Елбасы оңтүстіктегі бірлігі жарасқан елге сүйсінді

1898
0
Бөлісу:

Оңтүстік Қазақстан облысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келді. 

Елбасы Шымкент қаласындағы Қа­зақстан халқы ассамблеясы ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің ашылу салтанатына қатысты.
1 мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ашылған нысанның құрылысы өңірдегі 20 этномә­дени бірлестіктің бастамасымен жүр­гізілген. Оңтүстік Қазақстан облы­сын­дағы түрлі ұлт пен ұлыстың Қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы мен ақеділ шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті бой түзеген нысан ұлты­мызға деген зор құрметтің белгісі деуге болады.
Оңтүстіктегі осынау бірлігі жарасқан тірлікке риза болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы көпұлтты мемлекеті­міздегі ұлттар мен ұлыстар татулығы Тәуел­сіз Қазақстанның басты байлық­тарының бірі екенін атап өтті.
– Елімізге ең бірінші кезекте тыныш­тық пен бейбіт өмір керек. Мойындау керек, әлемде соғыстан көз ашпай, халқы қиналып жүрген мемлекеттер көп. Бізде бейбіт өмір мен татулық бар. Бізге бас­тысы – осы ынтымағымызды ұстап тұру маңызды, – деді Елбасы.


Өңірдегі этнос өкілдерінің қаржылай демеуімен бой көтерген монументтің биік­тігі – 7,5 метр. Алдағы уақытта осы нысан елді берекелі бірлікке ұйыстыратын маңызды іс-шаралар өтетін еңселі ғи­маратпен бірге оңтүстік жұртшылығы­­­­ның патриоттық алаңшасы ретінде ел игілігіне жұмыс істейтін болады. Облыс­тық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов монумент Қазақ еліне деген құрмет пен махаббаттың символы екенін жеткізді. «Жоғары мәртебелі Елбасы! Міне, бүгін жазықсыз жапа шек­кен­дердің ұрпағы түледі. Қазақ топыра­ғынан нәр алып, көбейді, жай­қалған бауға айналды. Бақ-берекеге ке­неліп, көсегесі елмен бірге көгерді. Осы үшін біз Қазақ халқына, жаны жомарт осы ха­лық­қа жетекшілік етіп отырған сізге, оңтүс­тік­тің жүзден астам этнос өкіл­дері атынан алғысымызды білді­реміз!» деген жүрек­жарды лебізін білдірді бірлестік төрағасы.
Мұнан соң Елбасы Н.Назарбаев қайта жөндеуден өткен Қазақстан халқы ассамблеясының (бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры) ғимаратын аралап көрді. Облыстық бюджет есебінен жөнге кел­тірілген 3 қабатты нысанда Қоғамдық ке­лісім мекемесінің қызметкерлері мен өңір­дегі этномәдени бірлестіктердің кеңселері, 800 орынға арналған көрермен залы бар. Мемлекет басшысына этномә­дени бірлестіктердің өкілдері орындаған «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын музы­калық композиция көрсетілді.
Өңірімізге іссапары кезінде Нұрсұлтан Әбішұлына Шымкенттегі терезе шыға­руға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін Gold Aluminum ЖШС-ның жұ­­мысы таныстырылды. 2014 жылы индус­трия­лан­дыру картасы аясында іске қо­сылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Gold Aluminum брен­дімен профильдер шығаратын кә­сіпорын түрік инвесторларының қа­тысуымен құрылған.
Gold Aluminum ЖШС-ы 2016 жылы 750 тонна алюминий профильдерін шы­ғар­са, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркімен­станға экспортталған. Мемлекет бас­шысы зауыт жұмысшыларымен кездесу кезінде «Жеке өндіріс ашып, импорт­талған тауарлардың орнын басу еліміздің экономикалық дамуының қазіргі ке­зеңіндегі маңызды міндеттердің бірі» деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустрияландыру картасы аясында аймақта бүгінге дейін 159 жоба іске асқанын атап өткен жөн.


Одан соң Елбасы қарқынды бау өсіру және жеміс-жидектерді сақтаумен айна­лысатын Dala-fruit.kz ЖШС-ның жұ­мы­­сы­мен танысты. Онда облыстың әлеу­меттік-экономикалық көрсеткіш­теріне көз жеткізіп, ауылшаруашылық өнім­де­рінің көрмесін тамашалады. Бау-бақша же­містеріне қызыға қараған Ел­басы: «Осы­дан 10-15 жыл бұрын дәл осындай алу­ан түрлі өнімдерді шығарамыз дегенге сен­бейтін едік. Міне, енді мына­дай же­міс-жидекті көріп елімізде ауыл­ ша­руа­шылығы өнімдерінің дамып жатқа­нына көз жеткіздік», – деді.
Мемлекеттік индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы аясында іске қосылған бұл серіктестікте бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, үш жылда олардың қатары 277-ге жеткен. «Агробизнес – 2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары ар­қылы 400 млн теңге көлемінде жеңіл­детілген несие алған қожалық басшылығы бүгінгі таңда қазынаға 607 млн теңге салық, 705 млн теңге жұмысшыларға жалақы төлеп отыр. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбеюіне байланысты серіктестік жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтауды қолға алды. Биыл осы мақсатта ауа температурасын реттеу жүйесі бар 15 мың тонналық жаңа қойма іске қосылды. Серіктестік жылына 8-10 мың тонна алма өсіреді. Компания өз жұмысында бақ өсіру саласындағы әлем­дік үздік тәжірибелерді қолданады.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда интен­сивті бау шаруашылығын қарқынды да­мыту жұмыстары қолға алынғаны бел­гілі. Облыста жалпы жеміс-жидек ал­қапта­рының көлемі 19,5 мың гектарды құраса, оның 2 мың гектары қарқынды бауларға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың гектар жерге қар­қынды бау тәсілімен көшеттер отыр­ғызып, интенсивті баулардың жалпы көлемін 3,5 мың гектарға жеткізу жоспар­лануда.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бау шаруашылығында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен де әңгімелесті. Әңгіме барысында жуырда жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сөз болды. Белгілі жазушы Мар­хабат Байғұт Елбасының мақаласына тоқталды. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қоғамымызда рухани азыққа, рухани үйлесімдерге, сайып келгенде рухани жаңғыруларға деген қажеттілік, талпыныс пен сұраныс қашаннан-ақ қажеттілігін сездіріп тұрған. Зиялы қауым өкілдері руханияттық сілкініс хақындағы бөлекше бір бетбұрысты күтіп жүрген еді. Сіз осы­нау орасан зор қажеттілікті дер кезінде, нағыз пісіп-жетілген шағында пайымдап, ұлттық сананы жаңғырту жөніндегі ұлы бастама ұсынып отырсыз», – деп өз ойын білдірді жазушы. Басқосуда кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серік­жан Сейітжанов та сөз алып, облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға, компа­ниясының тыныс-тіршілігіне тоқталды. Мемлекет басшысы осы кезде өзінің рухани жаңғыру жөніндегі мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын қабылдағанын айта келіп, кәсіпкердің облысқа, туған жеріне сіңіріп отырған еңбегін ерекше атап өтті.
Басқосу барысында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға­сын берді. Сонымен қатар назар аударуы тиіс мәселелерді де атап өтті. Яғни, облыс басшылығына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Сондай-ақ оңтүстік­тің тарихқа тұнып тұрған өңір екені туралы сөз қозғап, әлі де тарихи-мәдени ескерткіштерді дұрыс насихаттай алмай жүргенімізді жеткізді.

Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*