Спортта ел намысы лайықты қорғалуы керек

1620
0
Бөлісу:

Қазақстанда спорт түрлерін қаржыландыру тәртібі өзгертіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар осыны қарастыратын заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. Бұл жоба енді Елбасының қол қоюына жіберіледі. Жаңа заң бойынша спортты қаржыландыру анағұрлым түсініктірек, айқынырақ, әрі барынша объективті болады деп күтілуде.
Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының айтуынша, «Кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, «алғаш рет дене шы­нықтыру және спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін нақты жетілдіру» қарастырылуда. Ол осы жүйенің «анағұр­лым айқынырақ, объективті, ең бастысы, түсінікті» бола түсетініне сендірді.
Осы мақсатта Норвегия, Франция, Германия және басқа да жетекші спорттық державалардың тәжірибесі ескеріле отырып, Қазақстанда да спорт түрлерін саралау (маңызы бойынша саты-сатыға бөлу) жүйесін енгізу көзделген. Ең жоғары тұрғандарын мемлекет толық өз қарауына алады. Бұл «спортты қаржыландырудың тиімді моделін түзуге» мүмкіндік береді, ол модель өз кезегінде «республикалық және облыстық деңгейлерде қаржылардың объективті және тәуелсіз бөлінуін кепілдендіреді».
Арыстанбек Мұхамедиұлы спорт түрлеріне қаржы бөлудің қолданыстағы тәртібін «тиімділігі мен объективтілігі төмен» деп атады. Оның үстіне «спорт пен дене шынықтыруды кешенді дамытуға қажетті жағдайлар әлі күнге жасалмаған, спорттық инфрақұрылымға жұртшылық­тың қолжетімділігі шектелген, бұл қа­зақстандық спорттың бәсекеге қабілетт­і­лігін төмендетеді».
Жаңа жүйе бойынша бюджетті анық­таған кезде спорт түрлерін саралаудың өлшемдері ескеріледі. Саралау көрсет­кіштерін анықтаудың негізгі критерийле­ріне «халықаралық жарыстарда қол жеткізілген спорттық жетістіктер», «ұлттық спорт түрлеріне қатысты болуы», «кадрлық әлеуеттің және материалдық-техникалық базаның болуы», «спорт түрінің ерекше­ліктері еліміздегі әр өңірдің климаттық шарттарына сай келуі» жатқызылады.
Яғни, мемлекет Олимпиада бағдар­ламасына кірмесе де, қазақ күресі, көкпар, ат жарысы секілді ұлттық спорт ойындарын қолдайды, себебі бұлар – Қазақ елінің ұлттық кодына қатысты құндылықтар. Сондай-ақ мемлекет жазғы-қысқы жа­һандық ойындарда жүлде әкелер әлеуеті мол спорт түрлерін бюджеттен қаржылан­дыруды жалғастырады. Халықаралық ірі жарыстарға қатар көбейту үшін ғана қатысып, бірақ жеңіс әкелмейтін, елдің намысын лайықты қорғамайтын спорт ойындарын мемлекеттік қолдау үлесі азайтылады. Олар енді демеушілер іздеулері керек. Мәселен, министрлік футбол клубтарының шетелден легионер тарту шығындарын ел қазынасынан өтеуден бас тартуға ниетті: егер жергілікті жастар арасынан аяқдопшыларды тәрбиелемей, сырттан футболшы әкелгісі келсе, клубқа оған демеуші іздеуіне тура келеді.
– Екіншіден, аталған заң жобасында алғаш рет мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық олимпиада комитетін (ҰОК) қоса алғанда, қоғамдық бірлестіктер арасындағы функциялардың ара-жігін ажырату ұсынылады. Жергілікті атқарушы органдар бұқаралық спортты дамытумен айналысады, орталық уәкілетті орган, яғни министрлік – стратегиялық міндеттермен, дене шынықтыру және спортты дамыту мәселелерін үйлестірумен, сондай-ақ бюджет қаражатының атқарылуын бақы­лаумен шұғылданатын болады, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұл ретте жоғарғы жетістіктер спортын дамытудағы ҰОК-тың рөлі күшейтіледі. «Өйткені ұлттық құрама командаларды даярлау бойынша спорттың олимпиадалық түрлері бойынша республикалық спорттық федерациялардың топтастырылған ұстанымын да ҰОК ұсынады» деді министр.
Сондықтан осы функциясын жүзеге асыру үшін Ұлттық олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен келісімге отырып, бюджеттік бағдарлама аясында мемлекеттік тапсырма алып отыратын болады. Ол келісімде қол жеткізілуге тиіс нәтижелердің көрсеткіш­тері көрсетіледі. Өз кезегінде, министрлік бөлінген қаражаттарға бақылауды жүзеге асырады.
Заң жобасын талқылау барысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту бойынша де­путаттардың ұсыныстарын жария етті.
– Көптеген спортпен шұғылданушылар, тіпті кәсіби спортшылардың өздері «президенттік тесттің» өте күрделі екенін айтады. Оны орындауға кейде майталман спортшының да күші жетпей жатады екен. Депутаттар «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тестінің» норма­тивтерін күрделілік дәрежесіне қарай бірнеше санатқа бөлуді ұсынады. Бұл адамдарды спорттан айнытпау, олардың бойында президенттік тест алдында қорқыныш тудырмау, сондай-ақ жастарды әртүрлі тәсілдермен дене шынықтыру пәндерінен босатылуға қол жеткізуге итермелемеу үшін керек еді, – деді комитет төрайымы.
Ол спортты қаржыландыру қазір бірнеше көзден жүзеге асырылатынына назар аудартты. «Спорттың ең ірі демеу­шілерінің қатарында – «Самұрық-Қазына» қоры мен Мәдениет және спорт ми­нистрлігі бар. Олардың әрқайсысы де­меуқаржыларды өз беттерінше, бір-бірінен бақылаусыз бөледі. Осыған байланысты спортты үйлесімді түрде бір жерден қаржыландыру туралы ұсыныс бар. Қазіргі кезде, «туризм индустриясы мен спортты дамыту қоры» жұмыс жасайды. Сонда қаржы айқын бөлініп, шешім келісімді түрде қабылданар еді» деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Жоғарғы палата сонымен бірге ми­нистр­лікке бұқаралық спортты қар­жыланд­ыру үлесін 30 пайыздан асыруды ұсынады. Д.Назарбаева дене шынықтыру әр мектепте әрқалай өтетінін, бірыңғай үлгі жоқтығын ескертті. Тиісінше, мек­тептерде спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуге кеңес берілді. Бұл жерде мек­тептердің 60 пайызында дене шынықтыру сағаттарын арттыру үшін ешқандай жағдай жоқтығы қаперге салынды. Ендеше «спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша жеке бағдарлама керек» және оған жеке бизнес тартылуы қажет деп санайды сенаторлар.
Осы күні Сенат «Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жарғысын» ратификациялады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып болған соң, сенаторлар депутат­тық сауалдарын жариялады. Атап айтқанда, Ә.Бектаев Өзбекстанның емес, қазақ ұлтының қаһарманы екендігі бертінде ғана дәлелденген Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовқа арналған көркем фильм түсіруге қаржы бөлу туралы, сондай-ақ оқушылары аз, шағын мектептердің түйткілді проблемаларын шешу үшін іс-шаралар кешенін қабылдау туралы, ал С.Плотников Өскеменде мамандан­дырылған ХҚКО құрылысын қар­жы­ландыру туралы мәселе көтерді.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*