Инвестиция тартудан қазақ елі көшбасшы атанды

2221
0
Бөлісу:

Қазақстанда инвестициялар тарту саласына жаңа көзқарастар мен тәсілдемелер енгізілді. Кеше Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Kazakh Invest компаниясының және Ұлттық инвестициялық стратегия жобасының тұсаукесері өткізілді. 

Инвестиция – кез келген экономика­ның «күретамыры». Тәуелсіздік жыл­дарында Қазақстан тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте шетелдік инвестициялар тарту бойынша көшбасшыға айналды. Мәселен, эконо­микасы біздікінен он есе үлкен Ресей 2016 жылы небәрі 19 миллиард доллар ғана тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тарта алыпты. Қазақ елінің бұл көрсеткіші $20 миллиардтан асты.
Елбасының Жолдауында айтылған осы көшбасшылықты сақтау туралы тапсыр­маны орындау мақсатында ел Үкіметі екі бағытта жұмыс жасауда: біріншіден, Дү­ниежүзілік банк ұсынысының негізінде «Инвестициялар тарту және ұстап қалу бойынша ұлттық стратегия» жобасын әзірледі, екіншіден, Kazakh Invest ұлттық компаниясын құрды. Бұл жерде Үкіметтің биылғы 1 наурыздағы қаулысымен бұрын­ғы Kaznex invest экспорт және инвести­циялар жөніндегі ұлттық агенттігі енді Kazakh Invest ұлттық компаниясы болып, қайта құрыл­ғанын түсіндіре кеткен жөн.
Инвестициялық стратегия жобасын Дүниежүзілік банктің инвестициялық ахуал мәселелері жөніндегі кеңсе басшысы Нимак Иван таныстырды.
– Экономиканы әртараптандыру үдерісін жеңілдету үшін инвестиция түрлері өзгертілуге тиіс. Олар тек шикізат­тық немесе табиғи ресурстарға ғана шо­ғыр­ланбауы қажет, олар инвестициялардың сапалы және көлемді басқа түрлеріне қарай жылжуы тиіс. Біз экономикалық өсім мен жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін әлде­қайда тиімді инвестицияларды іздейміз, – деді ол.
Н.Иванның айтуынша, бұл ұлттық стратегия «Қазақстанға құйылар тікелей шетелдік инвестицияларды әрта­рап­танды­ру және тиімділікті арттыруға ба­ғыт­талған қосымша құны жоғары инвес­тициялар үлесін арттыру бойынша Жол картасы».
Дүниежүзілік банк өкілі стратегиялық мақсаттарға «өзара байланысты үш тә­сілді пайдалану арқылы» қол жет­кі­зі­ле­тінін айтты: бұлар – инвести­ция­лар­дың жаңа түрлерін тарту, қол­даныстағы тіке­лей шетелдік ин­вес­тициялардан түсетін пай­даны арттыру, стратегиялық жекеше­лен­діруді жүргізу және мем­лекеттік-же­ке­меншік әріптестікті (МЖӘ) пайдалану.
Стратегияның басымдықтары ретінде Н.Иван үш бағытты белгіледі: инвес­тициялық ахуалды жақсарту бойынша реформалар, халықаралық нарықтарда инвестицияларды ілгерілету және жай­ғастыру, жекешелендіру және МЖӘ.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек соңғы жылдары елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыс жүр­гізілгенін тілге тиек етті. ЭЫДҰ-мен бірге Қазақстанның инвестициялық саясатына екі шолу жүргізілді, олардың қорытындысы бойынша Үкімет елдің инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша толық жос­парды қабылдады.
– Соңғы 5 жылда біз заңнамамызды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес өзгерттік: көші-қон және визалық режимді, рұқсат жүйесін, салық салуды, кедендік бақы­лауды жеңілдеттік. Реформалар нәтиже­сінде бизнес ортаның бәсекеге қабілеттілігі артты. Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 41-ден 35-орынға дейін көтерілді. Ағымдағы жылдың ақпан айында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кеңесі Қазақстанды ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі ко­митетінің қауымдастырылған мүшесі ре­тінде шақыру туралы шешім қабылдады, – деді Ж.Қасымбек.
