Коммуналдық тарифтер төмендеуі тиіс

1822
0
Бөлісу:

Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасында тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық жүйе­сінің жай-күйі және даму перс­пективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов жетекшілік етті. 

Жиында хабарланғандай, Ұлттық экономика министрлігі алдағы мамыр айында Парламентке «Табиғи моно­полиялар туралы» жаңа заң жобасын енгізуге әзірленуде. Бұл жылу, жарық, су және басқа сала алпауыттардың тарифі өзгеруі, халық пен бизнеске түсер ауырт­палықтың жеңілдеуіне ықпал етуі мүмкін.
Себебі, заң жобасы реттеудің жаңа әдістерін енгізу арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласындағы табиғи монополиялар субъ­ек­ті­лерінің тарифтерін түзудің баламалы шешім­дерін ен­гізуді көздейді. Олар арасында ын­та­лан­дырушы әдіс, индексация әдісі және мо­нопо­лист пен рет­теу­ші мемлекеттік орган арасында келісім бекіту ке­­зін­де тарифті анықтау бар. Мемлекет көбірек үнем жасап, өз тиімділіктерін арттырулары үшін кәсіп­­орын­дарға ынталандыру тетіктерін іске қоспақ.
– Заң жобасы арқылы біз кәсіп­орындардың шығындарын үнемдеуге және тиімділіктерін артты­руға ынталандыратын боламыз. 1998 жылы қабыл­данған қолданыстағы заңнамада кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға ынталандыратын тетіктер жоқ. Бұл өз кезегінде жыл сайын тарифтердің көте­рілуіне соқтыруда. Сонымен қатар заң жүйелі емес, соңғы 3 жылда оған 200 түзету енгізілген. Тариф құру процесі ашық болмай тұр, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.
Мұның сыртында қоғамдастықты тарту мақса­тында Тарифтік саясат жөніндегі кеңес секілді жаңа институттарды құру қарастырылуда.
Инвестициялар және даму вице-министрі Т.Тоқтабаевтың байламынша, тариф құнының жыл сайын өсуіне желілердің тозуы да әсер етуде. Сол себепті, Елбасының 2015 жылғы 6 сәуірде бекіткен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масында жылу­мен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаң­ғыр­туға айтарлықтай қаржы бөлу қарастырылған.
2015 жылы осы мақсаттарға 60 миллиард теңге жұмсалған. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 226,5 ша­қырым құбыр жаңартылды. Былтырғы 2016 жылы 86 миллиард теңге арна тартқан, бұл қара­жатқа 1 733 шақырым желі ауыстырылған және жаңадан салынған.
2017 жылы су, кәріз және жылу желілеріне 48 миллиард теңге бағытталуда және бұл қаражатқа 1 190 шақырым құбыр жөнделеді деп жоспарлануда.
Осылайша, 2020 жылға дейін тозығы жеткен су, кәріз және жылу желілерінің үлесін қазіргі 67 пайыздан 53 пайызға дейін азайту көзделіп отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы (ТКШ) «табиғи монополия» саласына сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, жылумен жабдықтау және электр энергиясын беру қызметтерін көрсететін компа­ниялар жатады. Жалпы алғанда, қазір Қазақстанда 1 172 табиғи монополия субъектісі тіркелген. Оның ішінде ТКШ саласында 926-сы жұмыс жасайды. Олар мемлекет пен халыққа 1 355 қызмет түрін көрсетеді екен.
Дөңгелек үстелде тұрғын үй шаруа­шылығының жағдайын жақсарту шаралары мен оны жаңғырту жөніндегі ұсыныстар жайында «Тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-тың басқарма төра­ғасы М.Садуов баяндама жасады. Сондай-ақ Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басқар­масының басшысы Ә.Қуатбеков, Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқарма­сының бас­шысы Әнуар Өскенбаев та қатысып, сөз сөйледі.
Отырысқа Инвестициялар мен даму, Ұлттық экономика министрліктерінің, Астана мен Алматы қалаларының, Шығыс Қазақстан облысының жер­гі­лікті атқарушы органдарының өкілдері, сондай-ақ «Ауыл» халықтық-демокра­тиялық патриоттық партиясының, «Бірлік» саяси партиясының, Жал­пыұлттық социал-демок­ратиялық партия­сының өкілдері қатысты.
Н.Сабильянов талқылау барысында айтылған ақпараттар палата комитетінің заң шығару жұмысында назарға алынатынына сендірді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*