Бірліктің бесігі, татулықтың тұтқасы – Қазақстан!

2755
0
Бөлісу:

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақ елі қашан да бірлік пен ынтымақ, татулық пен тұрақтылықтың ұдайы сақталуына қызмет етіп келеді. Еліміздегі жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері де шынайы достықты, ауызбіршілікті сақтауға атсалысуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде, әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесімді сіңісе білді» деп атап өтті. Бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, тату өмір сүре білген түрлі халыққа ортақ мереке республиканың түкпір-түкпірінде аталып өтілді. 

Елордадағы «Қазақ елі» алаңы мен қалалық әкім­діктің алдында еліміздегі тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі диаспоры өкілдерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан көрініс беретін дүбірлі той өтті. Таңның атысынан кештің батысына дейін жалғасқан ауқымды шара аясында қаладағы этномәдени бірлестіктердің театрландырылған қойылымы қалың бұқараның назарына ұсынылды. Отандық эстрада әншілері де мерекелік той-думаннан құр қалмады. Сонымен қатар мейрамда әрбір ұлт пен ұлыстың ұлттық қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық затта­рының көрмесі ұйымдастырылды.
Алматыдағы Республика сарайының алдында да артистер мен отандық әншілердің қатысуымен үлкен концерттік шара өтті. Биыл оңтүстік астанамыз бір мезетте барлық сегіз ауданында халықтар бірлігі мерекесін бірдей бастауымен ерекшеленді. Алып шаһардың түкпір-түкпірінен әуелете шырқалған әуен, күмбірлеген күй мен әсем ән, ырғақты би қала­ны думанға бөледі.
Шырайлы Шымкенттің тұрғындары мере­кені әл-Фараби алаңында тойлады. Кон­церттік бағдарлама «Ақ көгершін» композициясымен ашылып, «Алтын адам» киіміндегі салт аттылар мен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне арналып безендірілген көлік шеруімен жалғасты. 18 этномәдени бірлестіктің басын біріктірген оңтүстік өңір де түрлі халықтың мерекелік қойылымынан кенде қалған жоқ. Айта кетейік, бұл бірлестіктер биыл облыс әкімі Ж.Түймебаевтың «Бауырмал» сыйлығын алды. Сыр өңірінде Бірлік күні Ақмешіттегі «Достық үйінің» алдында ұйымдастырылған «Болашағы біртұтас ұлт» атты форуммен басталып, «Мақсат­тар бірлігі – рух бірлігі» атты этно­мәдени бірлестіктердің өнер фестивалімен жалғасын тапты.
Қазақстан халқының бірлігі күнін Маң­ғыстау өңірінде мерекелік шерумен бастады. Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрынан басталып, «Астана» алаңына дейін жүріп өткен думанды шеруге 7 мыңға жуық адам қатысты. Алаңдағы мерекелік шеру концерттік бағдарламаға ұласты. Мұнда өңір басшысы Ералы Тоғжанов пен өзге облыстық этномәдени бірлестік және зиялы қауым өкілдері, ардагерлер өздерінің жүрек­жарды тілектерін арнады. Сондай-ақ мейрамға арналған түрлі жәрмеңкелер мен шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан өткен облыстық турнирлер мереке көрігін қыздыра түсті. Қала тұрғындары арқан тарту, армрес­т­линг, асық ату, стрит-воркаут ойындарынан сайысқа түсіп, отбасылық жарыстарға қатысты. «Бірлік күнін» тойлауды бір апта бұрын бастап кеткен ақтөбеліктер бұл мейрамды «Бірлік пен келісім» гүлзарында өткен «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік шарамен қорытын­дылады. Сондай-ақ Атырау, Орал, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Семей және елімізідің үлкенді-кішілі барлық аймағында өткізілген түрлі мерекелік бағдарламалар – Қазақстан халықтарының бірлігі күнінің республикалық деңгейде тойлануына өз үлесін қосты.

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*