Қабылданған шаралар тек рейтингке ғана емес, елдегі ахуалға да әсер еткен. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қа­зақстанға келген тікелей шетелдік инвес­тиция­лар ағымы 2015 жылмен салыстыр­ғанда бірден 40%-ға өсіп, 20,6 миллиард долларды құрады.
Министр ең көп өсім тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде, электрмен қамту және ақпараттық технологиялар сала­ларында байқалғанын айтты. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар өсімінің үрдісі де сақталуда.
Қазақстанға тікелей инвестицияларын көп құйған елдер арасында Нидерланды, АҚШ, Швейцария көш бастайды, олардың ізінше Франция, Қытай, Ресей, Бельгия, Ұлыбритания келеді.
Ж.Қасымбек инвестициялар тарту жүйесін қайта қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар туралы баян етті. Оның аясында 2017 жылдың маусым айының соңына дейін инвес­тицияларды қайдан, қалай және қайда тарту керектігін кешенді түрде көрсететін, барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық ком­паниялардың үйлестіру жұмыстарының нақты тетіктерін анық­тайтын инвес­тицияларды тартудың ұлттық стратегиясы толық әзір болады.
Kazakh Invest инвестициялар жөніндегі мамандандырылған ұлттық компаниясы ірі инвесторлармен және трансұлттық компаниялармен «ел Үкіметі атынан жалғыз келіссөз жүргізуші» ретінде қимылдайтын болады. Жеңіс Қасымбек аталған компанияға ерекше мәртебе берілгенін айтты: ондағы Директорлар кеңесіне Премьер-министрдің өзі бас­шы­лық етеді. Ал бұл, министрдің айтуынша, инвестор­ларды тарту мен сүйемелдеудің аса маңызды басымдық екенін білдіреді.
Қазіргі таңда өңірлерде инвесторларға қызмет көрсететін 19 сектор жұмыс істеп тұр. 2017 жылдың бірінші жартыжыл­дығының соңына дейін «бір терезе» қыз­меті онлайн-режимде іске қосылатын болады.
Айта кету керек, өңірлерде Kazakh Invest өкілдері облыс әкімдері мен Алматы қаласының штаттан тыс кеңесшілері мәртебесіне ие болады.
Ж.Қасымбек инвесторлармен жұмыс жүргізетін барлық жауапты қызметкерлерді біріктіретін және инвесторларға мем­лекеттік қызмет көрсету барысын онлайн режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беретін follow up – ақпараттық-бақылау жүйесінің жақын арада іске қосы­латынын хабарлады.
Жиынды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдерінің бизнеске жауапты орынбасарларының ағылшын тілін білмеуі шетелдік инвестор­лармен лайықты жұмыс жүргізуге кедергі бола ма деп қауіптенетінін ашық айтты.
– Біз Үкіметте инвестиция тарту жұ­мыстарын қайта жүктеудің маңыз­дылығын түсінеміз. Бірақ бұл іс өңірлерде бөгеліп қалмауы қажет. Сондықтан өңір әкімдерінің инвестиция мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарларымен қосымша әңгімелесу өткіздік. Біздің ойымызша, олардың бір бөлігі осы салада жұмыс жасауға әлі дайын емес, басқасын айтпағанда, олар тіпті жеткілікті түрде шет тілдерін де білмейді және өңірлерде бастан асып жатқан басқа мәселелерге көбірек бас ауыртады, – деді Премьер.
Б.Сағынтаев жергілікті жерлерде тиісті функцияларды әкімдердің орынбасар­ла­рына бекіту үшін қазіргі кезде Президент Әкімшілігіне жолданатын хат дайындалып жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ Үкімет жетекшісі бұрынғы «Казнекс инвесттің» тек атауын ғана ауыстыра салмай, оның құрылымын да толығымен қайта құрғандарын айтты. Ол ұлттық инвестициялық стратегияны әзірлеу де Президенттің тапсырмасы екенін еске салды. «Бұл жұмысқа Дүние­жүзілік банк бастаған халықаралық сарапшыларды тарттық. Бұл ретте біз дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ-ның барлық кеңес-ұсыныстарын ескеретін боламыз» деп түйді Б.Сағынтаев.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*