық қоғам министрлігіне өңір­лер­мен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәр­бие мен қоғамда радикалдық діни идея­лар­дың таралуына жол бермеу ба­­ғы­тындағы жұмыстарды жандандыру жүктелді.
«Бәріміз ортақ күш жұмылдырып, дін саласында дұрыс тәрбиелік және ағарту­шылық жұмыс жүргізуге, барлық діндер­дің келісімі мен бейбіт бірге тұруын ны­ғайтуға жәрдемдесуге тиіспіз. «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер» деген байыр­ғы даналық бар. Сол себепті, сіз бен біздің міндетіміз – аталған жұмысты жүр­гізе отырып, қоғамдағы әркімнің жүре­гіне осы түсінікті жеткізе білу болып табы­ла­ды» деп түйді Б.Сағынтаев.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері мәде­ниет нысандарын дамыту және жаңғырту бойынша шараларды қарады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлының дерегінше, мемлекеттік мә­дени мекемелердің ең төменгі мемле­кет­тік нормативтері мен типтік штаттары бе­кітілген. Сонымен қатар ел Үкіметі белгілі бір күн­дері – азаматтардың барлық санат­тары­на, ал тақырыптық сабақтар мен мек­теп каникулдары кезінде – оқушы­лар­ға театрлар мен музейлердің тегін болуын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды жоспарлауда.
А.Мұхамедиұлының айтуынша, өткен аптада Парламент «Мәдениет туралы» заң­ға түзетулер енгізетін жаңа заң жо­басын қабылдады. Оған сәйкес, мәдениет ұйымдарын құру, тарату, қайта құру мәсе­лелері енді тек министрліктің келісі­мі ар­қылы ғана шешіледі. Бұрын оны жер­гілікті әкімдіктер өз беттерінше шеше бе­ре­тін.
Жаңа заң негізінде қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді оны жазған авторлардан сатып алу тәртібін реттейтін норма әзір­ленуде. Яғни, өз кітабы үшін қомақты қаржы алуы бұдан былай отандық жазу­шы­лар мен ақындарды, зерттеушілер мен ғалымдарды керекті кітаптарды жазуға ынталандыруға тиіс. Мұндай әдебиеттерді іріктеуді және қаламақы төлеуді Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев кейін музейлерге жұмыс істеуге келетін және олардың жұмысына жаңа серпін беретін жас мамандардың оқу орын­дарындағы саны еселеп артқанын мәлім етті. 2016-2017 оқу жылында өнер ма­мандықтары бойынша білім алушылар контингенті 19 мыңнан асыпты. Салыс­тыру үшін айтсақ, өткен жылы небәрі 2,5 мың адам бітіріп шыққан.
БҒМ басшысы бір жаңалығын жария етті: енді оқушылар мен мұғалімдер «Дү­ниетану», «Қазақстан тарихы», «Қазақ әде­биеті», «География», «Биология», «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек» тәрізді пән­дер бойынша сабақтардың бір бөлігін мектеп қабырғасынан тыс, жергілікті музейлерде өткізеді. Е.Сағадиев музейлер осыған биылғы күзде дайын болулары тиістігіне назар аудартты. Бұл шара «білім сапасын арттырып, өскелең ұрпаққа пат­риотизм сезімін, Отанға деген сүйіс­пен­шілікті және үлкендерге деген құрметті сіңіруге, музей ісін дамытуға ықпал етуге, сонымен қатар халыққа музейге бару мә­дениетін дарытуға мүмкіндік беруге тиіс».
Бұл ретте Үкімет отырысында Білім жә­не ғылым министрлігіне жалпы білім бе­ретін мектептердің оқу процесіне жо­ғарыда аталған пәндер бойынша 2017 жыл­дың 1 қыркүйегінен бастап сабақтар өткізуді қосу туралы хаттамалық тапсырма берілді.
Жиында мәдени нысандар негізінде туризмді дамыту тақырыбына құлаш ұр­ған Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы 2015 жылы барлық республикалық музейлер мен қорық музейлері «республикалық мемлекеттік ме­кеме» мәртебесінен «мемлекеттік қа­зы­налық кәсіпорынға» ауысқанын атап өтті. Бұл оларға ақылы қызметтер көр­сету­ге, соның есебінен жеке ғылыми-әдіс­темелік базаларын дамытуға мүм­кін­дік берді.
Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қас­теев атындағы мемлекеттік өнер му­зейі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ғылыми-зерттеулер жүргізуге лицензия алды. Бұл оларға қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтармен, университеттермен, мұрағаттармен, кі­тапханалармен тығыз байланыс орната отырып, жеке ғылыми-зерттеу базасын қа­лыптастыруға мүмкіндік береді. Барлық рес­публикалық музейлерде онлайн-экс­позициялар, 3D-галереялар мен турлар іске қосылған, QR-кодтар арқылы ақ­па­рат­тандыру жүйесі енгізілуде.
– Біздің Ұлттық музей тартымды болуы үшін қандай да бір әлемдік шедевр­ді сатып алу керек-ақ. Бірақ ірі аукцион­дарда ондай туындылар кем дегенде 100 миллион доллар тұрады. Сондықтан біз­дің басқа ұсынысымыз бар: Қазақстан әлем­де теңдесі жоқ артефакт – «Алтын адам­ды» әлемде барынша насихаттауға тиіс. Ол туралы фильм түсіріп, телевизия арқылы таратуға да болар еді, – деген Мә­дениет және спорт министрі «Алтын адам» туралы білгендердің оны көруге деген қызығушылығы артатынын айтты: «Мысал үшін айтайын, 2004 жылы біз бұл жәдігерді алғаш рет Ресейдегі Эрмитажға қойғыздық, мұның біраз қиындығы болды, 20 күнге қоюға келістік. Алайда бір аптадан соң Эрмитаждан бізге қоңы­рау шалып, «Алтын адамды» екі айға қал­дыру­ды сұрады» дейді А.Мұхамедиұлы.
Бұл мәселе бойынша талқылауды қо­ры­тындылаған Үкімет жетекшісі Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер тұрғысынан мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысан­дары­ның қолжетімділігін арттыру бойын­ша алдағы шараларды әзірлеуді тапсырды.
Үкімет отырысында бір айдан кейін ашы­латын «ЭКСПО – 2017» аясындағы мә­дени және спорттық шаралардың ке­шенді бағдарламасы да қарастырылды. Бақыт­жан Сағынтаев Халықаралық көр­мені өткізу үшін ауқымды ұйымдас­тыру­шылық жұмыстар жүргізілгенін айтты, енді жоспарланған шаралар кешенін сапалы түрде жүзеге асыру міндеті қалды. Мәдениет және спорт министріне осы жұ­мысты жалпы үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Халықаралық көрмені өткізу кезінде Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам шара өтпек. «Опералия» халықаралық опера әнші­лері­нің байқауына қатысу үшін Астанаға әлем­нің түкпір-түкпірінен үздік вокал­шылар жиналады. Астана опера теат­рында Пласидо Доминго, сондай-ақ Ла Скала, Мариинский театрларының ар­тистері өнер көрсетеді. «ЭКСПО» көрме ке­шеніндегі арнайы павильонда аты әлемге мәшһүр Cirque du Soleil (Цирк дю Со­лей) өнерпаздары көрермендерді қызыққа қарық қылуға әзірленуде. Олар үш ай бойы 71 қойылым қоймақ. Кіру ба­ға­сы 4-6 мың теңге айналасында бо­лады.
Мәдени бағдарламада ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер қойылымдарына ерекше көңіл бөлінген. Оның аясында Дж.Вердидің «Аида» опе­расы, Людвиг Минкустың «Дон Ки­хот» классикалық балеті Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» қойылымы, Димаш Құдай­бергеннің концерті өтеді. Көрме аясын­дағы басты бір шара «Еуразия» халық­аралық кинофестивалі болмақ.
«ЭКСПО – 2017» кезеңінде 14 ірі спорт­тық шара өткізу көзделген, оның ішін­де 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чем­пио­наты, 3 халықаралық шара, 2 ҚР Президенті кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-конвенциясы бар.
Бұлбұл һәм дүлдүл Димаш Құдай­берген 22 мың адам сыятын Астана арена стадионында ақылы концерт те бермек. Алайда министрдің мәліметінше, 6 күн ішінде отандық және шетелдік қонақтар ең тартымды 7 мың орынға билетті сатып алып қойған. Сол себепті, министрлік Ди­маштың екінші концертін ұйымдас­тыруды қарастыруда.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*