Жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғамақ

1753
0
Бөлісу:

Қазақстандық балалардың ғаламтордағы бейнероликтер жүктелетін Youtube-ке, сондай-ақ әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін.  Мәжілісте, палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» жаңа заң жобасының тұсаукесері өтті.  

Бұл заң жобасына Г.Исимбаева, С.Абд­рах­манов, С.Бычкова, А.Платонов, Б.Әй­тімова, С.Бектұрғанов секілді бір топ Мә­жі­ліс және Сенат депутаттары баста­машы бол­ған. Заң жобасы балалардың өз жас­та­рына сәйкес келетін ақпаратты алу және та­рату құқықтарын іске асыруға бай­ла­ныс­ты туындайтын қоғамдық қатынас­тар­ды реттеуге бағытталған. Жоба бала­ларды олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін ақпараттардан қорғау мақсатына ар­налып отыр. Мәжілістің биылғы 19 сәуір­­дегі жалпы отырысында па­латаның әлеу­меттік-мәдени даму коми­те­тіне осы заң жобасы бойынша 2017 жыл­дың 27 жел­тоқсанына дейін қорытынды әзірлеу жүк­телген болатын. Енді Парла­мент қабыр­ға­сында құжатты талқылау бас­талды.
Таныстырылым шарасына мемлекеттік органдардың, Парламентке ене алмаған сая­си партиялардың, қоғамдық бір­лес­тік­тер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­де­рі шақырылды.
Балалардың денсаулығы мен дамуына зар­дабын тигізетін ақпараттан қорғау тура­лы алғашқы заң жобасын алдыңғы, бесінші сай­ланған депутаттық корпус әзірлеп, қа­был­даған-тын. Алайда артынша Конс­титу­ция­лық кеңес ол заңның кейбір баптарын Ата заңға сәйкес келмейді деп таныды. Ен­ді жаңа заңда қалаулыларға сондағы ес­кертп­елерді ескеруге тура келеді.
Бірақ мұндай заңның қажеттілігіне депу­таттар еш күмәнданып отырған жоқ. Оның үстіне ұқсас заң көрші Ресейде бұрын­нан жұмыс жасауда.
Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігінің Байланыс, ақпааттандыру жә­не БАҚ саласындағы мемлекеттік ба­қы­лау комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров депутаттардың сауал­дарына жауап бере келе, жасөскіндерді зиянды ақпараттардан қорғаудың заманауи тә­сілдері барлығын алға тартты. Оның қатарында IDC-бақылау функциясы да аталды.
– Мұның сыртында қазіргі кезде бай­ланыс операторларының «балалар пакетін» қалыптастыруы мәселесі пысықталуда. Оны ақпараттың «ақ тізімі» деп атауға бо­лады. Ол ақпараттар белгілі бір жас сана­тындағы балалар үшін еркін қолжетімді болады. Бүгінде бұл тұжырымдама опера­торлармен бірге пысықталуда. Жақын уа­қытта біз ортақ нәтижеге келеміз деген ой­дамын! – деді М.Комиссаров.
Оның түсіндіруінше, бұл «пакет» қол­даныстағы «ата-аналық бақылауға» үлкен сеп, көмек болады. Ата-аналар интернет желісін іске қосатын оператормен келісіп, одан өз баласы белгілі бір сөздерді теріп, ға­ламтордан соларға қатысты ақпарат із­десе, интернет байланысын үзуді сұрай ала­ды.
– Біз байланыс операторларымен ке­ліс­сөздер жүргізіп, балалар, мектептер үшін қолжетімділік пакетін ұсыну мәсе­ле­лерін қарастырудамыз. Бұл жағдайда ақпа­рат қандай да бір «шешуші сөздер» дең­гейінде ғана сүзгіден өтумен шектелмейді. Бұл ретте шектелетін ақпарат сақталуы мүм­кін жекелеген опциялар бірден ағы­тылып тастайды. Мәселен, балалар паке­тінде, біздің ойымызша, әлеуметтік желілер мен Youtube болмауы тиіс. Оның орнына балалар үшін арнайы тазартылған Kaztube қана болуы тиісті. Оның орнына қандай да бір білім беру және ойын ре­сурстары, балалардың өсіп, өркендеуіне оң ықпал ететін контенттер ғана болғаны жөн. Әйт­песе, балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін мазмұн-мате­риал­дардан бүкіл интернетті толық тазартып шығу дәл қазір ешкімнің қолынан кел­мейді! – деді министрлік комитеті төраға­сының орынбасары.
Заң жобасының міндеті – балаларды физикалық және психикалық денсау­лығына, имандылық, рухани, пси­хикалық, физикалық және әлеуметтік жа­ғынан дамуына зардабын тигізетін ақ­па­раттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қаты­гездікті, порнографияны, қоғамға жат жә­не құқықбұзушылық әрекетті насихат­-
тай­тын баспа, дыбыс және дыбыс-бейне өнім­дерін, электрондық және ком­пью­тер­лік ойындарды таратудан қорғаудың ұйым­дастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепілдіктерін енгізу.
Бірқатар мемлекеттердің (АҚШ, Ка­на­да, Германия, Ұлыбритания, Нидер­лан­ды, Норвегия, Дания, Швеция, Финлян­дия, Австрия, Франция, Италия, Жа­по­ния және ТМД елдерінің) заңнама­сында «ба­лалардың денсаулығы мен дамуына зар­дабын тигізетін ақпаратты балалар мен жа­сөспірімдер арасында насихаттауға шек­теулер қою және тыйым салу», «ақпа­раттық өнімнің тиісті сарап­тамасын жүр­гізу және осындай өнімнің жас санатының сыныптамасын жүзеге асыру», «балаларға арналған бағдарла­ма­ларды таратуға уақыт шектеулерін бел­гілеу», «балаларды зар­да­бын тигізетін ақ­параттан қорғау жөніндегі арнайы бақылау-қадағалау органдарын құру», сондай-ақ «кәмелетке толмағандар ара­сында ақпараттық өнімнің заңсыз ай­налымы үшін қылмыстық жауаптылық бел­гілеу» шаралары көзделген. Заң жо­басын әзірлеуде сынақтан өткізілген ха­лық­аралық тәжірибе ескерілді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*